ҚМДБ Павлодар облысының өкілдігінің ұйымдастыруымен қала мешітінің имамдары, зиялы қауым, ақсақалдар, ардагерлер, жастар және орта буын өкілдері, облыстық дін істері басқармасының лауазымды қызметшілерінің басын қосты.
Басқосуда ҚМДБ-нан бекітілген «Ас беру мәдениеті» құжаты шеңберінде қазалы үйде қонақасы берудің тәртібі туралы кең көлемде ой бөлісті.
Бүгінгі таңда қазалы үйде қонақасы беру салты қарапайым өмір әдебі тұрғысынан да, шариғи тұрғыдан да шектен шығып, ысырапшылыққа жол беріліп келе жатқаны туралы айтылды. Бұл күні тіптен марқұмның жаназасын шығару, жетісін, қырқын беруден де көп шығын шығатыны, қазалы үйге рухани тұрғыдан ғана емес, қаржылық тұрғыдан да үлкен салмақ түсіретіні туралы көптеген мысал, дәлелдер ашық айтылды.
Осыған орай басқосуға қатысқан алқалы топтың атынан облыс халқына арнайы Үндеу қабылдауға келісті. Жиында Үндеудің жобасы оқылып, оны уақыт ұттырмай көптің талқысына салып, ұсыныстар қабылдауға шешім шығарды.
«Бұл Үндеу арқылы алдағы уақытта марқұмның үйінде қонақасын беру рәсімін бір қалыпқа түсіретін, ысырапты барынша тежейтін, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылданатын болады»-дейді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.