Әдетте, қарттық келумен бойдан күш-қуат таяды. Көз жанардың да қуаты қашады. Аяқ-қолдан да әл кетеді. Таңертең сау жүріп, кешке маза қаша бастайды. Бұл да – өмірдің заңы. Ең жаманы есін білмей, ақылын жоғалтып алу шығар.
Десе де, қартайса да, бойында қуаты бар қарияларды көреміз. Мұндай жастағы денсаулықтың құпиясы неде? Шафиғи мәзһабының көрнекті ғалымы Әбу Таиб Табари (450 һижра ж.қ.) дүниеден өткен күні ақыл есі бүтін, он екі мүшесі сау еді. Бір күні Әбу Таиб кеме жағаға келіп тоқтағанда қарғып жерге секіріп өтеді. Бұлайша тіпті жігіттердің өзі істей бермейді. Жанындағы шәкірттері:
-Мұныңыз не? Абай болыңыз, – деп жатты. Ғұлама болса:
-Бұл он екі мүшені біз жастық шақта сақтағанбыз, жақсылығын қартайғанда көріп жатырмын,-дейді. Ғалымның айтпағы, бойда албырт күш тасып тұрған жастық шақта күнә атауынан он екі мүшені сақтаса, қарттық келгенде сол қуатты Алла Тағала адамнан алып қоймайды.
Жүзден асып қайтыс болған ғалым Ахмет Асфаһаниден бойындағы қайраттың сырын сұрағанда:
-Жастық шағымда бірде-бір ағзаммен күнә жасап көргенім жоқ, сондықтан қартайған уағымда денсаулығымды Алла Тағала сақтап келеді»,-деген екен.
Расында, темір де тозады. Адам баласы да тозады. Алайда, әрбір нәрсені ұқыптап пайдаланса, ұзақ уақыт тұтынуға болады. Күтіммен қолданған зат жылдар бойы істен шықпайды. Адам баласының да күтімі бар. Ол – құлшылық пен салауатты өмір салты. Әсілі, адам Жаратушысын тану және құлшылық үшін жаратылған. Әнас (р.а.):
«Сендердің ең жақсыларың кім екенін айтайын ба?»,-деді. Адамдар:
-Иә, уа, расул Алла! – десті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – ғұмыры ұзақ болғандары. Егер түзу өмір сүрсе [1]»,-деген екен. Әдемі қартаю деген осы болса керек.
Руслан ҚАМБАР
[1] Хаким