Сұрақ: Арапа күнінің шығу тарихы туралы не айтасыз?
Жауап: «Арапа» араб тілінде «білу», «тану», «тәубеге келу», «қош иіс» деген мағыналарды білдіреді. Ислам тарихшылары мұсылман үмбеті үшін діни атаулы күн болып саналатын «Арапа күнінің» пайда болуына мынадай оқиғалардың ықпалы болды деп есептейді.
Біріншіден, Әзіреті Адам ата мен Хауа анамыз жұмақтан қуылып, жер бетіне сынақ үшін жіберілгенде, олар алғаш рет Арафат тауында кездеседі. Адам ата мен Хауа анамыздың жер бетінде бір-бірімен қауышқан күндері арапа (Құрбан айттан бір күн бұрын) күні екен. Арафат тауында кездескендіктен, бұл «арапа» деп аталған көрінеді.
Екіншіден, Жебірейіл періште әзіреті Адам пайғамбарға қажылықты қалай жасау керектігін түсіндіріп: «Енді үйреніп болдың ба?» дегенде, Адам ата: «Иә, үйреніп болдым» деп жауап береді. Жебірейіл періштенің әзіреті Адамға қажылықты қалай жасау керектігін үйреткен жері Арафат тауы, ал ол мезгіл – арапа күні екен. Осыған байланысты, бұл мерзім – арапа күні деп белгіленеді.
Үшіншіден, әзіреті Ибрахим пайғамбар ұлы Исмайыл мен жұбайы Ажарды Меккеге қалдырып, өзі Шамға қоныс аударады. Ибрахим пайғамбар Шамда ұзақ уақыт тұрғандықтан, ол баласы мен жұбайын біршама уақыт көрмейді. Соңында олар Арафат тауында жүздеседі. Олардың бір-бірімен қауышқан уақыты арапа күні екен. Арафат тауында жүздескендіктен, бұл күнді арапа деп атайды.
Төртіншіден, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Мәйда» сүресінің 3-аятында: «Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» деген аяты Алла Елшісіне (с.ғ.с.) арапа күні нәзіл етілген.
Осы аяттың түсу құрметіне һәм Алла Елшісінің (с.ғ.с.) арапа күнінің артықшылықтары туралы айтқан хадистерін негізге алған мұсылман үмбеті арапа күнін діни атаулы күн ретінде ардақтайды. Мысалы, әзіреті Омар (р.а) бір яһудимен сұқбаттасқанда: «Біз үшін бұл күн – мереке күні» деп, арапаның мұсылмандар үшін діни атаулы күн екенін ескерткен еді.
Мұхан ИСАХАН