Бұл жолы кезекті тіл сөйлеушілердің қалмауына байланысты емес, аты ауыстырылуына байланысты жойылды. Бұдан былай молдова тілі “румын тілі” деп аталатын болады. Молдова парламенті осындай заңды қабылдады.
Әзірге Молдова конституциясында мемлекеттік тіл ретінде «латын қарпіне негізделген молдова тілі» деп көрсетілген.
Айта кетсек, молдова мен румын халықтары – бір ұлт. Тілдері де бірдей. Ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін саяси себептерге байланысты қазіргі Молдова КСРО қарамағына өтіп, оларды румындардан бөлектеу үшін жасанды ұлт пен тіл пайда болған.
Соңғы жылдары Румыния мен Молдова саяси тұрғыда бір-біріне жақындап келеді. Бірақ Ресей Молдованың Румыния ықпалына кетіп қалуын қаламайды. Сондықтан да Днестр өзенінің сол жағалауын басып алған. Қазір ол жерде Ресеймен мүдделес, ешкім мойындамаған Приднестровье Молдова Республикасы бар.