Сұрақ: Айт күндері дегеніміз не?
Жауап: «Айт» сөзі араб тілінде «мереке» дегенді білдіреді.
С: Исламда қандай айт күндері бар?
Ж: Екі айт күндері бар: біріншісі – ораза айт, екіншісі – құрбан айт.
С: Ораза айт деген қандай мейрам?
Ж: Рамазан айындағы оразадан шығуды білдіретін мейрам.
С: Құрбан айт деген қандай мейрам?
Ж: Аллаға бағыштап құрбандық шалатын мейрам.
С: Ораза айт қай күні болады?
Ж: Рамазан айы біткен соң, шәууәл айының алғашқы күні болады.
С: Құрбан айт қай күні болады?
Ж: Зулхижжа айының 10-шы күні болады.
С: Айт күндері не үшін «шаттыққа толы күн» деп аталады?
Ж: Өйткені, бұл күндері мұсылмандар ерекше қуанып, шаттанады.
С: Не себептен қуанады?
Ж: Осы күндерді ұлық санап, байлар кедейлерге садақа береді. Шын көңілмен тәубе етіп, кешірім сұраған кісілердің күнәләрі кешірілуі уәде етілген.
С: Айт күндері қандай істерді жасау сүннет?
Ж: Ораза айт күні таң атқаннан кейін дәмді тамақ жеп, айт намазын оқамастан бұрын пітір садақасын беру сүннет;
Құрбан айт күні айт намазы оқылмай тұрып ораза ұстаған кісі сияқты ешқандай тамақ немесе сусын ішпей, намаздан кейін құрбандық етін, сорпасын немесе біраз сусын ішу сүннет болады.
Құрбан айт намазына барғанда үйден шығып мешітке жеткенге дейін тәкбір айту сауап болады.
Әр айтта таң атқан соң ғұсыл алу, мисуакпен ауыз тазалау, жақсы киім кию, иіссу себу, намаз оқылатын жерге жаяу бару, қайтқанда жол-жөнекей кедей кісілерге садақа бару, айт намазында қиямет күнін және жасаған күнәларын есіне түсіру, сол үшін кешірім тілеп, тәубе етіп, кешірім сұрау, харам істерден аулақ болып, айт мейрамын шаттықпен өткізу сүннет.
Айт намаздары
Сұрақ: Қандай кісілерге айт намазын оқу уәжіп?
Жауап: Айт намазы уәжіп болуының 6 шарты бар: балиғатқа толған ер адам болу; азат; дені сау; жергілікті; көзі көретін; өздігінен жүре алатын болу.
С: Әйелдерге, сәбилерге, қамаудағыларға, бостандығы жоқ кісілерге, жолаушыға, екі көзі көрмейтін және аяғы жоқ немесе жүре алмайтын адамдарға айт намазы уәжіп пе?
Ж: Уәжіп емес, себебі бұл кісілер үзірлі болып саналады.
С: Сонда да бұл кісілердің айт намазына барып қатысуына бола ма?
Ж: Болады.
С: Айт намазын оқудың неше шарты бар?
Ж: Бес шарты бар: 1) жұма намазы сияқты ірі елді мекенде болу; 2) кез келген кісінің кіруіне рұқсат көпшілік мешітте оқылуы; 3) имам болатын кісі мемлекеттің басшысы немесе мүфтиі тарапынан айт намазын өткізуге рұқсат алған болуы; 4) имамнан басқа үш кісінің болуы; 5) айт намазының уақыты кіруі.
С: Айт намазында құтпа оқыла ма?
Ж: Құтпа оқу сүннет.
С: Айт намазы қай уақытта оқылады?
Ж: Күн шығып, арқан бойы біраз көтерілгеннен бастап, күн тас төбеге барғанға дейін.
С: Бір үзірлі себеппен айт намазын кешіктіріп оқуға бола ма?
Ж: Үзірлі жағдайда айт намазын кешіктіруге рұқсат. Ораза айт намазын тек бір күн, ал құрбан айт намазын үш күннің ішінде оқу керек.
Айт намаздарының оқылуы
Сұрақ: Айт намазы неше ракағаттан тұрады?
Жауап: Құрбан айт пен ораза айт намаздары екі ракағаттан тұрады.
С: Айт намаздары жамағатпен бірге оқыла ма?
Ж: Иә.
С: Айт намазы үшін азан және қамат айтыла ма?
Ж: Айтылмайды. Азаншы мінберге шығып, бірнеше мәртебе «намаз, намаз» деп айқайлайды.
С: Айт намазына қалай ниет қылынады?
Ж: Ораза айт болса: «Алла разылығы үшін екі ракағат ораза айт намазын оқуға имамға ұйыдым», – деп ниет қылынады.
Құрбан айт намазына да дәл осылай ниет етіледі, тек сәйкесінше «Құрбан айт намазын оқуға» деп айтады.
С: Екі айт намазы қалай оқылады?
Ж: Екеуі де бірдей оқылады. Ниет қылып, тәкбір алғаннан кейін сана дұғасы оқылып, одан кейін имам жамағатпен бірге үш рет «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтады. Әр тәкбір айтқанда қолдарын көтеріп, бас бармақтарын құлағының жұмсағына тигізеді. Тәкбір-тахримадан бөлек, үш тәкбір айтқаннан соң имам дауыстап «Фатиха» сүресін және қосымша бір сүре оқиды. Сосын әдеттегіше рүкуһ пен сәжде жасалып, екінші ракағатта «Фатиха» мен қосымша сүрелерді оқып болғаннан кейін жамағат имаммен бірге бірінші ракағаттағыдай бас бармақтарын құлағының жұмсағына тигізіп тағы үш рет тәкбір айтады. Кейін тағы бір тәкбір айтып рүкүғке барады. Рүкүғ, сәжде жасаған соң, қағдаға отырып, басқа намаздар секілді сәлеммен бітіреді.
С: Айт намаздарының басқа намаздардан айырмашылығы бар ма?
Ж: Жоғарыдағы қосымша тәкбірлерден басқа айырмашылықтары жоқ.
С: Сол тәкбірлердің арасында қолдар байлана ма?
Ж: Байланбайды.
С: Бұл тәкбірлер қалай аталады?
Ж: «Зәуәид тәкбірлер» (артық тәкбірлер) деп аталады.
С: Айт намазы біткеннен кейін имам не істейді?
Ж: Мінберге шығып, екі рет құтпа оқиды.
С: Имам сол құтпада не айтады?
Ж: Ораза айт құтпасында пітір садақасының үкімдерін айтады. Құрбан айт құтпасында құрбан шалудың үкімдерін айтады.
С: Айт намазына кешігіп келген кісі не істейді?
Ж: Басқа намаздағыдай жамағатқа қосылып, кейін кешіккен жерін толықтырып өзі оқып бітіреді.
С: Айт намазына кешігіп қалған адам не істейді?
Ж: Айт намазын оқымайды, оның қазасы жоқ.
«Ислам ғибадаттары» кітабынан