Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Петропавл қаласында болып, орта мектептер мен колледждердің оқушыларына арналған іс-шаралар өткізді, деп хабарлады министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс ведомствосы өкілдерінің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызметтің имиджін арттыру және жастарды әскери борышын өткеруге ынталандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша өңірлердегі жұмысы жалғасуда.
Петропавлдағы патриоттық акцияға Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаменттерінің басшылары белсенді түрде қатысты.
Ниет білдіргендер Ұлттық ұланның әскери бөлімімен бірлесіп ұйымдастырылған қару-жарақ пен әскери техника көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.
Акцияға қатысушылар Жеңіс саябағындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Қаладағы жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына әр кезеңдегі қазақстандық жауынгерлер мен бүгінгі Отан қорғаушылардың қаһармандығына арналған Ерлік сабағы өткізілді.
Жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері оқушыларға еліміздегі жоғары әскери оқу орындарына оқуға түсу тәртібі мен ережелері туралы жан-жақты айтып берді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында өскелең ұрпақтың иығына жаңа Қазақстанды құрудың аса маңызды миссиясы түсіп тұрғанын атап өтті. Біз қазіргі жастардың әскери қызметке қызығушылығын, Отан қорғаушы мамандығына деген құрметін байқадық. Еліміздің болашағы сенімді қолда екеніне күмәніміміз жоқ, – деп атап өтті Бас штабтың Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі полковник Бисен Жақыпов.
Патриоттық акцияны Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерті қорытындылады.