Сұрақ: Ұяттың қанша түрі бар?

Жауап: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «ұят» қасиетін суреттеп, Айша анамызға былай депті: «Ей, Айша! Егер ұят – адам болса, әлбетте, ол – ізгі адам болар еді. Ал, егер арсыздық адам бейнесіне енсе, әлбетте, ол жаман адам болар еді».

Негізінде исламда ұят үш түрлі болып келеді.

Біріншісі, Алладан ұялу.

– Алла қайтарған нәрсесін істесем, Алла мен көреді ғой деп ұялу;

– Алланың бұйырған нәрсесін істемей жатсам, оны Алла біледі ғой деп ұялу. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде былай дейді: «Үмбетімнің ішінде ең мейірімдісі – Әбу Бәкір. Алланың дініндегі ең қатаң мінездісі – Омар. Ал ең ұялшағы – Осман», – деп айтқан (Әһлу сунан).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Пайғамбар (с.ғ.с.) не үшін Меккеден қоныс аударды?

Екіншісі, адамдардан ұялу.

Басқаларға жәбірлік көрсетпейді, адамдардың алдында теріс қылықтарды жасауға ұялады. Қоғамда, халық арасында, ағайын-туыс арасында орындалуы ұят болып қалыптасқан әдептілік нормаларын сақтайды.

Үшіншісі, адамның өз-өзінен ұялуы.

Бұл мінез-құлықтың тазалығын білдіреді. Кім жақсы мінезге ие болса, ұяттың осы дәрежесіне жетеді. Мысалы, бұл хазіреті Османның мәртебесі десек болады. Себебі ол ұяттың барлық мәртебесіне жеткен адам. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Періштелер ұялатын адамнан мен ұялмаймын ба?» – деп сипаттаған.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу