Бүгін – Халықаралық қарттар күні. 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қазан айының 1-ін Халықаралық қарттар күні етіп бекіткен еді. Ал оған дейін Еуропада, кейін Америка құрлығында қарттар күнін атап өткен.
Баласына «Қарты бар үйдің – құты бар» деп жасынан үлкенге құрмет көрсетуді үйрететін қазақ халқы да қарттардың көңіліне бей-жай қарамаған. Қазақстан Республикасының Конституциясының өзінде қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтарын сақтау, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандырылу, денсаулығын сақтау, білікті, оның ішінде ақысыз құқықтық көмек алу құқығы кепілдендірілген.
Қарияларды Құдай да құрметтейді
Ислам дінінде де қарияларға құрмет көрсету, үлкенді сыйлау мұсылман үмбетіне міндеттелген. Екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадистерінің бірінде:
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» – дейді.
Мұсылмандарға ата-әжесі мен ата-анасын сыйлау қалай міндеттелген болса, үйден жырақ жүрген уақытта жолыққан үлкендерге солай мейірім танытуы тиіс. Себебі, «Рақым етпеген, рақым етілмейді» деп хадисте айтылғандай, өзгеге мейірім танытпағанға, Алла Тағаланың мейірім танытуы екіталай.
Оқи отырыңыз: Қарттар үйі «қарашаңыраққа» айналып бара жатыр
Бұдан бөлек, құдси хадистердің бірінде Алла Тағаланың жасы ұлғайған, шашы ағарған, не күнәға, не сауапты амал жасауға шамасы жоқ қарт кісінің бұрынғы қателіктерін кешірмеуге ұялатыны айтылған. Демек, Құдайдың өзі құрметке бөлеп қойған қарияларды біздің қадірлеп, қастерлемеуімізге не кедергі?
Қарияларды қалай құрметтейміз?
Қарияларды құрметтеуді екі топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі – көз алдымызда жүрген қариялар болса, екіншісі – бақилық болған үлкендеріміз.
Алдымен, пәнимен қош айтысқан қарияларды құрметтеуге келейік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Адам баласы жан тапсыра салысымен барлы амалдары тоқтайды. Тек артына қалдырған жария садақасы, ғалым болса еңбегі және ізгі ұрпағының дұғасынан болған сауап қабіріне үзбей жетіп тұрады» – деген.
Яғни, ата-әжеміз, ата-анамыз, болмаса, ағайын-тума, дос-жаран, көрші-қолаңның үйіндегі қариялар бақилық болса, олардың жақсы істерін еске алып, соңынан дұға бағыштап отырған – абзал. Сондай-ақ, пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткендей, қарияларымыз қайтыс болса олардың тірі күнінде сыйласқан достарымен қарым-қатынасыты үзбей, оларға ең болмағанда сәлем беріп, жағдай сұрасып тұру керек. Мұны дана бабаларымыз «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деп бір-ауыз сөзбен қайырған.
Ал өзімізбен тең ауа жұтып, ризық-несібесін теріп жүрген қарияларды сыйлауға келсек, ең алдымен олардың көңілін табу аса маңызды. Алла Тағала Қасиетті Құранда Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-ананы сыйлауды бұйыра келіп, екеуіне «туһ» деп те айтпауды және олар үшін ізгі дұғада болуды міндеттейді («Исра» сүресінің 22, 23-аяттары).
«Лұқман» сүресінде де: «Маған және ата-анаңа шүкір ет!» – деп бұйырады.
Қазақта «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар. Бұл – қазіргі кезде қит етсе ата-анасын «қарттар үйіне» жіберуді қалап тұратын адамдардың телефонына жазып қоятын сөз. Ақыл-есі дұрыс адам ата-анасының қабағына қарап қарекет қылмақ. Себебі, «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, қаһары – ата-ананың ашуында».
Күнделікті күйбең тірлік, одан қалса қазіргі кезде телефонға жабысып алмай, ата-анамен шүйіркелесіп, олардың көңілін көтеріп, аяқ-қолын уқалап, жылы-жұмсағын, тәттісін ұсынса және екеуі үшін Алладан үнемі дұға тілесе, бұдан асқан құрмет болуы мүмкін бе?
Енді түзде кездесетін қариялар жайында айтайық. Күнделікті өмірде егде тартқан кісіні көрсек, қоғамдық көлікте орын беріп, көшеде жүргенде алдын кеспей, танымасақ та бетіне қарап күлімсіреп, сәлем беріп, батасын алу – қарияға және өзіңнің ата-анаңа әрі өзіңе жасаған жақсылығың болмақ. Өйткені, өзің басқалармен қандай мәміледе болсаң, өзгелер де сенімен, сенің жақындарыңмен сондай қарым-қатынаста болмақ. Бүгін сенің жақсылығың бір қарияға өтсе, ертең басқа бір замандасың сенің ата-анаңа ілтипат көрсетіп жатуы мүмкін.
Ал ақын Қалқаман Сариннің:
Күлерсің кейін көзіңе жас ап,
Көңілің босап жыларсың.
Жақсылықты осы өзіңе жасап
Жүргеніңді іштей ұғарсың! – деген өлең жолдарынан жақсылық атаулының сыйы тек жақсылық екенін аңғаруға болады.
Ендеше, «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген аталы сөзді жадымызда ұстап, үлкендерге құрмет көрсетуде, жақсылық жасауда табандылық танытып, жарысайық!