− Айнұр Әбдірәсілқызы, өткен сұхбаттағы келісіміміз бойынша сізбен каллиграфия – хұснихат өнеріне қатысты әңгіме-дүкен құрмаққа ниеттеніп отырмыз. Тілек өзіңізден болған-ды, сондықтан әлқисса делік…
− Бұл тілегіміздің бастауында Түркия іссапары қозғау салған құндылықтарымыз тұрғаны көзі қарақты оқырманға сол сұхбаттан аян. Анадолы сапарында жиі қайталанған әсердің бірі – өзіміз ат басын бұрған әрбір мекемеміздің қабырғасынан дерлік хұснихат өнерінің біріне-бірі ұқсамайтын тамаша туындыларын көргеніміз болды. Түріктер «хат санаты» – «көркем жазу өнері» деп атайтын бұл туындыларда негізінен Құран аяттары, Мұхаммед пайғамбар хадистері, Алла Тағаланың көркем есімдері мен дұғалар айшықталған.
Көркем жазуды бейнелеу өнерімен ұштастыра отырып, дербес өнер саласы ретінде дамыған каллиграфия – тұтастай алғанда дүниежүзі халықтарының басым бөлігінің мәдениетіне тән үдеріс. Европалық, шығысазиялық каллиграфия үлгілерімен қатар жеке ұлттарға тән жапон, араб, армян, еврей, үнді каллиграфиясы да өздеріне тән дербес стильдерде қалыптасқан.
Соның ішінде ислам дінінің әсерімен тікелей байланыста ең кең тарағаны және терең дамығаны араб каллиграфиясы болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған көптеген елдерде әсіресе ортағасырларда араб каллиграфиясы ерекше жиі қолданыста болған. Бүгінгі түрік жұртында да ортағасырларда «османлы ләухасы» атанған хұснихат туындылары қағазға, матаға, керамикаға түсіріліп, әртүрлі пішіндерге келтіріліп өрнектелген.
− Сөзіңіз аузыңызда, араб каллиграфиясы тек діни мәтіндерді ғана қамтыған ба?
− Араб елдеріндегі каллиграфия бастапқы кезеңдерде тек көркем жазу өнері ретінде қалыптасып, дамыды, сондықтан оның аят, хадис, Алла есімдері және дұғалар секілді діни мәтіндерді ғана қамтуы қалыпты жағдай болатын. Бірте-бірте хұснихат жазуымен әділетті төрт халифтің, Бадр соғысына қатысқан тұлғалардың есімдерін, Мұхаммед пайғамбар хақындағы мадақ жырларын айшықтау үрдіске айналған. Сонымен қатар белгілі бір геометриялық пішіндер аясында немесе әртүрлі нысандар суреті ішінде көркем жазумен берілген діни мәтіндерді қоса қамту да қолданысқа енді.
Баспахана ісі дами бастаған ХІХ ғасырдан бастап, ләухалар Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттердің, басқа да қалалардағы сәулетті ғимараттардың, темір жолдардың, кемелер мен айлақтардың суреттері түрінде литографиялық үлгімен көптеп шығарыла бастады. Негізгі пішімі нақты нысанды бейнелегенімен, оларда хұснихат әдісімен діни мәтіндер де жиі өрнектелді. Сондай-ақ көркем жазу стилімен тасқа басылған нұсқада діни немесе әдеби туындылар да дербес жарық көре бастады. Хұснихаттың литографиялық үлгісінің дамуына осылай жол ашылды.
Хұснихатты дін ғалымдары көзбен көру арқылы қабылданатын көркем насихат ретінде бағалайды, ал оның түрлі дүнияуи нысандарды безендірген үлгілерін жаратылыс арқылы Жаратушының хикметін танудың бір әдісі деп санайды.
− Бұл өнердің күрделілігі неде?
− Жазу үлгісі ретіндегі араб каллиграфиясы бейнелеу өнерінің туындысы ретіндегі хұснихатқа ұласқанға дейін талай үдерістерді бастан кешірді. Бұл өнердің шығу тегін зерттеушілер әдетте Құранды хатқа түсіру басталған ІХ ғасырдан таратады. Базбір зерттеушілер ислам дінінде жандыны бейнелеуге тыйым салынуы көркем жазудың дамуына даңғыл жол ашты деп есептейді. Қалай болғанда да, ІХ-ХІІІ ғасырлар аралығында араб каллиграфиясының насх, мухаққақ, сулс, риқа, райхани, тауқи секілді бірнеше жазу үлгісі қалыптасып үлгерген болатын.
Көркем жазу өнері дами келе жоғарыда айтылғандай бейнелеу өнерімен ұштасып, жекелеген сөздер мен тұтас мәтіндерді белгілі бір пішінге келтіре кескіндейтін каллиграфиялық сурет өнеріне ұласты.
Дегенмен хұснихат туындылары мәтіндерді әсем де айшықты түрде өрнектеумен ғана ерекшеленбейді. Өнер саласы ретінде ғасырлар бойы қалыптасқандықтан оған қойылатын сан түрлі симметриялық талаптар бар. Жазулардың айнадан шағылысқандай дәлме-дәл қосалқы көрінісін беру, тепе-теңдік, үйлесімділік, қатаң пішін, рационалдылық, эстетикалық және мазмұндық көпқабаттылық – осының барлығы хұснихат туындысының көп қырлы ерекшелігін айқындайтын талаптар.
Мұнымен қоса каллиграфиялық суретті түрлі-түсті бояулармен жиектеу, мұсылмандық нақышпен өрнектеу, су әдісімен көркемдеу секілді қосымша әрлеу жұмыстары да бар. Осының бәрін қоса алғанда каллиграфиялық сурет кешенді бір өнер саласы болып шығады.
Бірақ ең басты күрделілік хұснихатқа қасиетті мәтін тектес биік рухани талаптар қойылатынымен байланысты деуге болар. Хұснихатшылар (арабша – «хаттаттар») бұл өнерді рухани тазару, арылу өнері ретінде бағалаған және соған лайық рухани дайындық жағдайында болуға тырысқан.
− Хұснихаттың бүгіні қандай? Қалай үйреніліп, қалай дамытылуда?
− Баршаға белгілі, ХХ ғасырдың өн бойында көптеген тарихи өзгерістердің орын алуы, соның ішінде араб графикасының қолданылуы тежеліп, түркі халықтарының жаппай латын немесе кирилл әліпбиіне ауысуы каллиграфия өнерінің біршама тоқырауына, белгілі бір деңгейде қолданыстан шығып қалуына соқтырды. Дегенмен Түркия Республикасында 1970-жылдардан бергі кезеңде, ал кеңестерден кейінгі кеңістікте соңғы ширек ғасырда хұснихат өнерінің қайта жандануы байқалады. Яғни қазіргі таңда бұл өнер өзінің жаңғыру кезеңін бастан кешіруде деуге негіз бар.
Хұснихат өнері әдетте жеке ұстаздардан үйреніледі. Өйткені әрбір ұстаздың жоғарыда айтылған жазу үлгілерінен нақыштау мәнеріне дейінгі аралықтағы машықтарды қамтитын өзіндік стилі болады. Жекелеген ұстаздар көркем жазуды үйретумен шектелуі де мүмкін. Қазір Түркия Республикасындағы бірқатар жоғарғы оқу орындарының көркем өнер факультеттерінде хұснихат арнайы пән ретінде оқытылуда. Сонымен қатар хұснихат курстарына ерікті түрде қатысуға мүмкіндік жасақталған. Әдетте хұснихат өнерін кемел дәрежеде болмаса да, белгілі бір деңгейде меңгеруге кемінде бір жыл уақыт қажет делінеді.
Кез келген өнердің дамуына оның өнімдеріне деген сұраныс әсер етеді. Бүгінгі түрік зиялылары, рухани мәдениетке қатысы бар ресми және бейресми мекемелері хұснихат өнімдерін талғаммен тұтынуды ұнамды үдеріске айналдырған сыңайлы.
− Өзіңіз атап өткен кеңестерден кейінгі кеңістікке көз салсақ, қандай үдерістер көзге шалынар еді?
− Көзбен көргендерімді ғана айтар болсам, шаһарлы жұрт санатына ертерек енгендіктен, ежелден ерекше дамыған жазу өнері мен баспа мәдениетінің арқасында көне мұраларынан қол үзбеген өзбек халқында хұснихат өнері жақсы сақталған. Бұл елмен байланысымыз тығыз, ақпарат алмасуымызда кедергі кем, демек ойлы оқырман осы бағытта іздегенін көп қиналмай таба алады. Сондықтан мен біршама шалғай жатқан татар жұртынан көргендерім мен көңіліме түйгендерімді өрнектейін, Ресей іссапарының тағылымды тәжірибесінің тағы бір көрінісі іспетті болсын.
Хұснихат өнері татарларда «шамаиль» деп аталатын таңғажайып туындыларды дүниеге келтірген. Бұл атаудың шығу төркінін татарлар парсылық ұғымнан таратады. Ортағасырлық парсы бейнелеу өнерінде «шамаиль» деп шииттік сенімге сәйкес ерекше дәріптелетін хазіреті Әли бейнесінде хатқа түсірілген каллиграфиялық жазу үлгілері аталған екен. Татар жұртына бұл өнердің атауы ауысқанымен, мазмұны өзгеше реңк алған: татарлар шамаильді портреттік бейнелерді кескіндеуге қолданбаған. Ол жоғарыда айтылғандай дүнияуи нысандар мен діни мәтіндерді астастыра бейнелеген немесе діни мәтіндер дербес айшықталған каллиграфиялық суреттер түрінде дамыған.
Османлы ләухасында қағаздан керамикаға дейінгі материалдар пайдаланылса, татар жерінде тіпті шыныға да шамаильдер салынған екен. Мазмұндық тұрғыдан да татар шамаильдері аса бай: діни мәтіндердің үлкенді-кішілі көптеген үлгілері хұснихатқа көшірілген. Литографиялық үлгідегі шамаильдер де тұтас бір галереяны құрайды.
Дегенмен жаңа тарих кезеңіндегі өзгерістер татар шамаильдерінің тағдырына да біршама әсер еткен. Орталықтан ығысқан өнер шалғай аймақтарға ауысатыны белгілі, ХХ ғасырдың өн бойында татар шамаильдері де негізінен елді мекендерде өмір сүруін там-тұмдап жалғастырып келді.
Ал қазір татар жерінде шамаильдерінің ежелгі нұсқалары жинақталып, зерделеніп, ғылыми-танымдық еңбектер жарыққа шығарылуда. Ұлттық өнер сабақтастығын жалғастыра отырып, қазіргі татар каллиграфтары тың пішіндегі шамаильдерді туындатуда. Өлмес өнерге деген махаббат осылай көрініс тауып отыр.
− Ал қазақ жеріндегі хұснихат өнері туралы не айтар едіңіз?
− Біртұтас Орта Азия мәдени кеңістігінің әсерімен ортағасырларда қазақ жерінде де хұснихат өнері біршама дамыған болатын. Оның туындылары Қазақстанның оңтүстік аймақтарында көбірек сақталған.
Мәтін түріндегі каллиграфия үлгілерін уақфтық құжаттардан, діни қолжазбалардан, генеологиялық шежірелер – насабнамалардан кездестіруге болады. Олардың негізгі мәтіндері ғана емес, жиектеріндегі көптеген жазбалар да хұснихатшылардың қолтаңбасын аңғартады. Ортағасырлық рухани ұстаздардың мөртаңбалары, мысалы, Арыстанбаптың доғал онбұрыш пішініндегі мөрі мен Қожа Ахмет Ясауидің он бір Ахметтің есімі жазылған, ішкі жазуы жапырақ сипатты, сырты шеңберлі мөрі хұснихаттың нағыз көркем үлгісі ретінде хатталған.
Бертінгі қазақ жұртындағы хандар есімі жазылған мөр-сақиналар, кісі есімдері таңбаланған әшекей бұйымдар да хұснихат өнерін біршама ілгерілеткен.
Ал каллиграфияның ең кесек те кемел туындылары ретінде біздер сәулет ескерткіштеріндегі көркем жазуларды атар едік. Олардың мазар мәдениетімен тікелей байланыста дамығанын атап өткен жөн.
Барша қазаққа танымал бір ғана Ясауи кесенесіндегі көркем жазуларды алайық. Қарапайым жұртшылық аталған сәулет ғимаратының кестелі нақыштары ретінде қабылдайтын көптеген өрнектер шын мәнінде хұснихат үлгісімен жазылған Алла есімдері мен Мұхаммед пайғамбардың аты болып табылады. Қабырғаларды айналдыра бедерленген діни мәтіндер, аяттар мен хадистер өз алдына бір жосын. Кесене қақпасы мен ішкі қабырғаларында, көнеден сақталған бұйымдарында көркем жазу үлгілері тұнып тұр.
Қазақстанның өзге өңірлерінде де каллиграфия үлгілері негізінен мазар мәдениетінде қолданылғаны байқалады. Араб әліпбиінің қолданыстан шығуы біздің елімізге де бұл өнердің жаттана бастауына себеп болды.
− Дәстүрлі сұрақ: Не істеу керек? Хұснихат өнерін қалай жаңғырта аламыз?
− Біздің елімізде хұснихаттың саусақпен санарлықтай мамандары бар. Олар бұл өнерді сырт елдерде жүріп меңгерген. Өзім білетіндерден Нұриддин Паттеев, Хасан Аманқұлов пен Асан Махмұтұлы есімдерін ғана атай аламын. Осындай азаматтардың шәкірт тәрбиелеп, хұснихат өнерін дамытуына, ұлттық нақышпен байытуына мүмкіндік жасалғаны жөн болар еді.
Мазар мәдениетін жете зерделеген отандық белгілі ғалым Әшірбек Момыновтың, Ясауи кесенесі жазбаларын зерттеп, арнайы еңбек жазған түрік ғалымы Метин Акардың, басқа да мәдениеттанушы ғалымдардың еңбектерін, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы жариялаған ортағасырлық жазбаларға қатысты зерттеулерді талдап-таразылап, хұснихатқа қатысты жолнұсқа болатын дербес ғылыми-танымдық еңбек құрастыру қажеттілігі айқын.
Өз басым қашанда отандық тәжірибені игеріп болғаннан кейін ғана «шетелдерден не үйрену қажет?» деген сұрақты қойғанды жөн көремін. Сондықтан үшінші қадам − Түркия жеріне хұснихат өнерін меңгеру мақсатында шәкірттер жіберу дер едім. Бұл рухани-мәдени үрдіске әсіресе араб тілін кәсіби деңгейде меңгерген исламтанушы мамандарымыз атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді. Түрік жерінде жүргенде осы мәселені індетіп зерделеп көріп едік, ол жердегі азаматтар хұснихат өнерін Қазақстаннан Түркияға барып білім алып жатқан болашақ дінтанушы немесе исламтанушылардың қосымша мамандық ретінде игергені тиімді болатынын айтты. Бұл орайда олар қажет көмекті көрсетуге әзір.
Айтқандай, таяуда ғана Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада IRSIKA халықаралық қорының ұйымдастыруымен Түркия Республикасында үздік деп танылған заманауи каллиграфия туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Осындай танымдық шаралар қоғамдық санаға өзіндік қозғау салары сөзсіз. Сондықтан аталған басқосуда біз де біраз базынамызды ел назарына салуға тырыстық.
− Қазақстанда хұснихатты жаңғырту бізге не береді?
− Ең алдымен ұлттық мәдениеттің ұмыт қалып бара жатқан саласын қайта жаңғыртуға, сол арқылы ұлттық тарих пен рухани мәдениетке деген құрмет пен сүйіспеншілікті жандандыруға жол ашады.
Екіншіден, ұлттық бейнелеу және жалпы көркемдеу-безендіру өнеріне көнеден тамыр тартқан жаңа мәнер-машық қосып, тың өрнекпен байытады.
Үшіншіден және бәлкім, қазіргі діни ахуал жағдайында ең бастысы − ислам жайындағы түсінікті кеңейтеді, діннің сенімдік қағидаттармен шектелмейтінін, рухани мәдениеттің әрбір саласын көктей өтіп, арқауына айналып жатқанын аңдатып, оның бай да мазмұнды мұрасын түстеп-тануға мүмкіндік береді. Ал әрбір шектелушіліктен арылудың дамуға даңғыл жол ашатыны белгілі.
Түйіндей айтқанда, хұснихат өнерін жаңғырту Елбасымыз еліне өсиет еткен рухани жаңғыруға жасалар және бір қадам – жай емес, көркем де айшықты қадам болар еді.
− Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!
Kazislam.kz