Сұрақ: Марқұмның жаназасы оқылғанға дейін неге Құран бағышталмайды?
Жауап: Әсілі, мына беу дүниеде дәм-тұзы таусылып, мәңгілік сапарға қайтқан мұсылман үшін Құран оқып, оны бағыштау – шариғат құптаған (мұстахап) амалдардың қатарына жатады. Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.ғ.с) өзінің хадис-шарифтерінде: «Ясин (сүре) Құранның жүрегі. Оны кімде-кім оқып, Алладан ақыреттің бақытын тілесе, Алла оны мағфиратпен қауыштырады. Ясинды өлген адамдар үшін де оқыңыз» (Муснад, 5/26) және «Өлген адамның артынан Ясин оқыңыз» (Әбу Дәут, Жанайз: 24)» деп ескерткен. Осы тақылеттес қайтқан адам үшін Ясинмен қатар “Бақара” және “Мүлік” сүресін бағыштауға қатысты хадис-шарифтер де бар.
Сонымен қатар, атақты хадисші ғалым Имам Науаи де өзінің «әл-Мамну» шығармасында: «Өлген адамның артынан бағышталған Құранның сауабы сөзсіз тиеді» деген. Және Ханафи мәзһабының фақиһі Ибн Абидин мен Әл-Айни: «Әһлу сунна мәзһабтары бірауыздан намаз, ораза, зекет, қажылық, зікір және Құран оқып, сауабын қайтыс болған адамның рухына бағыштауға болатынын айтқан» дейді.
Енді, көз жұмып, о дүниелік болған жан үшін Құран қай уақытта оқылу керек деген мәселеге келер болсақ, жәнтәсілім еткен мұсылманды арулап жумайынша қасында тұрып Құран оқу – мәкрұһ, сондай-ақ, мәйіттің беті жабулы болса, оған іштей Құран оқу рұқсат деген пәтуалар да бар. Алайда, басқа бөлмеде немесе басқа жерде Құран оқу әбес саналмайды (Ибн Абидин, Рәддул-Мухтар).
Расында, Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы ғұламалары өлім халінде жатқан кісі жанында Ясин сүресін оқуды жөн санаған. Ал, қайтыс болған кісі жуылғанға дейін жанында Құран оқуды «Әт-Тәбиин» кітабында макрұһ деп көрсеткен. Жалпы, шариғаттағы жерлеу салты бойынша қайтқан адамды қабірге қойып болған соң Құран оқып, дұға жасау – мұстахап болып есептеледі.
Мұхан ИСАХАН
Бұрын бағыштайтын еді. Қазір тек дұға етіп қоя салатын болыптығой.
Шариғат жолымен жүру керек. Көп адамдарға пайдалы мақала.