Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі және «Асыл Арна» студиясы арасындағы өзара ықпалдасып жұмыс істеу туралы Келісімге қол қою шарасы өтті.
Келісімге қол қойған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, «Асыл арна» телеарнасының басшылығы тұрғындарды дәстүрлі рухани құндылықтар бойынша ақпараттандыруға үш жақты тығыз әрекеттесу арқылы қол жеткізуге мүдделіліктерін танытты.
Осы Келісім мемлекеттің конституциялық принциптегі зайырлы құрылысын құрметтей және сақтай отырып, Қазақстан халқының мәдениеті мен діни-рухани өмірінің дамуындағы исламның ханафи мазхабының тарихи рөлін мойындай отырып, Қазақстан қоғамындағы рухани ауызбіршілік пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында дәйекті мемлекет-конфессиялық қатынасты дамытуға ұмтылуды басшылыққа ала отырып жасалды.
Келісімнің басым бағыттарының бірі, ең алдымен қоғамның моральдық-имандылық тірегін нығайту мен дамыту, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, діни экстремизмнің алдын алу, әлеуметтік дерттермен күресу жөніндегі маңызды бағыттарболып табылады.
Аталған Келісімнің шеңберінде еліміздегі дін саласындағы тұрақтылықты нығайту, діни экстремизмнің алдын алу, ел ынтымағын сақтау,қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қалыптастыруға қажетті ақпараттармен алмасу, тұрғындарға исламдық дұрыс діни ілімді тарату бойынша өзара әрекеттесу іске асырылады деп күтілуде.
Келісімнің орындалуын жүзеге асыру үшін Дін істері комитеті, Діни басқарма және «Асыл Арна» Студиясының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, оның құрамы бекітілді.
Келісім діни саладағы тұрақтылықты нығайтудағы тығыз ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп күтілуде.