Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм еліміздің әлеуметтік, саяси- экономикалық және мәдени, рухани дамуына кері әсер етіп отыр. Соңғы жылдары елімізде діни экстремизмді, халықтар арасында алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни, әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда.
Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатсыздықтарының салдарынан желіде мақсатты түрде жат идеологиялы ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, «лайк» басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып отыр. Яғни, ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жат идеологияның таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор.
Статистикаға сүйенсек, технологияның дамып, заман талабының өзгеруіне орай 2021 жыл басында интернетке 15,47 миллион адам кірген, яғни ел халқының 81,9% пайызы интернетті пайдаланып отыр. Олардың дені жастар екені айқын.
Ал осы жастар Facebook, Instagram, Vkontakte, Twitter сияқты әлеуметтік желілерде сәләфизм идеологиясындағы материалдарды оқымасына, діни сауатсыздықтан оған қызығушылық танытпасына кім кепіл?!
Facebook желісінде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыр. Бұл жерде әр 20 минут сайын бір миллион сілтеме таралады екен. Ал Инстаграмда радикалды топтардың «шейхтары» үгіт-насихат жүргізуде. Яғни, инстаграм парақшасында миллиондаған жазылушылары бар белсенділер отыр десек, мәселенің қаншалықты қауіпті екені белгілі.
Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы «Аналитикалық интернет карта» жобасы бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Еліміз бойынша «Вконтакте» желісінде жастардың 70 пайызы отырады. Бұл пайыз олардың ішіндегі діни теріс ағым мүшелерінің экстремистік бағыттағы материалдарының ауқымды аудиторияны қамтып отырғанын көрсетеді.
Облыс бойынша бұл желіні көбіне 18-30 жастағы жастар қолданады. Бұл азаматтармен облыстық ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жүргізуде. Деструктивті теріс ағымдағы аккаунт иелерімен кері байланыс орнатылған.
Соңғы кездері облыс аумағында болып жатқан заңбұзушылықтардың түп төркіні де осы интернетте жатыр. Кітап оқымайтын, теледидар қарамайтын, күндіз- түні тек телефонға телмірген кейбір жастар дін мәселесінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғармай, от басуда.
Солардың бірі – Ақтау қаласының тұрғыны М. үстіміздегі жылдың мамыр айында Ақтау қаласы 29А шағын ауданы, №4 үйдің артында қоғамдық орында рұқсатсыз діни кітаптарды таратқан. Бұл заң бұзушылықты Ақтау қаласы Полиция басқармасы анықтап, 4 дана діни кітап тәркіленіп, хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша бұл іс Ақтау қаласы мамандандырылған сотына жолданып, М.-ға 102 095 теңге айыппұл салынды.
Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Ақтау қаласында 2 деструктивтік діни ағым мүшесін қарумен ұстады. Ақтаудың өндірістік аймағында «Қару» бағдарламасы аясында жүргізілген шарада олардан револьвер, винтовка, бита, электр есеңгіреткіш, қанжар сияқты көптеген қару табылған. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қарулардың бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында сараптамаға жіберілді.
Маңғыстау облысы Қарақия ауданының тұрғыны интернеттегі парақшасында діни экстремистік материалдарды, соның ішінде Қазақстанда уағыздары тыйым салынған Октам Заурбековтың зайырлы мемлекетімізге қарсы аудиожазбасын сақтаған және өзгелерге таратқан. Парақша иесінің бұл заң бұзушылығы сотқа жолданып, айыппұл салынды. Қоғамда, жалпы жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарымыздың бір парасы – осы интернеттің және жат ағымдардың зияны туралы тұрғындарға кеңінен түсіндіру.
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы «Вконтакте» желісінде деструктивті діни сипаттағы топтарға тіркелген азаматтардың діни алауыздықты тудыру қаупі бар материалдарын сараптамаға жіберіп отырады. Теріс қорытынды берілгендері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490 және 458 баптарына сәйкес жауапқа тарту үшін Маңғыстау облыстық Полиция департаментіне жолданылады.
Сондай-ақ экстремизм пиғылындағы материалдар «Киберқадағалау» жүйесі арқылы бұғатталуда. Бұл жұмыстардың барлығы зайырлы мемлекетіміздің қауіпсіздігі, тұтастығы мен ұлттаралық, дінаралық татулықты сақтау мақсатында республикалық кешенді бағдарламалар бойынша іске асуда.
Әлеуметтік желілерді қолданушы облыс тұрғындарына ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудырған тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынып немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертеміз.
Әсет НҰРОВ,
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы