Берке хан 1266 жылы Кавказ жорығында қайтыс болғаннан кейін Бату ханның немересі Мөңке Темір Алтын Орда тағына отырды. Отандық базбір тарихшылар Берке хан қайтыс болғаннан соң Жошы ұрпақтары «Ұлы Яса» заңымен жүреміз деп Ордада бүлік шығарып, дәстүрге берік Мөңке Темірді хан тағына отырғызды деген пікір білдіреді. Бірақ, орта ғасырлық араб деректерінде Беркенің көзі тірісінде-ақ Мөңке Темірдің «Кіші Билеуші» деп аталып, Алтын Орда тағының бірден-бір мұрагері болғандығы айтылады. Осы деректі негізге алсақ, Мөңке Темірдің құрылтайда мұрагерлік жолмен заңды түрде таққа отырғанын аңғарамыз. Мөңке Темір Ислам дінін қабылдамағанымен, сыртқы саясатта Берке ханның ісін жалғастырып, Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі ықпалын арттыруға бар күш-жігерін салып бақты. Ал, империяның ішкі жағдайында дәстүрлі «Ұлы Яса» жоралғыларына барынша беріктік танытқысы келді. Мөңке Темірдің дәстүрге басымдық беруі өзінен бұрынғы Берке ханның қолға алған діни реформасының аяқсыз қалуына әкеп соқтырды. Бұл туралы тарихшы Егоров: «Мөңке Темір Алтын Ордада Ислам дінінің одан арқықарай таралуына тоқтау салды» деген болатын. Дегенмен, Мөңке Темір сыртқы саясатта Берке ханның кезінде күнгей Кавказ өңіріне қатысты Елхан мемлекетімен арада туындаған халықаралық келіспеушіліктің қоясын қайта көтерді. Сырттай қарағанда Алтын Орданың жаңа билеушісі Елхан мемлекетіне қарсы қасиетті соғыс жариялаған Берке ханның ісін жалғастырған іспетті көрінді. Бірақ, Мөңке Темір де, Құлағудың орнын басқан Абаға да Ислам дінін қабылдамағандықтан, екі ағайын мемлекеттің арасындағы ендігі талас-тартыс тек оңтүстік Кавказ өңірі үшін өрбіді. Яғни, Алтын Орда мен Елхан мемлекетінің арасындағы соғыстың келесі кезеңінде діни мүдде орын алған жоқ. Мөңке Темір сыртқы саясатта Берке ханның кезіндегі Мысыр мемлекетімен Құлағуға қарсы құрылған одақтастықты сақтап қалуға тырысты. Өйткені, Алтын Ордаға әлемдік геосаясатта сол кезде ықпалды серіктес бола алатын Мысыр мемлекеті еді. Бірақ, Берке хан кезіндегі одақтастықты сақтап қалуға әдеттегідей алғашқы қадам – Мысыр мемлекеті тарапынан жасалды. Сұлтан Байбарыс 1267 жылы Мөңке Темірдің Алтын Орда тағына отыруына байланысты Мысыр мемлекетінің атынан құттықтауға елшілер аттандырды. Әрі Мысыр елшілігі Алтын Орданың Исламды қабылдаған алғашқы ханы – Беркенің қазасына көңіл айту рәсімін жасады. Мөңке Темір Елхан мемлекетінің билеушісі Абаға ханнан 1267 жылғы шайқаста жеңіліп, келесі екі мемлекеттің арасындағы 1270 жылғы соғыста қарымта қайтарды. Ол Абағаны түскей мен теріскейден екі жақты қыспаққа алып, тұқыртуды ойлады. Осы мақсатта Мөңке Темір 1271 жылы Мысырға елшіліктің жаңа қосынын аттандырды. Мөңке Темір бұл жолдауында Мысыр мемлекетінен Абаға ханға қарсы соғысуға әскери көмек сұрады. Сондай-ақ, Елхан мемлекетіндегі мұсылмандарға қарасты иеліктер Мысыр сұлтанының меншігі болатындығын арнайы грамотамен ескертті. Нағында, Алтын Орда дәуіріне қатысты тарихи деректерде Мөңке Темірдің Ислам дінін қабылдағандығы жөнінде мәліметтер кезікпейді. Керісінше, дәстүрлі Ұлы Яса жолына берік болғандығы айтылады. Демек, оның кәпірлерге қарсы бірлесіп күресу үшін Мысыр сұлтанына ұсыныс жасауы – Мөңке Темірдің сол кездегі халықаралық саясаттың аужайынан мол хабары бар сұңғыла билеуші болғандығын көрсетеді. Сонымен бірге, өзіне дейінгі игіліктерді жоққа шығармай, Жошы ұлысының мүддесі үшін Берке хан негізін салған Алтын Орда-Мысыр одақтастығы дәстүрін жалғастырушы бола білгендігін әйгілейді. Мөңке Темірдің бұл ұсынысына жауап ретінде Сұлтан Байбарыс 1272 жылы өз елшілерін Сарайға аттандырды. Жалпы, Алтын Орда мен Мысыр мемлекеттері Елхан ұлысына қарсы діни-саяси одақ құрғанымен, екі мемлекет те өздерінің ортақ жауларына қарсы бір уақытта әскери жорық жасаған емес. Бір-біріне әскери көмек көрсету туралы уағдаластық жасалғанымен, екі мемлекет бұл келісімдерді іс жүзінде іске асыра алмады. Оның да өзіндік себептері болды. Мысыр сұлтандары Елхан билеушілерімен Сирия жерлері үшін соғысса, Алтын Орда хандары Құлағу және оның ұрпақтарымен оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жерлері үшін жауласты. Яғни, одақтас екі субектінің дұшпаны ортақ болғанымен, геосаясаттағы мүдделері бөлек еді. Сондай-ақ, екі одақтас мемлекеттің бір-бірінен тым шалғай орналасуы да олардың бірлесіп бір уақытта әскери қимыл жасауына мүмкіндік бермеді. Мөңке Темір Ислам дінін қабылдамағанымен өзге Шыңғыс ұрпақтары Хақ дінді қабылдап, Алтын Орданың сыртқы саясатында діни мүддеге басымдық беруді тоқтатқан жоқ. Соның бірі Жошының немересі – әскербасы Ноғай болатын. Ол 1271 жылы өз атынан Мысыр сұлтанына жазған хатында өзінің Ислам дінін қабылдағанын айтып, Берке ханның ісін жалғастыратынын хабарлаған еді. Ноғайдың осы іс-әрекетіне қарағанда, Мөңке Темірдің билігі тұсында ішінара болса да Ислам діні дамып отырған сияқты. Ал, Мөңке Темір көзі тірісінде Мысыр мемлекетімен соңғы рет 1276 жылы елшілік алмасты. Бұл жолғы дипломатиялық байланыста да екі мемлекет басшылары бір-біріне тарту-таралғылар жіберіп, саяси одақтастықты әріқарай жалғастыра беретініне уағдаласты. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей Алтын Орда-Мысыр одағы Елхан мемлекетіне қарсы бірлесіп бір уақытта әскери амалдар жасаған емес. Екі мемлекеттің одақтастығы тек дипломатиялық шеңберде ғана өрбіп отырды. Яғни, сол кездегі геосаяси жағдай Алтын Орда мен Мысыр мемлекеттерінің Құлағу ұлысымен бөлек- бөлек соғысуына мәжбүр етті.