ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен шілде айында Діни басқарма жанынан «Уақып» қайырымдылық қоры ашылған болатын. Қордың мақсаты – ауыл имамдарына жалақы беру, діни ағарту ісін жандандыру сынды іс-шараларға жүйелі түрде қаржылай көмек көрсету.
Одан бөлек «Уақып» қоры алдағы уақытта әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, діни ағартушылық саладағы іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру секілді қызметтерді жолға қоймақ. «Уақып» қорының қызметі мен алдағы жоспарлары жайында білу үшін қор президенті Ардақ Оразбаймен сұхбаттастық.
– Әңгімемізді «уақып» терминінің мағынасы және міндетінен бастасақ. Уақыптың шариғаттағы мәні қандай?
– Ислам діні, жалпы шариғатымыз жақсылық жасауға бұйыра отырып, адам баласын екі дүниеде де бақытты болуға жол сілтейді. Соның бірі – уақып. Адамның өзінің меншігіндегі мүлікті елдің игілігіне пайдалануға беруін уақып деп атайды. Тура мағынасы – «ұстау», шариғаттағы мәні – өзіне тиесілі бір мүлікті Алла разылығы үшін халықтың игілігіне жарату арқылы мол жақсылыққа, сарқылмас сауапқа кенелу.
Құран Кәрімде уақып жайлы нақты бұйрық аят келмегенімен, соны меңзейтін, уақып жасауға шақыратын, Алла жолында мал сарып қылу турасында келген аяттар бар. Мәселен «Бақара» сүресінің 267-аятында Алла Тағала:«Уа, иман келтіргендер! Тапқан табыс пен өндірген өнімдеріңнің және сендер үшін жерден шығарған өнімдеріміздің жақсы әрі адалынан садақа беріңдер» деп бұйырса,«Әли-Имран» сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» дейді.
Адамзаттың асылы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аты мәшһүр сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар жорығынан олжалаған жері бар екенін, өмірінде одан асқан байлыққа қол жеткізбегенін айтып, одан не істеу керектігі жөнінде ақыл сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң, ол жерді уақып ет те, одан түскен пайданы садақа етіп отыр» деп кеңес береді. Уақыптың іс жүзіндегі ең алғашқы амалы осылай орындалған екен.
Жәбір атты сахаба: «Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған» деген. Осылайша уақып бізге дейін жетті. Бізде уақып деп аталмаса да, мұндай садақа түрінің көріністері жетерлік.
– Уақыптың жария садақадан айырмашылығы бар ма? Оның шариғаттағы үкімі мен мақсаты қандай?
– Әрине, уақып пен садақа жария бір-біріне өте ұқсайды. Шариғаттағы үкімі – сүннет. Хадисте келгендей, мұсылман баласы дүниеден өткеннен кейін барлық амалы тоқтап, тек үш түрлі игі ісінің сауабы тоқтаусыз барып тұрады.
Біріншісі, дүниеде ел игілігіне жарайтын мешіт, медресе, құдық, мектеп, бау-бақша, аурухана секілді бір нысан салуы.
Екіншісі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын білім, кітап жазып қалдыруы.
Үшіншісі, ізгі, салиқалы ұрпағының дұғасы.
Бұларды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «садақа жария» деп атады. Әрине бұдан да басқа түрлері бар. Осының ішінде бірінші аталған ел игілігіне жарайтын ғимарат салу немесе қандай да табыс көзі бар кәсібін табыстау, оны пайдалануға беру уақыпқа толықтай келеді. Тек жария садақада мұсылман мешіт немесе медресені салып берсе, уақыпта «мен уақып қылдым», бұл енді сатылмайды, сыйға тартылмайды, мұраға кірмейді деп ниеттеніп, бір өкілге табыстайды. Пайғамбарымыздың заманында ардақты сахабалар уақыпты Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолына тапсыратын. Қазіргі кезде бұл міндетті мұсылман мемлекеттерінде уақып қорлары атқарып отыр. Уақып амалының негізгі мақсаты – мұсылмандардың жағдайын жақсарту, Ислам дінінің өркендеуіне үлес қосу.
– Қайырымдылықтың бірнеше түрі барын білеміз, соның ішінде уақыптың қандай ерекшелігі бар?
– Уақып үзілмейтін сауапқа кенелтуімен ерекшеленеді. Мәселен, мұқтаж адамдарға азық-түлік берсең, жеп тауысады, киім берсең, киіп тоздырады, сонымен оның сауабы да тоқтайды. Ал уақып өміршеңдігімен құнды. Яғни сіздің бір алма бағыңыз бар делік, сіз соны уақып еттіңіз. Біреулер алма ағашы да қияметке дейін қурап қалады деуі мүмкін. Бірақ мынаны естен шығармау керек: сіз сол алма бағынан түскен пайданың бір бөлігін қайырымдылыққа, қалған бөлігін бау-бақшаны кеңейтуге немесе басқасын салуға жұмсайсыз. Сөйтіп бір уақыпқа жұмсаған қаржыңыз қияметке дейін айналымда болып, сауабы сарқылмай иесіне барып тұрады.
Уақыптың зекеттен де айырмашылығы бар. Зекет – парыз, ал уақып – парыз емес, сүннет амал. Зекетте нисап мөлшері бар. Мұсылманның дүние-мүлкі нисап мөлшеріне толған болса, қырық қойдан бір қой немесе жиналған қаржысының 2,5 пайызын зекет ретінде беруі тиіс. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ.
Үшіншіден, зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек. Ал уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, он жетіге жеткізіп, оның жетеуін садақаға беруге болады.
Осы орайда Ислам мұсылманның дүние-ақыретінің бәрін қамтыған дін екенін байқаймыз. Зекет арқылы істей алмағанды уақып арқылы істей аласыз. Уақып арқылы атқара алмаған шаруаны садақамен атқаруға болады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек: уақып – бизнес көзі емес. Демеке «Уақып» қоры кәсібін дөңгелететін бизнес орталығы емес. Бар мақсаты – осы арқылы Ислам дінінің өркендеп, кең етек алуына ықпал ету. Өскелең ұрпақтың келешегінің имандылықпен қалануына үлес қосу. Мұсылман жұртына қарайласу. Кемел қоғам құруға ұмтылу үшін бірлескен түрде іс қылу.
– Уақыпқа берілген дүние мүлікті кімдер пайдалана алады?
– Басқа қайырымдылық амалдары секілді уақып етілген мүлікті немесе одан түскен қаржыны мұқтаж жандар пайдалана алады немесе сол санаттағы адамдарға таратылуы тиіс. Мешіт, медресе, шәкірт тәрбиелеу, білім тарату, студенттердің стипендиясы, кітаптар басып шығару, сатып алу, кәсіп, өнер үйретуге жұмсауға болады. Адамдарға пайда беретін кез келген істі уақып арқылы жүргізуге болады. Алайда Ислам дініне және оның үкімдеріне қайшы келетін істерге уақыпты немесе одан түскен қаржыны пайдалануға болмайды.
– Дін Исламда «Уақыптың үкімі шариғаттың үкімімен тең» деген қағида бар. Мұны қалай түсінуге болады?
– Бір мүлкін уақып етіп жатқан мұсылман «осыдан түскен қаржы тек Құран жаттап жатқан қариларға берілсін» деп айтса, сол шариғаттағы үкім секілді орындалуы міндет болады. Яғни оның қаржысы уақып еткен адам кімдерге берілсін дейді, сол уақып еткен мүлік жарамсыз болғанға дейін үкімі өзгермейді. Яғни аталған қаржы немесе пайдалануға берілген заттан түскен пайда мақсатты түрде жұмсалады.
– Өзіңіз басқаратын «Уақып» қоры жайлы айтсаңыз. Қор жұмысы қалай атқарылып жатыр?
– Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Уақып» қорын жүргізу ісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына толықтай берілді. Болашақта өзге мұсылман мемлекеттеріндегідей жұмысы қарқынды жүру үшін қордың насихат жұмыстарымен айналысып, жаңа жоспарлар мен жобаларды қарастырып жатырмыз. Бұл – халықтық қор. Сондықтан ел болып бірге, жұмыла жасауымыз керек. Себебі уақыптың өзінің айналымында ешқандай қаржы иә мүлкі жоқ. Қаржы мен мүлкі, Алладан үміт еткен, мәңгілік бақытын көздеген, ұрпағы мен діннің, елдің болашағының жарқын болғанын қалаған жандардың әуелі ниеті, сосын қолдауымен құрылады.
– Уақып етушінің амалын қалай жүзеге асырасыздар?
– Шариғат қалай талап етсе, солай жүзеге асырамыз. Қордың өз жарғысы бар. Тұжырымдамасы мен даму стратегиясы әзірленіп жатыр. Уақып етілген зат толығымен қорғалады. Сондай-ақ иесі өзінің садақасынан толық хабардар болып отырады. Ол үшін арнайы платформа әзірленіп жатыр. Тұжырымдама осының бәрін нақты бекітеді.
Мәселен, біреу жерін, енді біреу үлкен ғимаратты, көлікті уақып етуі мүмкін. Сол мүлік қызметке пайдаланылып, одан түскен қаражат уақып етуішінің айтқан мақсатына ғана жұмсалады. Ең бастысы – адамның ниеті. Алладан ниет еткенін алады. Алла уақып ісіне жар болсын!
– Алдағы уақытта қандай ірі жобаларды қолға алмақсыздар?
– Ойға алған ірі жобаның бірі ретінде мектеп салуды айтар едім. Болашақта еліміздің түкпір-түкпірінен «Уақып» қорына қарасты мектептер ашып, сапалы, мұсылман кадрлар өсіріп шығарсақ деген арман-мақсатымыз бар. Мұсылман кадр дегенді имам, молдалар деп түсінбеу керек. Қоғамдағы кез келген түйткілді мәселені маман (кадр) шешеді.
Ислам дінінің көздеген мақсаты – мүлтіксіз қоғам құру. Қазіргі таңда қоғамда алаңдаушылық пен көңілтолмаушылық көріністері басым болып тұр. Адам өзін өзгертпейінше, ештеңе өзгермейді, қоғам дұрысталмайды. Оны өзгертуге, жақсартуға біз талпыныс етуіміз керек. Яғни, елін, жерін, тілін сүйетін, ұлттық рухы асқақ ұл-қыздарды тәрбиелеуіміз керек. Қоғамды өзгертетін солар. Елді де сақтайтын солар. Сіздің жүрек қалауыңызды орындайтын да осылар.
Адамның ұрпағынан артық алаңдар несі бар? Біз ұрпағымызға қандай білім мен тәрбие беріп жатырмыз? Ел мен жерді кімге аманаттаймыз? Осыны жақсылап ойлану керек. Сол үшін бізге бірігіп мектеп ашу қажет. Бізге дарынды, жалынды балалар түлеп ұшатын мектеп керек. Осындай мектептерімізден иманды ғана емес, білімді, өнерлі, спортқа да икемді, салауатты ұрпақ тәрбиелеп шықсақ несі айып?!
Қазіргі уақытта қордың есепшоты Kaspi қосымшасының «Қайырымдылық» санатына енгізілді. Халыққа ыңғайлы QR түрі де әзірленуде. Қорға қаражат уақып ету шариғат талаптарына сай атқарылады. Яғни мешіт салуға арналған қаражат бөлек, мектеп салуға арналған қаражат бөлек жиналады. Бізде мешіт салу үрдісі жақсы дамыған. Мешіт салып, уақып етіп жатқан жомарт жандар аз емес. Оларға Алланың нұры жаусын! Адамның жасаған уақыбы әуелі өзіне, кейін өзгеге сауап болып тиеді. Сарқылмайтын сауабы бар уақып жұмысын бірге биіктетіп, өркендетуіміз керек.
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ