Кеңестік идеология діни құндылықтарымыз бен тарихымызды талқандап, жадымыздан өшіргісі келгенімен, халықтың рухани иммунитетінің арқасында ол мақсатына жете алған жоқ. Дегенмен жаппай құдайсыз қоғамға айналмасақ та, дінге қатысты тарихымыздың бір бөлігі әлі күнге бүгінгі ұрпаққа белгісіз күйде қалып тұр. Ашылмаған сырлар, айтылмаған деректер көп.
Шынтуайтында, Арқа жұрты ықылым заманнан ата дінін берік ұстанған. Оған тарихи фактілер дәлел. Қазіргі күні Астана қаласындағы Республика және Абай даңғылдарының қиылысында көне мешіттің тастан соғылған қоршауы тұр. Ал ол жерде болған мешіттің өзі ескі суреттерде сақталған. «Жасыл мешіт» деп аталған бұл құлшылық үйін көп адам Ақмолада жұмыс істеген алғашқы әрі жалғыз мешіт деп ойлауы мүмкін. Бірақ өлкетанушы Дмитрий Глухихтің айтуынша, қаламызда одан бұрын да құлшылық үйлері болған.
Астана қаласының әргі тарихы орта ғасырдағы Бозоқ дәуірінен басталатыны белгілі. 1830 жылы көне қалашық маңынан Ақмола бекінісі тұрғызылып, 1862 жылы қала мәртебесі берілген. Ал 1900 жылы 8 758 адам тұратын осы шағын шахарда екі мешіт, екі православ шіркеуі және бір синагога жұмыс істеп тұрған болатын.
1832 жылдың 22 тамыз күні Ақмола округі құрылып, оның аға сұлтаны ретінде Тәуке ханның шөпшегі, Семеке ханның шөбересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы сайланады. Аға сұлтан, болыс сұлтандары, старшиналар, алқабилер, билер сол кездегі бекітілген ережеге сәйкес Құранға қолдарын қойып ант қабылдайды. Жаңа округтің құрылуына орай өткен іс-шарада православ және ислам діндері дәстүрімен дұға оқылып, бата жасалған.
– Алғашқы кезде қалада ресми түрде тағайындалған мұсылмандық діни лауазымды тұлғалар болған жоқ. Дегенмен Ақмола бекінісінің негізін қалаушылар құрамында Петропавл болысының Мамлют ауылында туған (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка қаласы) ұлты татар Сағит молда Усманов та бар еді. Ол округтің құрылуына орай өткен іс-шарада Құраннан аят оқып, батасын берген тұңғыш дін қызметкері болды. 1835 жылы Сағит Усманов Ақмоланың тұңғыш молдасы ретінде ресми түрде тағайындалды. Өңір тарихында өзіндік ізін қалдырған аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы алғашқы дін мамандарын материалдық жағынан қамтамасыз етуді толықтай өз мойнына алған, – дейді Дмитрий Глухих.
Бекініс аумағында мұсылмандық құлшылық үйлерінің ішінен алғаш салынғаны – жәми (соборлық) мешіт еді. 1838-1842 жылдары Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының қаражатына ағаштан тұрғызылған ғибадатхана қазіргі Иманов және Әуезов көшелерінің қиылысында орналасты. Сол кезде пайда болған Иманов көшесі бастапқыда «Мешіт көшесі» (Мечетная) деп аталған.
– Қалаға келген сауда керуендері міндетті түрде осы жерге тоқтайтын. Мереке күндерін алыс-жақын ауылдардан жиналған тұрғындар мешіттің айналасында атап өтетін. Деректерге сүйенсек, құлшылық үйінің іргетасын қалау кезінде Бұхарадан келген құрылысшылар кейбір кірпіштерге қасиетті аяттарды жазып отырған, – дейді Д.Глухих.
Бүгінде Қоңырқұлжа салдырған осы құлшылық үйі Ақмоладағы алғашқы мешіт ретінде белгілі. Алайда өлкетанушы Дмитрий Глухих одан бұрын қала орнында Семеке ханның 1723 жылы салдырған мешіті болғандығы туралы тың деректі келтіреді. Алайда бұл нақты жазба жылнамаларда сақталмаған, тек көнекөздердің айтуы бойынша ауызба-ауыз жеткен мәлімет. Сондықтан да 1830 жылы Ақмола бекінісі салынған уақытта ол мешіттің орны да жоқ еді. Өйткені бұл маңайда тұрақты елді мекен, яғни мешітке келуші жамағат болмағандықтан және оны тұрғызған құрылыс материалдарының осалдығынан құлшылық үйінің ғұмыры көпке созылмаса керек. Бұл арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Семеке хан мешітінің орнын және ол жайында жаңа мәліметтер табылып жатса, бұл халқымыздың рухани тарихына қосылған үлкен мұра болар еді.
Ал Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының жәми мешітін кірпіштен қаланған берік іргетастың үстіне ағаштан тұрғызған. Біртіндеп мешіттің айналасына саудагерлер, ұсталар шоғырланып, бұл жер қаланың тіршілігі қызған орталығына айналып шыға келеді. Мешіттің алғашқы молдасы Бурабай Сейітовке Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен ағайынды Ноғаевтардың жанынан, шамамен қазіргі Желтоқсан көшесінің бас жағынан арнайы үй де беріледі.
Өлкетанушы жәми мешіттің жанынан мұсылман балаларына арналған алғашқы мектеп ашылғандығын айтады. Ол жерде Қарабек молда Байбеков сабақ берген. Балалар бұл мектепте оқу мен жазуды және Құран оқуды үйренді. Өкініштісі, мешіт 1920 жылғы алапат өрт кезінде түгелдей жанып кетіп, кейін жамағаттың садақасы және негізінен ағайынды Қосшығұловтардың қайырымдылық көмегі есебінен орнына күйдірілген қызыл кірпіштен жаңа құлшылық үйі салынады. Сәулеті келіскен сәнді мешіт қаланың көрікті жерлерінің біріне айналады. Бұл ғибадатхананы Ақмоланың ескі суреттерінен көруге болады.
Сөзіміздің басында айтып өткен «Жасыл мешіт» – Қоңырқұлжаның мешітінен кейін қалада тұрғызылған екінші мұсылмандық ғибадат үйі. Халық арасында «Татар мешіті» деп те аталған. Себебі ол татар көпесі Нүркей Забировтің қаражатына тұрғызылған еді, ал «жасыл» деп аталуы – шатырының жасыл түсті болуынан.
Орайы келгенде айта кетсек, ХІХ ғасырда мешіттер жанындағы бастауыш мектептерден бөлек, қазақ және татар жастарының білім алуы үшін училище типіндегі мұсылман мектебі де ашылған болатын. Ол 1907 жылы көпес Баймұхамет Қосшығұловтың қаражатына тастан тұрғызылды. Бұл ғимарат әлі күнге Абай даңғылы мен Мәмбетов көшесінің қиылысында тұр, бірақ 1997-1998 жылдардағы жөндеу кезінде бет-келбетін қатты өзгертіп жіберген. Өлкетанушы Д.Глухихтің айтуынша, бұл мектепте тек дін емес, зайырлы пәндер де оқытылған. Негізінен Татарстан мен Башқұртстанның қалаларында білім алған мұғалімдер сабақ берген. «Мысалы, бұл жерге Орынбор мұғалімдер семинариясын тәмамдаған Уфа губерниясының белгілі ұстазы Ғалымжан Шәкіржанұлы Құрмашев арнайы шақыртылады. Оның жұбайы, Қарабек молда Байбековтің қызы Әсима да ұстаздық етті. Айта кету керек, кейінгі жылдары Ғ.Құрмашевтың бастамасымен Тайтөбе, Майбалық, Ерейментау ауылдары және Атбасар қаласында қазақ мектептері де ашылған болатын» дейді өлкетанушы.
Ол заманда мұсылман мектебінде тек ұлдар оқитын. ХIХ ғасырдың соңында ғана білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, орыс тілінде білім беретін қыздарға арналған бастауыш мектеп, училище және Мариин қыздар училищесі ашылды. Бұл жаңашылдықтар мұсылман қоғамына да өз әсерін тигізіп, 1910 жылы Құсайын Бегішев, Хумаин Орманов, Құсайын Жүсіпов, Шәкір Латипов, Сүлеймен Абусяров, Кәрім Мақсұтов, Омар Манзаров, Шахимардан Ғайнутдинов, Ағзам Ахтямов секілді жергілікті қайраткерлер Ақмола уездік бастығына «өз жамағатының мектеп жасындағы қыздарына діни-адамгершілік тұрғысында бастауыш білім алу мүмкіндігін беру» үшін қыздарға арналған мектеп ашу ұсынысымен шығады. Білім ордасын салу мен қаржыландыру шығынын олар толықтай өз мойындарына алады.
Бастама Ақмола қалалық думасының 1910 жылғы 5 сәуірдегі талқысына салынып, қолдау тауып, Жасыл мешіттің әкімшілігіне Церковная және Училищная (қазіргі Абай даңғылы мен Отырар көшесі) көшелерінің арасынан екі жер телімі беріледі. Оның құрылысына негізінен Құсайын Бегішев, Нұрмұхамет Забиров және Баймұхамет Қосшығұлов қаражат бөлген. Осылайша, 1913 жылы екі училище есігін айқара ашып, ұлдарға арналған білім ордасына 120, ал қыздар училищесінде 130 шәкірт қабылданады. Көз жауын алатын сәнді бөренеден тұрғызылған екі ғимарат әлі күнге Отырар көшесінің бойында тұр. Үш жылдық училищеде әдебиет, дін ілімі, мұсылман әдебі, тарих, ән айту, сауатты жазу секілді пәндердің бәрі қазақ тілінде жүргізілсе, 1913 жылдың қараша айынан орыс тілі пәні оқытыла бастаған. Айта кетсек, орыс тілі пәнінен әйгілі ақын әрі ағартушы Сәкен Сейфуллин сабақ берді.
Өкінішке қарай, ХХ ғасыр басында большевиктік жүйе күшіне мінгеннен соң қаладағы діни мекемелердің басына қара бұлт үйірілгені белгілі. Осылайша, 1920 жылдан кейін саясат күрт өзгеріп, дін өкілдерін қудалау басталған еді. «Құлшылық үйлерімен қатар, олардың жанындағы мектептер мен медреселер жабылып, оның орнына қаламызда құдайсыздар одағының филиалы ашылды. Кеңес билігі орнаған соң өлкетану музейіне айналған Қоңырқұлжаның мешіті 1930 жылы «Қазпиво» зауытына беріліп, арақ-шарап шығаруға кіріседі. Ғимараттың өзін 70-жылдардың ортасында бұзып тастады. Ал «Жасыл мешіттің» мұнарасы құлатылып, Ақмола пионерлер үйіне айналды. 1961 жылы мешіт ауласының ішінен облыс пен қала басшылығы үшін тұрғын үй салынады. 1962 жылдың соңында мешіт түпкілікті бұзылып, қазіргі Республика даңғылы жағындағы қоршауы алынып тасталды. Тек Абай даңғылы мен оған қарама-қарсы жағындағы тастан соғылған қоршауы, бағандары, темірден жасалған торлары әлі күнге дейін тұр», дейді Дмитрий Глухих.
1943 жылы жергілікті діндарлар облыстық партия комитетіне жауды жеңу, майдандағы елді қорғап жатқан жауынгерлерге дұға жасау үшін құлшылық үйлерін қайтадан ашуға өтініш жасап, рұқсат алады. Артынша православтарға Константин-Елена шіркеуін ашуға, мұсылмандарға бұрынғы Омбы және Қарағанды көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйді мешітке айналдыруға рұқсат беріледі (ол қазіргі Ғылмани мешітінің жанындағы ескі үй). Бұл ғибадатхана тәуелсіздік алғаннан кейін Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті ашылғанша ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ