Бір жолы Ібіліс (Алланың оған лағынеті болсын) Иса (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбарға:
– Иса, кел, мына таудан өзіңді тастап жіберші. Әр нәрсені Алладан деп білесің ғой. Сенімің соншалықты күшті болса, өзіңді тастап көрші. Ажалың жетсе, өлесің. Жетпесе, тірі қаласың. Көреміз, Алла құтқара ма екен сені, – депті.
Сонда Иса (Алланың оған сәлемі болсын):
– Әй, Ібіліс! Мен бұл дүниеге Раббымды емтихан ету үшін келген жоқпын, қайта емтиханнан өту үшін келгенмін, – деп жауап беріпті.
Расында, кейбір бауырлар кей кезде осы сияқты түсінікте болғанын байқаймыз. Яғни, Алла сұрағанын берсе ғана, құлшылық жасайтын сияқты… Бұл өте үлкен қате, қауіпті сенім.
Әлбетте, біз бұл дүниеге Алла сұрағанды берсе ғана иман келтіру үшін келген жоқпыз. Бермесе, иман келтірмейміз бе сонда?
Өмірімізді Оның бар не жоқтығын білу үшін өткіземіз бе?
Біз бұл дүниеге емтиханнан өту үшін келгенбіз.
Қуат ҚАБДОЛДА