Күндердің күнінде Аббаситтер халифы Һарун Рашид уәзірін алып көше кезіп жүреді. Қаланың сыртына шығып біраз серуендейді. Кенет алдарынан жер қопарып, тал егіп жатқан қарияны кездестіреді. Жұмысқа берілген қарияның әрекетіне таңданып халифа жанына жақындап:
– Ақсақал, мына еккен талдарыңыз әлі жас. Бәлкім сіз олардың жемісін жеп үлгермейтін шығарсыз, – дейді.
– Құрметті әміршім, мына қаладағы жеміс ағаштарын да бізге дейін көптеген кісілер егіп кеткен. Олар да жемісін жеп үлгермеді. Есесіне біз қоректеніп жатырмыз. Ендеше менің еңбегімнің жемісі бізден кейін келетін ұрпақтарға қалса, маған соның өзі жеміс жегенмен тең, – дейді қария. Сол жерде ақсақалдың жауабына таңданған халифа сыйақы ретінде оған бір қоржын алтын береді. Мұны көрген ақсақал:
– Әрбір жеміс ағашы жеміс беру үшін бірнеше жыл уақытты талап етеді. Ал мен мына отырғызған ағашымның жемісін көп күтпей-ақ сізден алып жатырмын, – дейді күлімсіреп. Қарияның сөз тапқырлығына тамсанған халифа оған тағы бір қоржын алтын береді. Ақсақал:
– Әр жеміс ағашы жылына бір рет қана жеміс береді емес пе? Ал мен болсам екі рет алып жатырмын, – дейді. Сол сәтте уәзір халифаға:
– Әміршім, мына жерден тез кетпесек бұл ақсақал барлық қазынаның алтынын алып қоятын түрі бар, – дейді. Сонда Һарун Рашид:
– Бұл кісі гүлден қалай бал алу керектігін жақсы біледі екен. Мен соған тәнті болдым, – деп ақсақалға тағы бір қоржын алтын беріп жолдарымен кеткен екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы