Күндегі әдетім бойынша жұмыстан шығып аялдамаға бет алдым. Ұялы телефоныммен құрбыммен сөйлесіп келе жатып аялдамада отырған бір апайдың мені бастан-аяқ сынай қараған жанарын байқап қалдым. Бірақ, аса мән бермедім. Алла разылығы үшін орамал тағып, етек-жеңі ұзын киім киген бір жылымның ішінде біздің «зайырлы» мемлекетіміздің тұрғындарынан мұндай көзқарастардың талайын көріп, талай сөз де естігем…
Сол апайдың қасынан орын босай қалып, қолымдағы заттарым ауыр болғасын, жанына жайғастым. Отыра салысыммен бетіме тесірейе қараған апай: «Сұрақ қойсам бола ма?» – деп тіл қатты. Не сұрағысы келіп отырғанын іштей сезіп тұрсам да, «жоқ» деп жауап беруге үлкен кісі болған соң, дәтім бармай ойланып қалдым.
Бірақ ол кісі менің жауабымды күткен де жоқ: «Неге сендер осылай киінесіңдер, бұл біздің киім емес, ата-бабамыз бұлай киінбеген, бұлай түрік әйелдері киінеді ғой?» – деді. Мен бір нәрсе айтуға оқталдым, бірақ ол: «Киімде тұрған не бар? Жүрегің таза болса, ешкімнің ала жібін аттамасаң болды ғой. Сендер өздеріңнің намаз оқитындарыңды көрсету үшін әдейі киінесіңдер, сенің бес рет еңкейгеніңнен бір нәрсе өзгере ме? Жәй әншейін көзбояушылық сендердікі. Дін киімде немесе сенің намаз оқып-оқымағаныңда емес, ақыл мен жүректе. Жақында сақалы шоқшиған біреуге пәтерімді жалға бергем, кейінен ұрсысып қалдық, маған айтпағаны жоқ. Қане, сол ма мұсылман болғаны?, – деп дауысын көтеріп ала жөнелді.
Бұл апайға бір қадірсіз кісі жолығып, діннен көңілі қалыпты ғой деп ойладым да: «Жоқ, апай, адамдардың бәрі бірдей емес, дінді ұстану әр адамның адамгершілігіне, санасына, мінез-құлқы мен иманына, біліміне байланысты», – дедім.
Ол кісі мені тыңдағысы да келген жоқ: «Әй, қойшы, сендерге айтты не, айтпады не бәрібір, миларыңды дін-дін деп жеп қойғансыңдар. Қазір сендерге Алла үшін адам өлтір десе де өлтіруге дайынсыңдар! Сол дін ақша жасау үшін, байлардың кедейлерге үстемдік етуі үшін ойлап табылған. Көп әйел алуға құштар біреу ойлап тапқан. Ертең сақалы шоқшиған біреуге тұмысқа шығасың, ал ол басқа әйел алып кетеді. Сен жылап қаласың, сонда көресің дінді. Мен де мұсылманмын, Аллаға сенемін, бірақ қалай киінгім келсе, солай киінемін, намаз оқымаймын. Қазіргі жастардың санасы уланған», – деді.
Үлкен кісі болған соң, көшеде керісіп жатуды жөн көрмей, сөзін бөлмедім. Менің айтқанымды бәрібір тыңдағысы да келіп тұрған жоқ. Өз-өзімді сабырға шақырып, құлағымнан өткізсем де, жүрегімнен өткізе алмай отыра бердім. Бірінші немесе соңғы рет естіп отырған сөздер емес қой. Ол кісі тағы бірдеңелер айтып жатыр еді, күткен трамвайы келіп қалып, жүгіре жөнелді.
Мен оның айтқан сөздерін есіме түсіріп, ойға қалдым. Жасы біразға келсе де, ойының таяздығына, ойлау қабілетінің күнделікті өмір тіршілігінен аса алмағанына таң қалдым. Оған біраз нәрсе айтып түсіндіргім келді, бірақ сөзін бөлуге ұятым жібермеді.
Сонда, шариғатқа сай киінуге қарсы, жалпы дінге қарсы «жүрегіміз ақ, ниетіміз түзу» дейтін бауырларымның, әсіресе, аға буын өкілдерінің басым көпшілігі осылай ойлай ма? Жетпіс жыл Кеңес үкіметінің отарында болып, атеизмнің ащы дәмін татқандықтарын түсінемін. Бірақ, сол кездің өзінде де ата-әжелеріміз арасында қасиетті Құранды үйлерінде тығып ұстап, намаздарын жасырын оқып, құлшылықтарын үзбегендер көп болды емес пе?
Бағанағы апай жас кезінде сол бабаларымыз сияқты дінінен қол үзбей, жалпы бүгінгі аға буын өкілдері ата дінімізді қазіргі ұрпаққа шашаусыз жеткізгенде, қазіргі жастар діни білім іздеп әркімге бір жалтақтамас еді! Діни сауаты төмен жастардың санасын улап, өз дегеніне жетіп жүрген неше түрлі жат ағымдар мен секталар елімізде сайран салмас еді.
Тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге тіліміз де, дініміз де қайта тірілді. Экономикалық, саяси хал-ахуалымыз жақсарды. Бірақ, бізге, еркін ойлай алатын тәуелсіз елдің ұрпақтарына материалдық жағдай ғана емес, рухани байлық та керек. Өз болмысымызды, өміріміздің мәнін және кейінгі ұрпаққа не қалдыра алатынымызды білу біз үшін өте маңызды.
Қазақ пен Ислам, Ислам мен қазақ – бөлінбейтін біртұтас дүние, оларды бөлем деушілердікі бос әурешілік! Біздің қазақи болмысымыз діліміз, дініміз бен тіліміз, салт-дәстүріміз, киген киіміміз, дәстүрлі тағамдарымыз, әдет-ғұрпымыз арқылы қалып-тасады.
Ислам – тек намаз оқып, ораза ұстау ған емес, тұтастай бір өмір сүру салты. Сенің жүрегіңнің ақтығы істеген іс-әрекетіңмен өлшенеді. Шариғат бойынша киінген жандарға «арабтарға, түріктерге еліктегіш, діни фанат немесе уаһаби, лаңкес» деп біржақты қарауды қою керек. Әжелеріміз балиғат жасынан орамал тағып, көкірек-мойындарын көрсетпеген. Егер санамызға бұл жетпесе, діни білім ізденейік, үйімізде сәндік үшін ілулі тұрған Құранда шын мәнінде не жазылғанын бір сәт болса да ашып оқиық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен сусындайық. Сонда ғана салиқалы жасқа келіп ақыл айтудың орнына, жастарды табалағыш апай сияқты ешқандай негізсіз сөздер айтып эмоцияға берілмес едік.
Еліміздің алға қарай ұмтылуы үшін, шын мәнінде дамыған 50 елдің қатарына кіруі үшін дінімізден аттап кете алмаймыз. Батыс мәдениетімен де біраз тыныстап көрдік, енді соның керегін, пайдалысын алып, керек емес зиянын өздеріне қайтарайық. Ата дінімізді ұлықтап, ниеті теріс ағымдардан санамызды тазартайық. Әлемге қазақ екенімізді, мұсылман екенімізді білімімізбен, біліктілігімізбен дәлелдейік. Әр нәрсеге шошына қарап, не көзсіз еліктей бермейік. Ақ пен қараны ажырататын сәт келді!
А. МҰСАБЕКОВА