Әмәуи халифасы Сүлеймен бин Әбдімәлік Мәдина қаласында тұратын ғалым әрі батыл кісі Әбу Хазимнен бірнеше насихат сұраған екен. Халифа:
– Ей, Әбу Хазим! Өлімді ұнатпайтындай бізге не болғаны сонша? – дейді.
Әбу Хазим:
– Нәпсіқұмарлықтарыңызға алданып қалдыңыз, дүниені абат қыламын деп, ахіретті харап қылдыңыз. Сондықтан абат жерден харап жерге өтуді ұнатпайсыз, деді.
Халифа Сүлеймен:
– Дұрыс айттың, ей, Әбу Хазим! Ал адамдар ертең Алланың құзырына қалай шығатын болады? – деп сұрады
Әбу Хазим:
– Салих, ізгі мүминдер бөгде жұрттан өз отбасына оралған адамдар секілді жүрегі тыныш әрі қуанышқа толы болып қайтады. Нәпсісіне құл болған адамдар қожайынынан қашып бара жатқанда ұсталып қалған құлдар секілді болады дегенде, халифа Сүлеймен өзін ұстай алмай, өкіріп жылай бастады да:
– Қап, Алланың алдында қалай кездесетінімді білсем ғой! – деп, мұңын тілге тиек етті. Әбу Хазим оның бұл жағдайын көргенде:
– Олай болса, іс-амалдарыңды Алланың кітабымен, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетімен таразыла! – деді.
Халифа:
– Хал-жағдайымды таразылауым үшін неге қарауым керек? – деп сұрады.
Әбу Хазим:
«Шын мәнінде ізгілер, әлбетте нығмет ішінде болады. Бұзықтар, сөзсіз, тозақта болады» (Инфитар сүресі, 13-14) деген аятты оқыды.
Сонда халифа Сүлеймен:
– Ей, Әбу Хазим! Олай болса, Алланың рахымы қайда қалды? – деп сұрады.
Бұл жолы Әбу Хазим: «…Шынында, Алланың рахымы ізгі іс істегендерге жақын» (Ағраф, 56) деген аятты оқыды.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ