Әмәуи халифасы Сүлеймен бин Әбдімәлік Әбу Хазиммен кездескенде бірнеше сұрақтар сұраған екен:
– Ей, Әбу Хазим! Алланың құлдары арасында ең жақсылары қайсы?-деп сұрайды. Сонда ғалым;
– Мейірімді, жомарт, қарапайым, өзгелерге қызмет етіп ғибрат ала білген ақылды адамдар, деді.
– Қандай амал абзал?
– Харамдардан аулақ бола отырып, парыз амалдарды шынайылықпен орындайтындар.
– Қандай дұға тез қабыл болады?
– Өзіне жақсылық жасаған адамның жақсылық иесіне берген батасы.
– Ал қандай садақа абзал?
– Шектен тыс мұқтаж кедейге аз болса да, малынан шамасына қарай міндетсімей берген садақа.
– Қай сөз әділ?
– Өзінен қорыққан немесе бір нәрсе күткен адамыңа хақ пен ақиқатты баяндауың.
– Ең ақылды мүмин кім?
– Аллаға тақуалықпен мойынсұнған және бұл туралы адамдарға жетекшілік еткен адам. (Себебі Алла Тағала біздің тақуалықпен қоғамға жетекші болуымызды қалайды).
– Ең ақымақ адам кім?
– Ахіретті ұмытып, дүниеге берілген адам. Мысалы, бауыры не досы теріс жолда болса да, оның арман-қалауына еріп, өзгенің дүниесі үшін өзінің ахіретін құрдымға жіберген кісі, деген екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ