15 тамыз – археологтар күні қарсаңында біз Қазақстан археологиясының дамуына үлес қосып, осы салада маман дайындап әрі археологиялық қазба жұмыстарына тікелей араласып жүрген Назарбаев университетінің оқытушысы Айдын Сенғалиұлы Жүнісхановпен сұхбаттасқан едік.
Соңғы жылдары Семей шаһарына қарасты Көкентау өңірінде археологиялық зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқан жас ғалыммен әңгімеміз археология ғылымының маңызы, оның бүгінгі хал-ахуалы және кейінгі жылдарда еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлер төңірегінде өрбіді.
Археология – қарқынды даму үстіндегі сала
– Айдын Сенғалиұлы, төл мерекеңіз құтты болсын! Қазір елімізде археологиялық қазба жұмыстарымен кімдер айналысады?
– Археологиялық жұмыстар – басқа ғылым салаларымен салыстырғанда өте қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Гуманитарлық ғылымдар арасында ғалымдардың жұмыстары, ғылыми еңбектері «Импакт-фактор» журналы арқылы бағаланады. Егер гуманитарлық ғылымдар арасында археологтардың «Импакт-фактор» журналдарына шыққан мақалаларына қарайтын болса, ең жоғары деңгейде тұр.
Бүгінгі таңда елімізде археологиялық зерттеу жұмыстарымен айналысатын басты мекеме – Алматы қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты. Сондай-ақ, іргелі зерттеулер жасап жатқан іргелі оқу орындары да бар.
Кейбір музейлер де өте белсенді. Оның ішінде Ақтөбе облыстық Тарихи-өлкетану музейі және «Есік» қорық-музейін айтуға болады. Өскемен қаласындағы Облыстық тарихи-өлкетану музейінің де бұл саладағы қызметі қарқынды.
Тұрғындар өз өлкелерінің тарихын білмейді
– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «…Мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды» деп ерекше атап өткен болатын. Ұрпақтың өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, оларға отаншылдық тәрбие беруде тарихи-археологиялық жұмыстардың маңызы қандай?
– Мектептерде және өлкетану музейлері жанынан тарихи–археологиялық қозғалыстар құру – өте маңызды жоба. Өз басым археологиялық ескерткіштерді зерттеп, экспедицияларға қатысып жүргеніме 10-15 жылдай болып қалды. Сонда бір байқағаным, жергілікті тұрғындар өз өлкелерінің тарихын және онда қандай ескерткіштер бар екенін біле бермейді.
«Өзіңнің өткен тарихыңды бағамдап алмай, болашаққа бағдар жасай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Археологиялық зерттеу жұмыстарының бір бағыты – өлкенің тарихы мен жер-су атауларын анықтау. Жергілікті адамдардан сұрасақ, көбіне-көп «Білмеймін, мән бермеппін» деген жауап алып жатамыз.
Көкентау өңіріндегі бір археологиялық экспедициямызда тастағы жазуларды есепке алып, зерттеп жүрген болатынбыз. Сол үңгірлер түбінде адамдар жиналып, кішігірім пикник ұйымдастырып отыр екен. Жаққан оттарының түтіні тастағы жазуларға қарай келіп жатты. Ол кісілерге барып, бұлай болмайтынын айтып, таста ескерткіштер барын ескерттік. «Біз осы жердің тумасымыз, мұнда келмегелі 40 жылдай болды, таста суреттің бар екенін де білмейміз», – деді. Мұндай жағдайлар көп кездеседі.
Сондықтан Елбасымыздың айтқан сөзі өте орынды. Отанын сүйетін, өткеніне қызығушылығы барлар әрдайым өз ойларымен бөлісіп, тарихқа қатысты дүниелерді зерттеп-зерделеп, жазып жүруі керек деп санаймын.
Өйткені, экспедициялық жұмыстарға қатысқан адамдар өз өлкелерін танып, зерттеп, сол жерде болған тарихи оқиғаларға қатысты біраз ақпараттарға қанық болады. Мысалы, 2018 жылы Семей қаласы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына 9-сынып бітірген мектеп оқушылары қатысты. Олар биыл өздері қатысқан қазба жұмыстарының нәтижесін жазып, республикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырған ғылыми жұмыстар көрмесіне қатысып, 2-орынды иемденді.
Еріктілер жылы тың серпін берді
– Биыл – Еріктілер жылы. Тарихи ескерткіштерді зерттеу жұмыстарына еріктілер тартылып жатыр ма?
– 2020 жыл – Еріктілер жылы болып жарияланғалы елімізде бірқатар іс-шара жүзеге асуда. Соның кейбіреуіне тоқталсақ, «Асыл мұра», «Біз біргеміз» атты жобалар бойынша археологиялық ескерткіштерді зерттеу, зерделеу, насихаттау, мониторинг жүргізу, қорғауға алу секілді бағыттарда еріктілерге арналған шағын гранттар ұйымдастырылды.
Маған да осындай бір жобаны жеңіп шығу бұйырды. Еріктілерді жинап, оларға археологиялық ескерткіштерді қалай зерттеу керек, оның қандай тәртіптері бар, жұмыстар қалай жүреді, қандай бөліктерден тұрады, археологтар далалық зерттеулерде қандай әдістерді қолданады деген мәселелерді үйреттік.
Бүгінгі таңда археологтар далалық жағдайда дрон ұшыру арқылы зерттелген обьектілердің моделін, ортотопографиясы мен ортотопопланын жасайды. Одан кейін геодезиялық құрылғылар, электронды тахиометрді пайдалану арқылы обьектілердің нақты өлшемін алуға, олардың биіктік-енін нақты еш ауытқусыз дәл шығаруға мүмкіндік туғызып отыр.
Еріктілер жылы – Қазақстанның түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан адамдардың өзге өңірлерде болып жатқан археологиялық ескерткіштермен танысуына үлкен мүмкіндік беретін жоба. Өкінішке қарай, биыл әлемдегі пандемиялық жағдайға байланысты көптеген ойларымыз жүзеге аспай жатыр.
Осы жолы еріктілерді шақырып алып, геофизикалық зерттеулер қалай жасалатынын түсіндіру ойымызда болды. Бірақ, шетелдік мамандар бізге келе алмады.
Көкентауда Әлихан Бөкейхан Ұлы Абай шығармашылығымен танысқан…
– Қазір сіздер қай өңірде қазба жұмыстарын жүргізіп жатсыздар?
– Біздің топ 5-6 жыл көлемінде Семей қаласына қарасты Көкентау ауылы тауында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ол жерде біз Ерте темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеудеміз.
Бұдан бөлек, қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеу үстіндеміз. Мұнда Назарбаев университетінің профессоры Паула Дюпю деген әріптесіміз бар. Сол кісінің еңбегі орасан. Оның тікелей ұйытқы болуымен Көкентау өңірінде адамзат баласы 5 мың жыл бұрын мекендегені дәлелденді. Бұл радиоуглеродтық зерттеу тәсілімен анықталды.
Жалпы Көкентау өңірі – еліміздегі зерттелінбей қалған өте қызық аймақтардың бірі. Дәл осы жерде Әлихан Бөкейхан тұңғыш рет Абайдың әнін, есімін естіп, ұлы ақынның шығармашылығымен танысқан.
Ұстазымыз, профессор Зейнолла Самашұлы Самаш бастаған зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесінде қазіргі таңда біз кішкентай Көкентаудың өзінен 50-60-тан астам сонау неолит дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі тарихи-археологиялық ескерткіштерді тізіп шықтық.
Әлбетте, табылған ескерткіштер мұнымен шектелмейді. Ол жерге барған сайын бір ескерткіш ашып отырмыз. Көкентау – граниттік тау жүйесі. Ұзындығы – небәрі 15 км, ені – 5 км. Осы тау жүйесінде барлық кезең ескерткіштері шоғырланған. Жалпы мұндай жерлер Қазақстан территориясында сирек.
Тұңғыш рет Еуразия даласынан қолға үйретілген мысық сүйегі табылды
– Соңғы уақыттарда қандай құнды жәдігерлер тауып жатсыздар?
– Қазба жұмыстары жыл сайын жүргізіліп отырғандықтан жақсы жәдігерлер үнемі табылып жатады. Ең жақсылары ғылыми басылымдарда жарық көреді.
Генетикалық зерттеулер нәтижесінде табылған ең ерекше жәдігерлерге келсек, олардың алғашқысы – Сақ дәуірінде өмір сүрген тайпалар. Бұл ғылыми зерттеу нәтижесі «Nature» журналына шықты.
«Сақ дәуірінде тек Қазақстан территориясын ғана емес, жалпы Еуразия аймағының шығыс бөлігін б.з.д. 3 ғасырларда мекендеген тайпалар ұрпақтары бүгінде қыпшақ тілді халықтар арасында болу ықтималдығы жоғары» деген тұжырым – үлкен жаңалық болды. Бұл қазақтар сақтардың тікелей ұрпағы екеніндігін және солардан тарайтындығын, сондай-ақ мәдени ұқсастық қана емес, генетикалық сабақтасудың да бар екенін көрсететін бір зерттеу еді.
Екіншіден, интернет саласында көп тараған дүние – ауыздықтың қола дәуірінде пайда болуы туралы жаңалық. Бұл жерде де қазақстандық материалдар пайдаланылды. Ол Қостанай облысына қарасты Лисаковск археологиялық ықшам ауданында табылған мәліметтер негізінде жасалған болатын.
Үшіншіден, Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қаласынан қолға үйретілген мысық сүйектерінің табылуы. Бұл Еуразия даласынан қолға үйретілген мысық сүйегінің алғаш рет табылуымен ерекшеленеді. Сол себептен мұны үлкен жаңалық ретінде қарастыруға болады.
Төртінші жаңалық ретінде көшпенділер мен сақтардың қазақтармен арадағы байланысы. Моңғолия территориясында табылған сақтардың ескерткішінде олардың мұзда сақталып қалған Пазырық қорғандары өте көп кездеседі. Оны «жасанды тоң» (исскуственное меpзлота) дейді. Осы жасанды тоңда адамның киген киімдері мен басқа да нәрселері жақсы сақталады.
Сол кезде жерленген адамның үстіндегі киіміне салынған ою-өрнектері, қамшысы, жылқысының жүгендері қазір сонда мекендеп жатқан қазақтардікінен айнымайды. Яғни, 3 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның ұстаған қамшысы мен бүгінгі таңдағы қазақ қамшысы, жүгені, ер-тұрманында ешқандай бір айырмашылық жоқ. Еш өзгеріссіз…
Сондай-ақ, үлкен жаңалықтардың бірі – бұл әлбетте көшпенділердің шалбарды ойлап табуы. Германия археологиялық институтының Шыңжаңда жүргізген археологиялық зерттеулері нәтижесінде табылған шалбардың формасы қайтадан қалпына келтірілді. 3 жарым мың жыл бойы өзгеріссіз бүгінге дейін сақталған көшпенділер шалбарының формасы – үлкен сенсациялық жаңалық.
Бұлардың бәрі көшпенділердің варвар, жаулап алушы, надан емес, жасампаз болғандығы және үлкен деңгейде мәдениет жасай алғандығын дәлелдейді. Сондай-ақ, әлемдік модаға өзіндік қолтаңбасын қалдырғандығын көрсете алатын туындылары дәлелді фактілер болып есепетеледі.
Археологтың басты ұстанымы – фиксация
– Далалық қазба жұмыстарын жүргізгенде не нәрсеге баса назар аудару қажет деп ойлайсыз?
– Археолог – ескерткішті бұзбай алып, сол қалпында көрген жалғыз әрі соңғы адам. Оның жұмысынан кейін ескерткіш бүлінуге ұшырайды. Яғни оны қайтадан сол қалпында қайта жасап шығу мүмкін емес жағдай. Сондықтан да археолог далалық жағдайда зерттеген кезде басты назарда ұстайтын ең бірінші міндеті – фиксация болуы керек. Ол – тіркеу. Археологиялық жұмыстың әрбір сәті мен кезеңін жіті қадағалап, бақылап, тізбектеп жазып отыру керек. Тарихи мұраны, ескерткішті тіркемесек, жоғалтып аламыз. Ол ешқашан да қайтадан қалпына келмейді.
Бүгінгі таңда археологтар дәстүрлі тіркеу әдістерінен бөлек (фотоға түсіру, күнделік жүргізу, өлшемдерін алудан басқа) заманауи әдістер мен технологияларды қолдануда. Геофизикалық зерттеулер, дронды пайдалану, электронды тахеометрдің көмегіне жүгіну секілді әдістер арқылы жан-жақты фиксация жасайды.
Сондай-ақ, GPS координаттары мен нүктелерін алады, қыруар жұмыс жасап, ескерткішті жан-жақтан далалық жағдайда зерттейді әрі оны тіркеп, барынша сақтап қалуға тырысып жатыр.
Шеберлік сабақтарына мың жарым ерікті тіркелді
– Археологтар мен еріктілерге арналған шеберлік сағаттары өте ме?
– Шеберлік сағаттары Қазақстан территориясында көп өте қоймайды. Ал шетелдік қорлар, оның ішінде Германиядағы Макс Планк институты жыл сайын ТМД елдері археологтарына арналған шеберлік сағаттарын ақысыз өткізеді. Жол және басқа да шығындарды көтереді. Тек өтініш жіберу керек.
Олар археологиялық жұмыстарды жүргізудің заманауи технологияларын үйретіп, сол институттың жұмыстарын, жаңалықтарын, тіпті қандай ноу-хаулар пайдаланып жатқанын да көрсетеді.
Бүгінгі таңда Макс Планк институты – әлемдегі технологиялық және зерттеу методикасы жағынан ең озық ғылыми институттардың бірі. Бұл жерде жаңадан шығарылып жатқан зерттеу әдістері аппробациядан өтеді. Бір жағынан олар өздерінің жұмыстарын тегін семинарлар арқылы насихаттайды.
Жоғарыда айтқанымдай, «2020 жыл – Еріктілер жылы» деп жариялауына орай, «Асыл мұра» атты жалпыұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жобаның аясында еріктілерге арналған шеберлік сыныптары өткізілуде. Бүгінгі таңда мың жарымнан астам ерікті жобаға тіркелген.
Осы ретте айта кететін нәрсе, шеберлік сабақтарында «экспреминталды археология» деген әдіс бар. Ежелгі технологиялармен байырғы адамдар қыш құмыра мен қола бұйымдарын қалай жасады, қайда балқытты, қалай құйды, оның қалыптары қандай деген секілді мәселелерді ресейлік ғалымдармен бірлесіп, қарағандылық археолог әріптесіміз Эмма Радиковна Усманова еріктілерге түсіндіреді. Жыл сайын Лисаковск қаласында эксперименталды археология бойынша кішігірім жазғы мектептер өткізіліп тұрады. Онда археологиялық ескерткіштер мен жәдігерлерді ежелгі адамдар қалай жасағанын көруге болады.
Қазақстандағы ең көне Құран
– Діни тарихымызға қатысты қандай да жәдігерлер табылды ма?
– Баршамызға белгілі, Қазақстан территориясы – әлемдік діндердің тоғысқан мекені. Бүгінгі таңда Ислам дініне қатысты айта кететін болсақ, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі қазба жұмыстарының нәтижесінде табылып жатқан мешіттер бар. Сондай-ақ, былтыр Күлтөбе қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған Құран кітабын айтуға болады.
Алматы қаласында еліміздегі ең ірі, ал ТМД-дағы бірегей археологиялық жәдігерлерді реставрациялайтын «Остров Крым» деген орталық бар. Сол жерде Құран кітабы реставрациялаудан өткізіліп жатыр.
Бұны Қазақстанда табылған ең көне Құран деп айтуға болады. Себебі бұған дейінгі Құрандардың бәрі шамамен XV-XVIII ғасырларға тән болса, аталмыш Құран кітабы X-XII ғасырларға жатуы ықтимал. Реставрацияланғаннан кейін қағазындағы жазулар мен стилі, сондай-ақ радиокөмірқышқылды зерттеу арқылы оның қағазының қашан жасалғаны анықталып, қасиетті Кітаптың нақты жазылған уақытын анықтауға мүмкін болады деген ойдамын.
Жақында ғана ашылған сенсациялық жаңалықтардың бірі – сопылық тариқатта көп кездесетін нәрсе – қылуеттің табылуы. Бәріміге белгілі, Ясауи тариқатының кең таралған мекені Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан кесенесінің қасынан қылует табылды. Адамдар өздерінің нәпсілерін тазалау үшін қылуетке түсіп, ғибадат жасаған. Ол жақсы сақталған. Бұл үлкен жаңалық, әсіресе, Қазақстанға Ислам дінінің енуі мен таралуына қатысты тарихи дерек болып саналады.
Осы арқылы Қазақ даласында исламдану процесі қандай деңгейде жүргендігін байқауға болады. Себебі, Далалық исламның негізін қалыптастырушысы – Қожа Ахмет Ясауи. Көшпенділерге негіздеп Ислам шариғаты мен құндылықтарын жасаған тұлға. Сол бағытта қылуеттің Қазақстан тарихында алар орны ерекше деп бағалауға болады деп санаймын.
Дін тарихына қатысты үлкен жаңалықтардың бірі – Қазақстандағы христиандық шіркеулер іздерінің сақталуы. Мысалы, Алматы облысындағы Ілебалық қаласында соңғы жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде аршылған христиандық метрополь зираттары (қорым).
Үшіншісі, буддизмнің элементтері. Оған қатысты елімізде көптеген ескерткіш сақталған. Елімізде буддизмнің негізгі шоғырланған жері – Жетісу аймағы. Бұл жерлерде Жоңғар шапқыншылығы кезінде қалыптасқан көптеген ескерткіштер бар.
Шығыс Қазақстан облысы территориясында буддизмнен қалған Абылайкит секілді ескерткіштерді атауға болады. Сондай-ақ, Қарағанды облысындағы Қызылкент сарайы нысандарын да осы қатарға қосамыз.
Бұл жаңалықтардың бәрі ежелгі замандардан бастап Қазақстанды мекендеген халықтардың арасында дінаралық толеранттылықтың болғандығын көрсетсе керек. Яғни, қасиетті Құранда «Дінде – зорлық жоқ» дегендей, осы бағыт пен концепция негізінде діни қарым-қатынас түзілген секілді.
Қазақстанда археологиялық жұмыстар тоқтаған емес
– Еліміздің топырақ астында жатқан тарихымыз қаншалықты деңгейде зерттелген? Мемлекет тарапынан археологтарға көмек көрсетіле ме?
– Қазіргі күні археологиялық ескерткіштерді зерттеу деңгейі өте жоғары. Олар Қазақстанда ешқашан тоқтамаған. Қазақстан Еуразия даласындағы көші-қон процестерінің тура ортасында орналасқандықтан әлемнің қызығушылығын аударып отыр.
Мәселен, бір кездері кең байтақ Қазақстан даласындағы тарихи ескерткіштерді жапондық ғалымдар келіп зерттеген болатын. Олардың пайымдауы бойынша, Африкадан шыққан алғашқы адамдар Жапония территориясына қалай келді деген сұрақ туындағанда, басты міндеттерінің бірі – олардың миграциялық жолдарын анықтау керек болған. Олар еліміздегі палеолит дәуіріндегі ескерткіштерді зерттеуді қолға алып, біріккен қазақ-жапон археологиялық эспедициясына кіріскен. Бұл жұмыс әлі жалғасын табуда.
Жалпы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге жылына Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігі өздерінің гранттық қаржыландыруын жариялап, жұмыстар жүргізеді. Осы 2 грант түрі бойынша үлкен зерттеулер жүргізіліп, көптеген жаңалықтар ашылуда, археология ғылымы даму үстінде.
Бұдан бөлек, 2016 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Кенжеахметұлы Ахметовтың қолдауымен өңірде археологиялық зерттеу жұмыстарын жандандыру бойынша жасалып жатқан бағдарламаларды айтуға болады. Осы жоба аясында профессор Зейнолла Самашов, Әбдеш Төлебаев, марқұм Карл Байпақов бастаған ғалымдар өңірдің археологиялық зерттеуіне үлес қосып келеді. Соның нәтижесінде Елеке сазы ескерткіші ашылды.
Көп ескерткішке жоғалып кету қаупі төніп тұр
– Соңғы жылдары елімізде археология және этнология мамандығына оқуға ниет білдіргендер азайғанын байқауға болады. Сіздіңше, бұл сала мамандығының болашағы қандай?
– Елімізде археология мен этнология ғылымдарын бір мамандық ретінде қосып, екі мамандықты бірге дайындайды. Бұл дұрыс емес. Екеуі екі бөлек мамандық, екі бөлек зерттеу методологиясы. Сондықтан да оларды бөлу қажет.
Қазақстанда археологтар саны өте аз. Зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген 100-120 шақты археолог бар. Бұл тәуелсіз Қазақстан үшін ең керек ғылыми салалардың бірі. Сондықтан осы бағытта біз зерттеулерді дамытуымыз керек.
Мәселен, Жапонияда Тас ғасырын зерттейтін 200-ден астам археолог бар екен. Ал, Қазақстанда Тас ғасырын зерттеумен айналысып жүрген 2-3 адамды ғана білемін. Сол себепті бізде әлі көптеген ескерткіштер зерттелмеген, ашылмаған. Олардың бірқатарына жоғалып кету қаупі төніп тұр. Өйткені, зерттейтін мамандар жетіспей жатыр.
Археология ғылымының болашағы өте зор деп ойлаймын. Бұл мемелекеттік идеологияны қалыптастыратын бірден-бір ғылым саласы. Археология арқылы біз өткенге жүгінеміз әрі оны түгендеуге тырысамыз. Тарихымызды зерттеудің 90%-ы археология ғылымымен байланысты. Сондықтан біз идеологиясы мықты қалыптасқан мемлекет ретінде әлем қауымдастығы алдында өз орнымызды алғымыз келсе, археология ғылымын дамытуымыз қажет.
Археология – тарихыңды көзіңмен көріп, қолыңмен ұстау деген сөз!
– Біраз жылдардан бері еліміздің археологиясы саласында қызмет етіп келесіз. Тұмса табиғаттан не үйрендіңіз, сондай-ақ археологиялық зерттеу жұмыстарына қызығатын және тарихын сүйетін жандарға не айтар едіңіз?
– Менің археологиялық экспедицияларға шығуым университет қабырғасында басталды. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Берел обаларына жасаған зерттеулер еді. Зейнолла Самашев, Ақан Оңғаров, Ғалия Базарбаева секілді бірқатар ғалымдармен жұмыс жасадым. Соның нәтижесінде археологияға деген махаббатым қалыптасып, ынтызарлығым артты.
Ал өз тарихын сүйетін жандарға айтарым: мүмкіндіктеріңіз болып қолдарыңыздан келсе, өздеріңіздің облыс, аудан не ауыл территориясында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысына қатысыңыздар, барыңыздар және көріңіздер, біліңіздер!
Теледидардан көрген бөлек, естіген бір бөлек. Ал көзбен көру – бәрінен де басқа дүние! Бастысы, сол ерте заманның тынысын сезінесіз… Туған өлкеңіздің, жеріңіздің тарихы бай екендігіне тәнті боласыздар. Тек дақпырт сөздер негізінде емес, көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстап, өз жеріңіздің, ауданыныңыздың, облысыңыздың тарихы өте тереңде жатқанын байқайсыздар!
– Айдын мырза, алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алға қойған жоспарлар өте көп. Ең маңызды жоспарлардың бірі – Қазақстан археологиясына, ғылымына ары қарай аз да болса өз үлесімді қосу. Өзім зерттеп жатқан Көкентау аймағы археологиялық кешені ашық аспан астындағы музейге айналуын көргім келеді. Соны музейге айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Сол бағытта еңбек етіп жатырмыз…
– Сұхбатыңызға рахмет! Ғылым жолындағы еңбегіңізге табыс тілеймін!
Cұхбаттасқан Руслан БЕГЕН
Археология саласында атқарып жүрген жұмыстарыңыз жемісті болып, ғылым жолында биіктерге өрлей беріңіз!