Сұрақ: Әһлі сүннет ақидасы бойынша Алланың жүзі ақыретте көріне ме?
Жауап: Алла тағала ақыретте көрінбейді деген пікірді негізінен адасқан ағымдар ұстанады. Мысалы, муғтазила өкілдері «Қиямет қайымда Алланың жүзі көрінбейді» деп түсінеді. Себебі, олар «көрінетін нәрсе міндетті түрде мекенге тәуелді. Осылай пайымдаса, Алланың мекені бар болып шығады. Сол себепті, Алланың жүзі көрінеді деген мүлде дұрыс емес» деп ұғынады.
Ал, әһлі сүннет ақидасының мутәкәллимдері ақырет күні Алланың жүзі көрінетініне бірауыздан келіскен. Десе де, әһлі сүннет кәламшыларының арасында Алланың ақырет күні көрінетіндігі туралы ортақ көзқарас бар болғанымен, аздаған айырмашылықтар орын алған. Имам Әшғаридің көзқарасынша Алланың ақыретте көрінуі ақылмен қарағанда уәжіп саналады. Ал, Имам Матуриди Алланың ақыретте көрінуі ақли тұрғыдан емес, діни (нақли) тұрғыдан уәжіп деп білген. Ол Құран Кәрімдегі «Киямет күні кейбір жүздер жарқырап, Раббына қарайды» (Қиямет, 22-23) деген аятты негізге алып, ақырет күні Алланың жүзі көрінеді» деп біледі. Имам Матуриди «Ақыретте Алланың көрінуі – бұл қияметтік хәл. Алла көрінсе, демек ол заттан және мекеннен тұрады деп ойлау, бұл дүниелік көзқарас. Ал қиямет күнгі хәл-ахуалдың қалай болатындығы бізге беймәлім. Сондықтан, Құран Кәрімде қиямет күні Алланың көрінетіндігі туралы айылса, біз оған сенуге тиістіміз» деген ұстанымда болды. Сондай-ақ, бізге білінбейтін беймағлұм мәселелерге тұжырым қалыптастырму туралы Құран Кәрімнің: «Өзің білмейтін нәрсенің соңына түспе…» (Исра сүресі, 36) деген аятты негізге алып, «Алла ақыретте көрінбейді» деген муғтазила өкілдерін сынға алды. Дегенмен, әһлі сүннет ақидасында Имам Әшғаридің «Алланың ақыретте көрінуін ақыл тұрғысынан – уәжіп», ал Имам Матуридидің «Алланың қияметте көрінуі діни тұрғыда уәжіп» деп қарастыруы, бұл иман мәселесіндегі айырмашылық емес, тек пікір ерекшелігі деп есептелінеді.
Жалпы, Матуриди және Әшғари ғұламалары бұл мәселе бойынша кейде өз арналарынан шығып, бір-бірінің көзқарастарын қолдап отырған. Мысалы, матуриди ақидасының өкілдері бола тұра Әбу Муйн Нәсафи «Тафсирату-л әдиллада», Бәздауи «Кәшфу-л-асрарда», Сабуни «әл-Бидояда» Имам Әшғаридің «Алланың ақыретте көрінуі ақли тұрғыдан – уәжіп» деген көзқарасын құптаған. Ал, Фақриддин Рази әшғари ақидасын ұстанса да, «Алланың ақыретті көрінуі ақли тұрғыдан емес, діни тұрғыдан уәжіп» деп матуриди ақидасын жақтап шыққан.
Мұхан Исахан
Қазислам сайтына көп рақмет! Осындай дәлел-дәйегі жетерлік мақалалар шыға берсін!
Керемет!