Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында өңірдегі блогерлермен кездесу өткізді.
Игі жүздесуге облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алмат Әли, «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз хатшысы, журналист, мүфтияттың төл телеарнасы, республикалық «Munara.tv» телеарнасының тілшісі Ақтолқын Тажикова, журналистер мен блогерлер қатысты.
Аталған жиын барысында облыстың бас имамы блогерлермен жіті танысып, ізгі қоғамның маңыздылығын атап өтті.
«Баршамыздың мақсатымыз ортақ. Ал ортақ мақсатымызға жету үшін ең әуелі өз арамызда бірлік пен бауырмалдық қасиетті бекем етуіміз қажет. Бауырмашылдық – Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне берген ұлы нығметтерінің бірі. Бүгінгі басқосуға келгендеріңізге өз атымнан айрықша алғыс білдіремін. Бізді біріктіретін мақсаттар көп. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болып, ізгілікті насихаттасақ, иманды қоғам құруға үлкен септігін тигізеді» деді Серікжан Еншібайұлы.
Сонымен қатар басқосуда бас имам Діни басқарманың игі жобалары мен жоспарлары туралы баяндап берді. Одан өзге қоғамдағы оның ішінде әлеуметтік желідегі дәстүрлі діни мектепті қалыптастыру, «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмысы, қазақ жастарының діни ілімі, мүфтияттың 5 бағыты бойынша іс-шаралары, т.б. мәселелер төңірегінде пікір білдірді. Ал блогерлер аталған тақырыптар аясында ойталқыларын айтты.
Шара қортындысында блогерлер кездесуге ұйытқы болған дін қызметкерлеріне алғыс айтып, Діни басқарма бастамаларын қолдайтынын жеткізді.