Дана халқымыз «Ақылың болса, ақылға ер, ақылың болмаса нақылға ер» деп, өз бойыңда туа біткен ақылың болмаса, өзгенің айтқан ақылын тыңдау керектігін ескерткен. Өйткені ақылды адам қашан да болашағын алдын ала ойлап, соның дұрыс жолын таңдап отырады. Ал ақылсыз ақымақ адамға қатысты «Ақылсыз жігіт – ауыздықсыз ат» деп бір-ақ ауыз сөзбен тұшымды ой айтқан.
Сонымен бірге «ақыл» сөзіне қатысты көптеген мақал-мәтелдерді мысалға келтіруге болады. Айталық, «Ханда қырық кісінің ақылы бар»; «Ақыл – тозбас тон, білім – таусылмас кен»; «Ақылды арын қорғайды, надан қолда барын қорғайды»; «Жақсының айтқан ақылы – алуа, шекер, балмен тең» және т.б.
«Ақыл» сөзіне қатысты ескертулер Кұран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде бірнеше рет қайталанып келген. Хадисте былай дейді: «Адамды адам қылған ақылы, ақылы жоқтың діні де жоқ».
Тағы бір хадисте: «Алланың ең әуелі жаратқан нәрсесі – ақыл».
Ибн Масғуд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алла Тағала ақылды жаратқан кезде оған: «Кел!» деді, ол да келді»,делінген. Ақыл сөзінің қайталанып берілуі адам баласын ақылға келуге шақырады.
Марат ӘШІМХАНОВ,
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Жаңақұрылыс ауылдық «Айқым ата» мешітінің наиб имамы