Сұрақ: Айт намазы пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында оқылды ма?
Жауап: Негізінде Айт намазы исламдағы басқа да құлшылықтар сияқты пайғамбардың (с.ғ.с.) заманынан бастау алып, уәжіптігі Құран мен сүннетке сүйенеді. Себебі пайғамбар (с.ғ.с.) бұл құлшылықтардың дұрыс орындалу үлгісін көрсетіп кеткен.
Дәл сол сияқты Рамазаннан кейінгі айт намазы да пайғамбардың және сахабалардың дәуірінен жалғасып келеді. Мысалы, мәдинадалық бір сахаба пайғамбардың қасында отырып, Исламнан бұрын тойлайтын екі мейрамның болғаны туралы айтады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла сол екі күннің орнына сендерге олардан әлдеқайда жақсысын берген. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт», – деп айтқан (Әбу Дәуіт).
Пайғамбардың (с.ғ.с.) алғаш оқыған айт намазы – һижреттің екінші жылындағы Рамазан айт намазы болған. Бұны ибн Аббастың төмендегі риуаят дәлел болмақ: «Алланың елшісі (с.ғ.с.), Әбу Бәкір, Омармен бірге Рамазан айт намазына қатыстым. Барлығы да айт намазын хұтпадан бұрын оқыды».
Ибн Аббас бақа бір риуаятта: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) айт намаздарын азансыз, қаматсыз оқыды», – деп айтқан (Әбу Дәуіт).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ