Бүгін Ақтау қаласында «Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар» атты форум өтті.
“Отпан” ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы ұйымдастырған іс-шараға шахар басшысы Нұрдәулет Қилыбай, “Qazaqstan Team” республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі, кәсіпкер. ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сүлейменов Олжас Серікбайұлы, Философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Кеңшілік Тышханұлы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Аят Сүгірбай қатысып, маңғыстаулық жастарға тәжірибелерімен бөлісіп, өздерінің жүрекжарды сөздері мен келелі ойларын арнады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Жастар – Қазақстанның мәдени имиджі, тәуелсіздік құндылықтарын, біздің ерекше күшімізді бейнелейтін, халықаралық аренада біздің еліміздің атынан қатысатын рухани елшілер. Мұндай азаматтарға қамқорлық жасау – мемлекеттің міндеті», – деген сөзін тілге тиек еткен қала әкімі Нұрдәулет Игілікұлы өңір жастарының бойынан қазақтың тарихына деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген патриоттық сезімдерін байқайтынын айтты.
– Біздің өңір – қазақылықтың қаймағын бұзбай, салт-дәстүрді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан бірден-бір өңір. Біз дәстүрімізбен, мәдениетімізбен мақтанамыз және құндылықтарымызды жаңғырту үшін тер төгіп келеміз. Және бір қуантарлығы, өзіміздің жастардан да елге, жерге, тарихымызға, мәдениетімізге деген ерекше махаббатты, патриотизмді байқаймыз. Бұл болашаққа деген сенімділік береді, – деді ол.
Іс-шараға қатысқан қонақтар – 2006 жылы республика бойынша ең жас кәсіпкер атанған Олжас Сүлейменов, дінтанушы Кеңшілік Тышханұлы және мәслихат депутаты Аят Сүгірбай да жергілікті жастарға жалынды сөздерін арнап, ел болашағы үшін еңбек ете беруге шақырды. Сонымен қатар, форум барысында діни теріс ағым мәселесі де қозғалды. Кеңшілік Тышханұлы деструктивті ағымдар өздерінің нысанасына ең алдымен жастарды алатынын айтып, олардың қармағына түспеу үшін діни сауатты болудың маңызын жеткізді.
Іс-шара соңында форумға қатысушы қонақтар мен жастар бірге суретке түсті.