Сұрақ: Айт күні қандай амалдар жасау керек?
Жауап: Мәшһүр Жүсіп: «Әдеп – діннің нақ жартысы. Әдепсіз дін жарты болады екен…», – деп айтпақшы, Исламда әрбір құлшылықттың, амалдың өз әдебі бар. Себебі әдеп белгілі құлшылықтың дұрыс әрі сұлу етіп көрсететін әшекейі десек болады. Сол сияқты Айт күнінің де әдептері бар. Мұны әдетте Айт намазының сүннеттері деп те атайды. Олардың бірқатарын айтып өтер болсақ:
- Рамазан айт намазына асықпай барып, күн біраз ұясынан шыққанын күтіп оқу – сүннет.
- Айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеп шығу – мұстахаб. Бұған қатысты Бурәйда (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін» деп айтқан (Ахмад ибн Ханбал).
- Айт күні үйден ғұсыл (бой дәрет) алып шығу. Тісін тазалау (ауыздан жағымсыз иіс шықпауы тиіс).
- Айт күні ерекше мейрам екенін көрсетіп, әдемі киімдерді кию. Хош иісті иіссулар себіну.
- Ағайын-туыстардың, жора-жолдастардың және көршілерінің үйіне айттау, оларға жақсы тілектер тілеу.
- Қолдан келгенше әзгі амал жасау, садақа беру.
- Сондай-ақ, Айт намазына шыққан адамға барарда бір жолмен, қайтарда басқа жолмен қайту мұстахаб іс, т.б.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ