Сұрақ: Алланың нығметіне қалай шүкірлік етсе болады?
Жауап: Адам Құдай Тағаланың нығметіне тек басқаларға жақсылық жасаумен ғана шүкір етпейді. Шүкір етудің тағы бір жолы бар, ол – өзіне жомарттық таныту. Алланың берген ризығын ысырап қылмай жеке басына жұмсайды.
Бәр кұні имам Ахмад ибн Ханбал дәріс беріп жатып, шәкірттерінің арасынан үстіне ескі киім киген бір адамды көреді. Дәріс аяқталып, шәкірттері тарқай бастайды. Имам әлгі адамды шақырып: «Мына жайнамазды көтер, астынан мың дирһам табасың. Оны алып, жеке басыңа жарат. Мына хәліңді жөнге келтір», – дейді.
Әлгі адам өзінің дәулетті екенін және ешқандай ақшаға мұқтаж емес екенін айтады. Сонда оның бұл қылығына ашуланған имам Ахмад: «Сен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Күмәнсіз, Алла құлының үстінен Өз нығметінің көрініп тұрғанын жақсы көреді» деп айтқан сөзін естімедің бе», деп айтады (Термези).
Сол үшін адам өзіне жұмсаған қаражытының өзі де Алланың берген нығметіне шүкірлік қылғаны саналады. Басқалар мұсылманның жүріс-тұрысына, киім киісіне сүйсіне қарағаны жақсы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ