«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күніна орай бірқатар іс-шаралар өтті.
Жамағат арасындағы татулық пен бірлікті, бауырмалдықты, отансүйгіштікті арттыру мақсатында қазақша күрес, арқан тарту, қол күрес, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, от ойы озық болған жеңімпаздарды облыстың бас имамы марапаттады. Ұлттық мерекені ұлықтау мақсатында мешіт ауласында 2 киіз үй тігіліп, онда көрме ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдардан қайырымдылық жәрмеңкесі де болды.
Киіз үйде арнайы мерекелік дастархан жайылып, қала тұрғындары мен мешіт жамағаты дәм татса, ауылдың алты ауызы атанған өнерпаздар терме орындап, ақ жаулықты әжелер мен ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері ақ батасын берді. «Бала біздің болашағымыз» деген қағиданы ұстанған дін мамандары балаларға батут орнатып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазағымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүрде мерекелік шарада жалғасын тауып, облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев және еріктілер шырша, қарағай т.с.с түрлі 100 түп талды екті.
Игі шара қортындысында ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысындағы өкілдігі көп балалы, аз қамтылған, әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі 100 отбасыға 4 тонна 200 кг азық-түлік үлестірілді. Облыстың бас имамы ұлттық мереке күніне арналған шаралар туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Айта кетейік, аталған шара қала, аудан, ауыл мешіттерінде де жалғасын тапты.