Павлодар облыстық «Алтын сақа» ұлттық асық ату федерациясы қалалық «Ақмешіт» мешітімен бірлесіп ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Дін және дәстүр» жобасы аясында «Асық ату» ұлттық ойынынан арнайы турнир өткізді.
Турнирге асық атумен шұғылданып жүрген шәкірттер мен оны қызықтаушы көрермендер қатысты. Жарыстың нәтижелі де қызықты өтуі үшін облыстық «Алтын сақа» ұлттық асық ату федерациясының президенті Қалибек Қуанұлы мен қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбілқайыр Қылышев жиналған көрерменге ұлттық асық ату ойыны, оның ерекшеліктері, пайдасы мен қызығы туралы тәлімді әңгімелер айтып, барынша насихаттады.
Облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы асық атудың ерекше маңызды ойын екенін айта келе: «Балаларымызды өз халқының әдет-ғұрыптарын қадірлей білуге, оларды алғырлыққа, шапшаңдыққа баулитын бұл төл ойынымыздың дамуын әркез қолдап, жас ұрпақты оны әрқашан құрметтеуге баулу, олардың ұлттық сана-сезімі, қоғамдық ой-өрісінің жетілуіне үлес қосу – біздің адамдық әрі ата-аналық борышымыз», – деді.
Облыстық «Алтын сақа» ұлттық асық ату федерациясының президенті Қалибек Қуанұлы: «Бабаларымыз бала кезінен ойнап өскен, оларды мергендікке, дәлдікке, епттілікке, шеберлікке, қайсарлыққа, табандылыққа баулыған бұл ойынның ұрпағымызға берер пайдасы ұшан теңіз. Сондықтан асық ату орта мектепте спорт пәнінің арнайы бағдарламасына кіргізілді. Алда бұл ойынды кеңінен насихаттауға, сонымен қатар оқу пәні ретінде сапалы жүргізілуіне, балалар мен жасөспірімдердің қызыға да құлшына ойнайтын ойыны болуына, кеңінен дамуына мүмкіндігінше еңбек етеміз», – деді.
Қызықты да тартымды өткен турнир соңында жүлдегерлер арнайы диплом, алтын, күміс, қола медалдарға ие болды.