Сұрақ: Егер аңды қай иттің ұстағаны белгісіз болса не қылмақ керек?
Жауап: Әдетте аңшылық маусымы ашылған уақытта немесе қыс мезгілінде ер азаматтар аңға жиі шығады. Хадистерге сәйкес аңшы өзімен ит, сұңқар, бүркіт секілді үйретілген жануарлар және құстармен шығуына рұқсат. Сондықтан да Ислам олардың ұстаған аңдарын жеуге болатыны туралы айтады.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аңға шыққанды жақсы көретін Ади ибн Хатимге: «Аң аулауға үйретілген иттеріңді «бисмиллә» деп аңға салғанда ит аңды (буындырып) өлтіріп қойса да оның етін же. Ал ит аңды жей бастаған болса, оның етін жеме!» – дейді.
Сонда Ибн Хатим: «Мен итімді аңға салдым. Бірақ, олжаның қасында басқа да ит болып, ол екеуінің қайсысы ұстағанын білмесем не істеуім керек?» деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оны жеме, өйткені сен «бисмилләні» басқа ит үшін емес, өзіңнің итің үшін айттың» деп жауап береді (Бұхари, Муслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ