Биыл 115 жылдығы аталып өтетін Ақжан әл-Машанидің қазақ руханиятына қосқан үлесін әркім біле бермейді. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің мұрасын сөйлеткен біртуар ғалымның енді жаңа еңбегі оқырманға жол тартты.
«Табиғат – матбуғат» атты әл-Машанидің кітабында әл-Фарабидің космологиялық еңбегіндегі табиғат ғылымынан адам тағылым алуға міндетті деген ой жеткізіледі. Еңбектің қолжазба нұсқасын профессор Ақжан әл-Машанидің өзі 1984 жылы кітапханаға сыйлаған. Қолжазба ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 38 жыл бойы сақталған. Бірақ оның тілін түсінетін адам болмағандықтан ешкім қолдана алмаған. Қолжазбаның аударма ісін ұйымдастыруды Ақжан әл-Машанидің шәкірті, фарабитанушы Садақбаева Гүлсім қолға алып, маман іздеу барысында «Нұр-Мүбарак» университетінің докторанты, исламтанушы Қуат Қабдолдаға хабарласады.
– Кітаптің аудармашы болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Себебі біз ғылым десе, алдымен Әл-Фарабиді айтамыз, араб ғалымдары «Әл-Фараби – аспанды жерге, ғылымды халыққа жақындатқан ғалым» деп баға берген. Ал Ақжан атамыз әл-Фарабидің қазақ топырағынан шыққанын әлемге дәлелдеген әрі алғашқы фарабитанушы. Кеңес үкіметі кезінде намаз оқып, ғұлама, қази Сәдуақас Ғылманимен атеистерге қарсы талай жауап берген текті тұлға. Сондықтан мен үшін әл-Машани бабамыздың еңбегінің бір ұшында жүру зор қуаныш болғандықтан, 40 беттік қолжазбаны екі күнде тапжылмай отырып аударып шықтым, – деді аударма авторы Қуат Қабдолда.
Төте жазу және араб мәтіндері аралас еңбекте метафизикалық талдаулар әбжад есебінде берілген. Ал ондай қолжазбаны талдай алатын мамандар елімізде санаулы ғана. «Табиғат – матбуғат» деген – «Табиғат – баспа» деген мағынаны береді. Ақжан әл-Машани Әл-Фарабидің космологиялық еңбегіндегі табиғат ғылымынан адам тағылым алуға міндетті деген ойды дәлелдеген. Халқымыздың мәдениет, ғылым, өнер, сәулет, жазу тарихы, дін мен ұлттық дүниетанымның сырларын жаңа қырларынан тануға бір көмекші құрал іспетті.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
Керемет! Осындай Алла разылығы үшін жасалған игі істер көбейе берсін!!!