Қазіргі кезде кейбір адамдар тарапынан қажылыққа барудың парыздығын жоққа шығарып, оны босқа ақша шашу деп сөгу секілді жайттар белең алуда. Бұлардың артында дінге қарсы белгілі бір топтар тұрғаны айтпаса да түсінікті. Алайда, олар Алланың Өзі жүректерін бұрып қойған қасиетті жерден, үлкен нығмет болған амалдан ешкімді қайтара алмайды.
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйің (Қағбаның) жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды оқитын болсын! Енді адамдардың көңілін оларға ауатын қыл! Сондай-ақ оларды жемістермен ризықтандыр! Әрине олар шүкіршілік етер”, – деп бұйырған. (Ибраһим: 37)
Тіпті, кешегі індеттен кейін жолдар ашылғанда қаншама адам умраға, биыл үлкен қажылыққа барып, сағынышын басуда.
Себебі, қажылық дегеніміз – Алла Тағаланың пендесіне берген шақыруы;
Адам атамыз (а.с.) бен Хауа анамыздың тәубесі қабыл болған жерге келіп, тәубе етуі;
Махшар күнінен бұрын барып, сол жағдайды сезініп қайтуы;
Алланың қонағы болып, өзіне ғана емес, барша елі үшін де тілек тілеуі.
Атам қазақ: «Алланың жаққан шырағын ақымақ үрлеп өшіре алмайды», – деген сөз бар.
Сондықтан әрнәрсені көргенде, не естігенде сене бермей, ілім иелеріне құлақ салған дұрыс.
Мұсылманның амалы әрдайым ниетіне байланысты.
Алла баршамызға тура жолда жүруге жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА