Ақылы мен ісі ұштасқан адам уайым-қайғыны, жамандықты жақсыға айналдырады. Ал әрдайым керітартпа, қорқақ адам жамандықты екі есеге ұлғайтады.
Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар кіндік қаны тамған Мекке қаласынан Мәдинаға шарасыздықтан қуылды. Бұған қарамастан Ол (с.ғ.с.) Мәдинада мұсылмандардың мемлекетін құрып, тарихта елеулі ізін қалдырды.
Сол сияқты Ахмет ибн Ханбал бүкіл мұсылмандардың (мутазилиттерден басқа) ғалымы атана тұра зынданға бірнеше рет тасталды. Жүсіп (а.с.) пайғамбар да бауырларының зұлымдығынан Мысырға құл болып сатылып, 40 жыл бойы туған-туыстарынан жырақта болды. Нәтижесінде, Мысыр патшасының кеңесшісіне айналды.
Әйгілі Әбу Ханифа да діни ғылымның шыңына жете тұра өмірінің соңында зынданға тасталды. Бірақ, бұлардың барлығының артында өшпес өнеге, тарих қалды және олар еш уақытта мұңаймады.
Егер алдыңа жамандық келсе оның жақсы жағын қарауға тырыс. Егер алдыңа лимон шырынын ұсынса, оған шекер қосып іш. Егер алдыңа жылан алып келсе, оның құнды терісін сыпырып алда басқасын таста. Өміріңнің қыртыс тұстарын түзеп, ол жерді құнарландырып, хош иісті жасмин гүлі шығатындай жағдай жаса. Себебі, қасиетті Құранда «Бір жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін» делінген.
Сондықтан қашанда көтеріңкі көңілде, оптимист болып жүру керек. Себебі, ондай адам аспандағы жұлдызға қарап күлімсірейді. Ал, пессимист болса жерге қарап, жатқан топырақтың өзін ауырсынып көңілі түседі. Сол үшін жамандықты басқа қырынан қара. Өйткені, оның тікелей берер жақсы әсері болмайды.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы