Әсілі, ата-баба рухын құрметтеу – дәстүрлі Ислам негіздеріне қайшы емес. Әлбетте, шегінен асыра дәріптелсе, кез-келген жәйт шариғатқа томпақ. Бабалар рухын да асыра қастер тұтсақ, анимизмге (рухқа табынушылық) жол беруіміз мүмкін. Ал, Құран мен Сүннеттің аясында қадірлесек, оның еш әбестігі жоқ.
Тегінде, ата-баба рухын қастерлеуде көбінесе тәуәссул тақырыбы ортаға шығады. Ал, тәуәссул дегеніміз не? «Тәуәссул» – өз мұратыңа қол жеткізу үшін шариғат құптаған құралды қолдануды айтамыз. Айталық, «Уа Жаратушы Ием! Екі дүниенің сәруәрі болған Мұхаммедтің (с.а.у.) құрметіне менің мына дұғамды қабыл ал!» деп тілек тілеу шариғатқа қайшы емес. Базбір діни топтар тәуәссулді «Аллаға серік қосу» деп қарайды. Алайда, әруақтың (рухтар) құрметіне Ұлы Жаратушыдан мұқтаждығыңды сұраудың Аллаға серік қосумен ешқандай байланысы жоқ. Себебі, тәуәссулда сұралатын нәрсе басқадан емес, тек Алладан сұралады. Яки, сұралған нәрсені орындаушы дәнекер етілген әруақ емес, Хақ Тағаланың жалғыз өзі болмақ. Әрі әруақ (рухтар) дегенде Адам атадан бастап күллі пайғамбарлардың рухы негізге алынады.
Осы тұста ескеретін жәйт, ілгерідегі бабаларымыз тәуәссулдің орнына «сыйыну», «қолдау» сөздерін қолданған. Аллаға жалбарынуда қазір бұл сөздерді қолдансақ, дәстүрлі емес діни танымдағы бауырларымыз үшін ширк жасағандай боламыз. Задында, ниетіміз оң болса, бұл сөздерді қолданбай-ақ, тәуәссул жасауымызға болады. Сондықтан, Хақтан сұрағанда «Пайғамбарымыздың (с.а.у) құрметіне» не болмаса «Пәлен деген Алланың досының құрметіне дұғамды қабыл ете көр» деп жалбарынсақ, құба-құп. Жалпы, ата-баба рухын қастер тұтуда тәуәссул, қабірге зиярат, әруаққа арнап дұға-тілек жасау, садақа беру секілді т.б тақырыптарда шариғат негізінен шықпай, амал ететін болсақ, оның еш сөкеттігі болмайды. Қайта сауабы мол қайырлы амал жасаған боламыз. Демек, мұсылман жұрағаты бұл мәселелерде қырғи-қабақ болмасы үшін дін шырақшылары ағартушылық жұмыстарына көбірек мән бергені жөн.