Қоғамда өз құқықтарын қорғаймыз деп шу шығарып қоятын «әлеуметтік азшылық» – ЛГБТ туын соңғы уақытта еліміздің әр жерінен жиі көзіміз шалып жүр. Қазір олардың кірмей жатқан тесігі жоқ десе де болады. Халықтың, әсіресе жас балалардың көзін де, етін де үйрете беру үшін өз насихаттарын мультфильмдерге де қосты, ойыншықтар арқылы да көрсетіп жатыр, TikTok секілді жасөспірімдер көп отыратын желілерді де біртіндеп жаулап келеді.
Енді, міне, қызды-қыздымен діни-рухани орталықтарымыздан бір-ақ шығып отыр. Күні кеше Түркістандағы Ясауи кесенесі жанында кемпірқосақ түсті туын желбіреткен екеу тағы да қоғамның қытығына тиіп, әлеуметтік желілерде осы тақырып кең талқыланып жатыр. Бұл жағдай шын мәнінде көпті ойландырып тастағаны рас. ЛГБТ туын желбіретем десең, елімізде жер көп қой. Тауға шық, сайға түс, жазыққа бар. Ал қазақтың рухани ордасы саналатын Ясауи кесенесіне арнайы барып, арандатардай бастарына не күн туды? Мақсаты не? Бұлай бетімен жіберсең, ертең сол туды мешіттің төбесінде желбіретпесіне кім кепіл?
Осы орайда елімізде ЛГБТ қозғалысы қашан басталғаны жайында тарихқа сәл шегініс жасасақ. КСРО кезінде біржынысты қатынас пен некеге қатаң тыйым салынғанын білеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін де еліміздің Қылмыстық кодексінде «Қызтекелік» деп аталатын 104-бап бар еді. Бұл баптың ғұмыры 1997 жылдың аяғына дейін ғана жетіп, ақыры жаһанданумен ере келген жаңа демократия «құндылықтарының» тегеурініне шыдамай көзден ғайып болды. Яғни сол кезден бастап 16-ға толған адамдардың сексуалды көзқарасына қарамастан өз келісімімен жыныстық жақындасуы қылмыс санатынан шығып қалды. ЛГБТ қозғалысының еркін аяқ алысы осы уақыттан бастап етек алды. Ал 2003 жылы елімізде жыныс ауыстыруға ресми түрде рұқсат берілді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең, құл болып өседі» дейтін әйгілі сөзі бар емес пе? Егер Алаш арысы қазір өмір сүрсе, «Ұлды қызша тәрбиелесең, қыз болып өседі» деген сөзді де қосар ма еді? Өйткені шын мәнінде ұлды қыз қылып тәрбиелейтін, ұл балалар арасындағы «махаббатты» насихаттайтын көрініс көбейіп барады. Өткен жылы еліміздің кинотеатрларында «Базз Лайтер» мултьфильмі қойылатын болып, бірақ қоғамның қарсылығы арқасында тоқтатылып еді ғой. Оның ішінде де біржынысты қатынас және солардың түрлі-түсті туы ашық насихатталған болатын. Бұл шын мәнінде дабыл қағатын мәселе деп ойлаймыз. Өйткені хадистердің бірінде: «Айналаңда дұрыс емес іс жасалып жатқанын көрсең, шамаң жетсе қолыңмен тоқтат, оған шамаң болмаса айтып тоқтат, оған да мүмкіндігің жетпесе, іштей жек көр. Бұл иманның ең әлсізі» деген болатын. Сондықтан қоғамда болып жатқан жағдайларға әрқайсымыз жауаптымыз.
Мақаламыздың басында келтіргендей, ЛГБТ қозғалысының өкілдерін бүгінде «әлеуметтік немесе сексуалды азшылық» деп атап жүр. Заң бойынша кез келген азшылықтың құқығы қорғалуы керек. Ал шын мәнінде олар азшылық деген санатқа жата ма? Біржынысты қатынасты жақтаушылар «Бізді Құдай осылай жаратқан. Сол себепті ұл болып ұлды, қыз болып қызды ұнатуымызға біз кінәлі емеспіз» деп бар «кінәні» Құдайға бұра салатын болды. Ал қасиетті Құранды парақтасақ, тіпті басқа діндердің қасиетті кітаптарын ашып қарасақ та, ол жерде керісінше айтылатынын көреміз. Мәселен, «Ағраф» сүресінде Лұт пайғамбардың өз қауымына «Жер бетінде сендерге дейін ешкім істемеген арсыздықты жасайсыңдар ма?» деген сөзі келеді. Ол қауым арасында еркек пен еркектің «махаббаты» кең тарап кеткен еді. Құранда ақыры тәубеге келмеген соң Құдай оларды жер бетінен тып-типыл қылып жойып жібергені айтылады.
Біз – зайырлы елміз. Халықтың дін ұстануына толықтай еркіндік берілген. Елімізде 3 200-ден астам ғибадатхана (мешіт, шіркеу, синагога) жұмыс істейді. Ол жерге барсаңыз, біржынысты некені «нағыз азғындық», «ауыр күнә» деп айтады. Ал енді біреулер, яғни жақтаушылар оны күнә емес, туабітті ауытқушылық деп есептейді. Осы екінші адамдардың сөзін дұрыс деп қабылдайтын болсақ, оның соңы қандай жағдайларға әкеліп соғатынына көз жүгіртіп көрелік. Бізді алаңдататыны да сол.
«Зинақорлық» деп аталатын күнәнің бар екенін білеміз. Бұрын мұсылман және христиан мемлекеттері дінмен басқарылып тұрған уақытта бұл іс қылмыс саналатын. Ал кейін әлемнің барлық елдері оны қылмыс қатарынан шығарып тастады. Жоғарыда айтылғандай, 16 жасқа толсаң және өз қалауыңмен жасалса болды, ешкімнің сенде шатағы жоқ. «Көзге шөп салу» да бұрын аса ауыр қылмыстар қатарына жататын. Мәселен, алысқа бармай-ақ Тәуке ханның Жеті жарғысын оқып қарасаңыз, ол жерде көзге шөп салуға қатысты арнайы бап бар. Ал қазір көзге шөп түгіл, бөрене салсаң да заңдарымыз оған «түсіністікпен» қарайтын болып алды. Бұрынғы заманда қызтекелік үшін өлім жазасына дейінгі ауыр үкімдер шығарылатын. Ал қазір «өркениетті» әлемнің бәрі оны қылмыс деп атауға ауыздары бармайтын болды. Қасиетті кітаптарда күнә деп саналатын істердің бәрін осылайша жібітіп-жұмсартып келіп, енді қазір соларды даттайтындардан гөрі жақтайтындардың қарасы қалыңдап жатыр. Сонда бүгінде қазақтың дүниетанымына томпақ, тәрбиесіне кереғар келетін ерсі істердің бәрін үйреншікті әдетке айналдырып, азғындықтың белең алуына жол беріп жатыр екенбіз.
Ойланып қарасақ, енді бір ғана нәрсені қылмыс қатарынан шығарып тастау қалған сияқты. Егер осы қарқынмен кете берсек, болашақта кәмелетке толмаған балалардың да жыныстық қол сұғылмаушылығын «бұл да сексуалды бағыттың бірі», «Құдайдың жаратқаны» деп ақтап, оны заңдастыруды қалайтындар шықпай ма деген күдік көңілге ұялайды. Жалпы, осындай үрдістер қазір Батыс әлемінде белең алып келе жатқанын да еске сала кетейік. Мәселен, Канада парламенті 2011 жылы педофилияны қызтекелік секілді сексуалды ориентацияның бір түрі ретінде таныса, АҚШ-та педофилияны заңдастыруды жақтайтын арнайы ұйымдар бар. Олар да «Құдай бізді солай қылып жаратқан. Педофил болғанымыз үшін кінәлі емеспіз» дейді.
Әрине, елімізде бұны естігенде көп адамның төбе шашы тік тұратыны рас. Ал бұрын «қызтекелік» пен «зинақорлық» туралы айтқанда ата-әжелеріміз одан бетер шошитын. Бірақ бүгінгі жаһандану, «заманауи демократия», «азшылықтың құқығын қорғау» деген түсініктер ұят пен арсыздық арасындағы шекараны жойып, етімізді барынша үйретіп, олардың бәрін үйреншікті әдетке айналдырып жіберді емес пе? Бүгінгі болып жатқан жағдайлар, соның ішінде ЛГБТ өкілдерінің басқа жерді қойып, енді қасиетті орындарға барып білгенін істеуі сондай бір заманға алып келе жатқандай көрінеді.
Жоғарыда біз өткен жылғы «Базз Лайтер» мультфильміне қатысты оқиғаны айтып өттік қой. Сол туындының көрсетілуіне тыйым салынғанда біржынысты қатынасты жақтаушылар әдеттегідей: «Бұл заманауи үрдіс. Сендер орта ғасырда қалып қойғансыңдар. Қазіргі заманды түсінбейсіңдер» деп даурыққаны белгілі. Жалпы, бұл адамдар әрқашан өздерін «заманауи», ал өздерімен келіспейтіндерді «артта қалған» деп санайтынын жақсы білеміз. Сол «Базз Лайтер» мультфильміне әлемде алғашқылардың бірі болып Дубайда тыйым салынғанын айта кетейік. Сонда Дубай «артта қалған» болса, біз қай заманда жүрміз?
Мақаламды Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мына хадисімен аяқтағым келіп тұр: «…Қай елде Лұт қауымының күнәсі көбейсе, оларда жер жарылу, тарту оқиғалары көбейеді. Қандай да бір қауым жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюды тастайтын болса, олардың ізгі амалдары қабыл болмайды, дұғалары қабыл етілмейді».
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ