Астана қаласында өтуді дәстүрге айналдырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезінің шақырылғанына осы 2023 жылы 20 жыл толады. 20 жыл – көп пе, аз ба? Бұл жаһандық сын-қатерлер кезінде дүниеге келген жас та болса, қалыптасуы жылдам, және, сайып келгенде, Съездің армандарын өзіне сыйдырған қомақты жас. Бұл дағдарыстан дағдарысқа дейінгі өмір емес. Бұл ерекше идеяларды жүзеге асырған, белсенді ұстанымы мен сарқылмас шығармашылық әлеуетін көрсеткен дәуір. Ең бастысы – бұл әлемдегі дінаралық диалогты дамыту үшін съезге қатысушылардың жемісті жұмысының жиырма жылдығы.
«Өзіңді құтқару үшін әлемді құтқару керек» деген Шығыс даналығын ұстана отырып, Қазақстан адамзатқа ХХІ ғасырдағы өркениеттердің жанжалсыз қатар өмір сүруінің бұрын-соңды болмаған үлгісін ұсынды. Адамзат әр мемлекет, барлық мәдениеттер мен діндер «Мыңжылдықтың даму мақсаттарына» сәйкес лайықты орын алатын әлемдік тәртіптің оңтайлы моделін іздеуде. Әр түрлі сипаттағы көптеген дағдарыстардың салдарынан көптеген адамдардың көзқарасы діни бірлестіктер мен ұйымдардың жетекшілеріне үмітпен қарайды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта жаһандану әлемінде діни-этникалық негіздегі қақтығыстармен қатар жүретін күрделі қоғамдық-саяси процестер орын алған кезде, дін мемлекеттер мен қоғамдар өмірінің барлық салаларында жұмылдырушы және интеграциялық әлеуметтік күш ретінде әрекет етуі қажет.
Осыған байланысты, Съездің және оның қатысушыларының міндеті дінді деструктивті процестерге тарту деңгейін төмендету және оның руханиятқа – адамның, қоғамның және мемлекеттің мағынасы мен мәніне бағытталған оң әлеуетін айтарлықтай арттыру болып табылады.
Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші съезінде сөйлеген сөзінде: «… Съезді өткізу біздің елімізде де, бүкіл әлем бойынша да диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Барлық алдыңғы форумдарда қабылданған декларациялар радикализмді, зорлық-зомбылықты және қақтығыстарды қандай идеялармен қамтыса да, үнемі айыптады. Қазіргі күрделі шындықта діни лидерлер бір үстел басында отырып, бүкіл әлемге кез-келген келіспеушіліктерді жеңетін ізгі ниеттің үлгісін көрсетуі өте маңызды. Бұл, менің ойымша, біздің Съездің басты миссиясы және ерекшелігі».
Қазіргі заманғы жаһандық сын-тегеуріндер мен халықаралық қауіпсіздік архитектурасының негіздерін сілкіндіру жағдайында Қазақстан түрлі өркениеттер, мәдениеттер мен халықтарды жақындастырудағы діни факторды ілгерілетуге және өзектендіруге жәрдемдесуді жалғастыруда.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру идеясында өз тәжірибесін әлемдік ауқымда таратуға жәрдемдеседі.
2003 жылғы қыркүйекте бірінші съезд шақырылған күннен бастап 20 жыл бойы тығыз байланыста жұмыс істейтін осы бірегей институттың қызметі арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның шоғырлануының үлгісін көрсетеді.
Мемлекетіміздің астанасы Астана қаласында 2003-2022 жылдар аралығында үш жылда бір рет өткізілетін жеті съезд бүкіл планета халқының бейбіт және лайықты өмірі мүддесінде түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзекті мәселелері бойынша Шығыс және Батыс өркениеттері арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге белсенді түрде жәрдемдесті, ислам және христиан әлемімен үйлесімді қарым-қатынастарды дамытты.
Қазақстан Республикасының мұндай бітімгершілік стратагемасы мен ұстанымы, оның әлемдік аренадағы процестерге деген жоғары жауапкершілігі өркениетаралық және дінаралық диалогтың жаһандық халықаралық орталығы ретінде халықаралық деңгейде лайықты танылуы мен құрметіне ие.
Съезд сонымен қатар ғаламшардағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, өркениеттерді, халықтар мен елдерді жақындастыру үшін саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерін біріктіруге арналған маңызды және тиімді халықаралық саяси құрал болып табылады.
Біздің халқымыздың ішкі іргетасы «толеранттылық, үйлесімділік және өзара түсіністік векторы. Бұл құндылықтар жалпыұлттық ойлаудың басты парадигмасына және тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік дамуының, оның тиімді саясатының ұйымдастырушы күшіне айналды.
Съездің негізгі қағидаттарының маңыздылығын ескере отырып, 10-11 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері М.Әшімбаевтың төрағалығымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXI отырысына қатысу үшін әлемнің 20-дан астам елінен исламның, христианның, иудаизмнің, буддизмнің, индуизмнің, даосизмнің, синтоизмнің діни лидерлері жиналады.
Хатшылық шеңберінде өткен жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIІ Съезінің қорытындылары, Съезд Хатшылығының XXII отырысының өтетін күні мен орны, сондай-ақ «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын» талқылау және қабылдау жөніндегі пікір алмасулар өтеді.
Д. Есенова,
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты
дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы
Басқарма төрағасының орынбасары