Сұрақ: Әйелдер жаназа намазына неге қатыспайды?
Жауап: Жаназа намазы – кифая парыз болып табылатын ғибадат. Яғни, бір немесе бірнеше мұсылман жаназа намазын оқыса жетіп жатыр. Бұл жерде еркек-әйел деп ешқандай бөлектеу жоқ. Бұл намазды мейлі еркек болсын, мейлі әйел болсын бір мұсылман адам оқыса болды, парыз орындалған болып саналады.
Мысалы, ешқандай еркек болмаса да, жалғыз әйелдің жаназа намазын оқуы жеткілікті. Сонымен қатар, мүлдем еркек кіндік болмаған кезде жаназаны әйелдер жамағатпен оқи алады. Имам болғаны саптың ортасында тұрады, қалғандары жамағат болады.
Осындай үкім болғанына қарамастан «неге жаназа намазына әйелдер қатыспайды?» деген орынды сұрақ туындайды.
Бұл сұраққа қатысты мынаны айтуға болады:
-
Жаназа намазы – кифая парыз. Бәрінің бірдей оқуы шарт емес. Сондай-ақ, жаназа намаздары әдетте мешітте оқылатындықтан және мешітке негізінен ер адамдар келгендіктен, жаназа намазын әрқашан ер адамдар оқыған.
-
Әйелдер еркектерге қарағанда эмоционалды болып келетіндіктен олар қайғы-қасіретті көтере алмайды. Көз жасына ие бола алмайды және айқайлап жылайды. Осылар ескеріле отырып, әйел затын туыстары тарапынан жаназа намазына қатыстырмау әдетке айналған.
Бұл тәжірибенің қайнар көзі белгілі дәрежеде хадистерге сүйенеді. Умму Атийя (р.анха) былай дейді: «Біз әйелдерге Алла Елшісі (с.ғ.с.) тарапынан жаназаны жерлеу рәсіміне қатысуымызға тыйым салынды, тек бұл тыйымға бағыну бізге уәжіб етілген жоқ». (Ибн Маж, Жанаиз, 50.)
Хазірет Әлиден (р.а.) жеткен хадисте былай бұйырылады:
Алла Елшісі (с.ғ.с.) сыртқа шығып, бір топ әйелдер отырғанын көріп:
– Бұл жерде неге отырсыздар? – деп сұрады.
– Біз жаназаны күтіп отырмыз.
– Марқұмды сендер жуындырасыңдар ма?
– Жоқ.
– Табытты сендер көтересіңдер ме?
– Жоқ.
– Марқұмды қабірге қоятындармен бірге түсіресіңдер ме?
– Жоқ.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп бұйырды: «Олай болса, күнә жасамай және сауапсыз кері қайтыңыздар». (Ибн Маж, Жанаиз, 51.)
Осы хадисті дәлел ретінде алған ханафи мәзһабының ғалымдары әйелдердің жаназаға қатысуы «тахрибан макрух» деген тұжырымға келген және жаназа рәсіміне әйелдердің қатыспауы орынды болады деген тұжырым жасалған.
Балғабек МЫРЗАЕВ