Сұрақ: Әке балаларына темірдей қатал болуы керек пе?
Жауап: Бұлай ойлаған адам қателеседі. Дін ер азаматқа отбасында, әсіресе балаға мейірімді болуға үндейді. Ислам балаларға ғана емес, тіпті жануарға да мейірімді болуға шақырады. Ислам тарихында пайғамбардың (с.ғ.с.), сахабалардың өз отбасына, құлдар мен күңдеріне, жануарларға аса мейіріммен қарағаны туралы риуаяттар бар.
Сахабалар ұрыс алаңында арыстандай айбатты, қатал әрі сұсты бола тұра бала-шаға ортасында қамқор әрі жұмсақ мінезді болғандарын білеміз. Мысалы, сахабалар арасында өзінің қаталдығымен, ұрыс алаңында күшімен танылған хазіреті Омарды алайық.
Күндердің бірінде Омардың үйіне кірген қызметші, оның шалқасынан түсіп, үстінде сәбилердің ойнап жатқанын көреді. Бұл жағдай қызметшінің көңіліне ұнамағанын байқап қалған Омар (р.а.): «Сен өз бала-шағаңмен қалай қатынас қыласың?» – деп сұрайды. Қызметші:
– Мен үйге кіргенімде, сөйлеп отырған адамның ауызына құм құйылады, – дейп өзінің отбасындағы қатал мінезділігін айтады. Омар (р.а.):
– Сен қызметтен босадың! Өз отбасың мен бала-шағаңа қатыгез болсаң, онда Мұхаммедтің үмбетіне қалай рақымды болмақсың? – дейді.
Сол үшін исламда пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мейірімді болмаса, мейірімге бөленбейді» деген хадисі басшылыққа алынады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ