Мәуліт – Хақ Елшісіне (с.ғ.с) салауат келтіретін ай болғандықтан, Ол (с.ғ.с) өмір сүрген алтын ғасырдың (аср-саадат) ерекшеліктерін талдап, таратып айтсақ, мол сауапқа кенелетініміз анық. Олай болса, Адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы (с.ғ.с) қандай үлгіде мемлекет басқарған еді? Осыған аз-кем тоқталып өтсек.
Пайғамбарлық басқарудың ерекшеліктері 622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісімі кітабында» жан-жақты паш етілген. Пәкістандық ғалым М.Хамидуллаһ 1947 жылы «Мәдина Конституциясы» деген атпен ғылыми айналымға енгізген осы құжатты көбінесе дінтанушылар зерделеген. Бірақ, саяси-құқықтық ілімдер тарихының мамандары бұл тақырыпқа түрен салмағандықтан, мемлекет және құқық теориясы ғылымында пайғамбарлық басқару теориясы туралы ештеңе айтылмайды. Шынында да, «мемлекет және құқық теориясы» ғылымының мамандары тарихта «пайғамбарлық басқару нысанындағы мемлекеттің» болғандығына осы күнге дейін мән бермей келген екен. Орта ғасырларда Ф.Аквинский өзінің «Қос қылыш» және «Күн мен ай» теорясында «теократиялық мемлекет» анықтамасын жасаған. Бірақ, Ф.Аквинскийдің теократиялық мемлекетінен «пайғамбарлық мемлекеттің» өзіндік ерекшелігі бар. Оның «Қос қылыш» және «Күн мен ай» теорясында айдың сәулені күннен алатыны секілді, мемлекет басқарушы қылыштың бірін – Құдайдан алады. Яғни, Ф.Аквинскийдің теориясына зер салсақ, орта ғасырлардағы Еуорападағы Католиктік бағыттағы корольдер мемлекет басқаруда Папаның діни үкіміне құлақ түруге мәжбүр болып отырған. Папа болса, діни үкім беруде өзіне дейін мың құбылып өзгерген Інжілге арқа сүйеген.
Біз көтеріп отырған «пайғамбарлық мемлекет» теориясында Тәңір Тағала өз Елшілеріне Жәбірейіл (с.а.у) періште арқылы уаһи түсірумен мемлекеттік басқаруға тікелей араласады. «Пайғамбарлық мемлекетте» Хақ Тағала тарапынан түсірілген үкімдер негізге алынғанымен, кейбір сәттерде Хақ Елшісінің өзі (с.а.у) жеке үкім бере білген. Тіпті, кейбір сәттерде Шураның шешіміне құлақ түрген. Осыған қарай мемлекетті пайғамбарлық басқаруда «Алланың абсолютті құқығы», «Пайғамбар құқығы» және «Шура шешімі» атты құқықтық үкім берудің үш қайнар көзінің болғанын байқауға болады. Осы ретте мен теократиялық мемлекет түсінігін «толыққанды теократиялық мемлекет» және «жанама теократиялық мемлекет» деп жіктеуге болады. Толыққандысы – пайғамбарлық басқаруға негізделген мемлекет нысаны болса, пайғамбардан кейін оның басқару тұрпатын прецедент ретінде басшылыққа алған басқару жүйесін «жанама теократиялық мемлекет» деп атауға болады. «Кімде-кім пайғамбарға бағынатын болса, Аллаға бағынады…» («Ниса» сүресі, 80-аят) атты абсолютті иләһи үкім уақыт және кеңістік қағидасы тұрғысынан алғанда Хақ Елшісі (с.ғ.с.) құрған мемлекеттік басқаруға тән. Яғни, «пайғамбарлық мемлекет» уникальді, яғни Хақ Елшісі (с.ғ.с) жантәсілім болумен өмір сүруін тоқтатады.
Түйін: Пайғамбарлық басқарудың қазіргі қоғамға қандай өнегесі бар дегенге келетін болсақ, кезінде Рим мен Грецияда және өзге де елдерде үлкен өзгерістер болған. Алайда, бұл елдердегі үлкен өзгерістерде ізгілікпен қатар кейбір салаларда кері кетушіліктер де орын алып, адамгершілік құндылықтар аяққа тапталды. Бұл ұлы өзгерістерде саяси-экономикалық ілгерлеумен бірге, зорлық-зомбылық пен қиянаттың небір түрі орын алып, адамзат баласының көз жасы көл, қаны судай болып ақты. Ал, Хақ Елішісі (с.ғ.с) ширек ғасырға жетер-жетпес уақыттың ішінде тұрпайы тобыр қоғамнан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әділеттілікті һәм ар мен ұятты ұлықтаған, мейірімділік пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған керемет қоғам жасады. Сондықтан, Мұхаммедтің (с.а.у) өмір сүрген қоғамын, оның дәуірін ешқандай бір реформатормен, ешқандай бір қоғаммен, ешқандай бір тарихи кезеңмен салыстыруға болмайды. Өйткені, Ол (с.ғ.с) өз дәуірінің ірілі-ұсақты барлық мәселелеріне реформа жасай алған еді.
Мұхан Исахан