Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өлім төсегінде жатқан бір жас сахабаны зиярат етіп, одан ахуалы жайында сұрайды. Сахаба: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.), Мен Алла тағаланың рахметінен үміттенумен бірге, күнәларым себебінен жазаға тартыламын ба деп қорқамын»,- дегенде, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала жүрегінде осы екі сезім болған пендесіне ғана үміт еткенін беріп, қорыққан нәрсесінен сақтайды»,- деп жауап қатады.
Басқа бір хадисте: «Мүмин күнәларын өзінің үстіне лезде опырылып түсетін таудай көрсе, күнә істеп дағдыланған адам күнәсін қусаң, ұшып кететін шыбындай көреді»,- деп айтылады. Көріп отырғанымыздай, пенденің жүрегінде күнәларына байланысты Алла тағаладан қорқу және сонымен қатар Алла Тағаланың рахметінен үміт болуы тиіс.
Оба ауруына шалдығып жантәсілім халінде жатқан сахаба Муғаз (р.а.) көз жұмудан бұрын есінен жиі танып қала береді. Есін жиған сәттерінде: «Уа, Алла Тағала! Сені жақсы көретінімді білесің. Сенің құдіретіңмен ант етемін! Ол Сен үшін мәлім»,- деп айтады. Артынан жантәсілім сәтінде: «Ей, өлім! Қош келдің! Маған қандай қонақ келді! Алайда, ол аштық сәтінде келді» – деп, артынан «уа, Алла Тағала! Сенен үнемі қорыққаным мәлім. Бүгін мен кәміл үміттемін. уа, Алла Тағала! Мен өмір сүргенді жақсы көретін едім. Әсте арық қазып, бау-бақшаларды өсіру үшін емес. Бәлкім күннің шыжыған мезгілінде шөлге сабыр етіп, дін машақатына төзу және ғалымдармен бірге зікір қалқаларында отыру үшін»,- деген екен.
Жоғарыдағы дәлелдерге сүйене отырып, «Иман – үміт пен қорқыныштың арасында» деп айту дұрыс деген қорытынды шығаруға болады.