Алла Тағала соңғы елші етіп жіберілген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға ерекше мейірімді қатынаста болғанын Құранның өзінен білуге болады. Исламда Ибраһим (а.с.) пайғамбар «Халилиуллаһ» яғни, «Алланың досы», Мұса (а.с.) пайғамбар «Кәләмуллаһ» яғни, «Алланың кәләмі» болса, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар «Хабибуллаһ» яғни, «Алланың сүйіктісі» деп танылған.
Сонымен қатар Алла Тағала Құранда барлық пайғамбарларға үндеу тастағанда олардың тікелей есімімен атаған. Мәселен, «Ей, Адам!», «Йа, Нұх!», «Ей, Ибрахим!», «Йа, Мұса!», «Ей, Иахия!», «Йа, Закария!», «Ей, Иса!». Алайда, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға қарата сөйлерде Аллаһ Тағала ешбір аятта «Йа, Мұхаммед!» деп тікелей есімін мүлде атамаған. Керісінше, мейіріммен: «Әй, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт…» деп жұмсақтық танытқан.
Осыған байланысты араб тілінде қаратпа сөз екі түрде келеді. Біріншісі, «يَا» – «Йа» болса екіншісі «أَيُّهَا» – «Айуһа» болып келеді. Араб тілінде сөйлем құрауда біріншісіне қарағанда екінші қаратпа сөз, яғни, «أَيُّهَا» – «Айуһа» сыпайлықты, ізеттілікті, білдіреді. Сәйкесінше, Алла Тағала барлық пайғамбарларға бірінші қаратпа сөзбен яғни, «يَا» – «Йа» ескерген болса ал, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға келгенде «أَيُّهَا» – «Айуһа» қаратпа сөзін қолданған. Бұл өз кезегінде ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Алланың алдында басқа пайғамбарлардан ерекше құрметке ие болғанын аңғартса керек. Алла анығын білуші!
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы