Сағынып күткен Рамазанға да аз қалды. Жыл өткен сайын адамдардың ораза құлшылығына оң қабақ танытып келе жатқаны, шама-шарқынша құлшылық жасап жүргені қуантады. Дегенмен, басымыздан қанша Рамазан айын өткізсек те, үнемі бір сұрақ көкейде қалып қоя береді. Ол сұрақ – қалайша ораза 5 уақыт намаздан жеңіл?
Бұл сұрақтың астарында көптеген адамдар Рамазан сайын ораза тұтса да, неге 5 уақыт намазын оқымайды деген заңды сауал жатыр. Сырттай қарағанда ораза – намазға қарағанда ауыр ғибадат. Таңнан қара кешке дейін астан, судан, нәпсінің түрлі қалауынан тыйылу оңай емес. «Расында, намаз арсыздық пен жамандықпен тыяды…» деп Құранда баяндалған намаз ғибадаты оразадан әлдеқайда жеңіл.
Сонымен, Рамазан оразасының күнделікті бес уақыт намаздан жеңіл болуының бірнеше себебін тізіп көрелік.
Нәпсімен жеке қалу. Рамазан айы кіргенде шайтандардың кісенделіп, отыз күн бойына ораза ұстаушының нәпсімен жеке қалатыны хадистерде баяндалған. Яғни, іштен бықсытып, көкейге түрлі ой салып азғыратын нағыз дұшпан шынжырланғандықтан, адамға нәпсісін игеру оңай болмақ.
Жылына бір ай парыз етілген құлшылық. Намазды жылына 365 күн, тәулігіне бес уақыт орындау нәпсіге ауыр әрі 11 ай бойы шайтанның бір сәтке де ұйықтамайтынын, бос отырмайтынын ескеріңіз. Ал Рамазан айында жоғарыда айтылғандай азғырушы жоқ және сауап іздеген жанға 365 күннің 30 тәулігінде аш жүру – үлкен олжа.
Денсаулыққа пайдасы. Әрине, намаздың да денсаулыққа пайдасы өте көп, дегенмен, оразаның тәнге пайдасы соңғы 10-15 жылда кеңінен зерттелді. АҚШ, Жапония, Германия сынды алпауыт мемлекеттердің ғалымдары жасаған зерттеулердің нәтижесі талай адамның оразаға деген ойын өзгертті.
Ауызашар және қайырымдылық. Рамазанда басқа айларға қарағанда көп қайырымдылық жасалады екен. Сондай-ақ, адамдардың өзара қарым-қатынасы ауызашардың арқасында бұрынғыдан да жақсарып, оразаны ғибадат қана емес, мереке деп қабылдайды.
P.S. Ескерте кететіні, бес уақыт намазы жоқ адамның Рамазанда тұтқан оразасы қабыл емес деуге әсте болмайды. Өйткені, бұл екі ұлы ғибадат бір-бірімен рухани жағынан байланыста болғанымен, қияметте бөлек сұралады.