Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті.
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдениет пен медиа саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылау.
Аида Балаева екі елдің тарихи, мәдени байланыс пен дәстүр, дін арасындағы сабақтастығы терең екенін атап өтті.
“Мемлекет басшысы Түркия және басқа да түркітілдес елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммитінің өткізілуі де осының айғағы. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Түркі әлемінің болашағы – 2040″ құжатын бекіту және іске асыру жөніндегі міндеттің маңыздылығын атап өтті. Түркиямен қазіргі екіжақты қатынастар аясында мәдениет, медиа, жастар саясаты және конфессияаралық келісім сияқты түрлі салаларда ынтымақтастық жолға қойылған. Ал Мемлекет басшысының Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын өткізу туралы бастамасы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде волонтерлік дәстүрді, мәдениетті дамытуға деген ерекше көзқарасты айқындайды”, – деп атап өтті министр.
Қазақстандық тарапты медиа саласындағы ынтымақтастықты арттыру, тәжірибе алмасу,
қазақ және түрік телеарналары арасында контент алмасу мәселелері қызықтырады.
Осыған байланысты Аида Балаева түрік тарапымен бірлескен жобалар жасап, негізгі мақсаты түркі әлемінің мәдени құндылықтарын насихаттауды көздейтін деректі фильмдер шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
“Біз Қазақстанмен екіжақты қатынасты дамытуға, екі елге де тиімді маңызды жобаларды іске асыруға, жан-жақты тәжірибе алмасуға бағытталған барлық бастаманы қолдауға дайынбыз. Бұл бастамалар жастар мен олардың тәрбиесі үшін аса қажет”, – деді Мұстафа Капуджу.
Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі өз кезегінде мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.