Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы ШЫҰ саммитінің нәтижелері бойынша ақпарат және мәдениет саласында қандай уағдаластықтар орнағанын айтып берді.
«Мұнда екі аспектіні қарастыру керек. Біріншісі – Қытай Халық Республикасының көшбасшысы Си Цзиньпиннің сапары. Оның мемлекеттік сапары аясында мәдени-гуманитарлық бағыт бойынша келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Астанада қытай мәдени орталығын және Бейжіңде – қазақ мәдени орталығын ашамыз. Заң қазірдің өзінде ратификацияланған және іске кірісе аламыз. Бұл Қазақстан-Қытай қатынастары тарихында тұңғыш рет болып отыр. Алғаш рет мұндай ынтымақтастық институционалды түрде жүзеге асырылуда және әрине, бұл мәдени орталықтар екі ел халықтарының бір-бірімен жақынырақ танысуына ықпал етеді», деді министр Silk way телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Бейжіңдегі мәдени орталық халық көп жүретін туристік орын – Арбат маңында орналасқан. Мәдени орталықтардың қызметі аясында әдеби сала, концерттік қызмет және бейнелеу өнері сынды мәселелердің барлық спектрі қамтылады.
Фото: Kazinform
Ақпарат және кино өнері саласындағы келісімдер жақын арада нақты жобалар түрінде өз нәтижелерін береді.
«Сондықтан ШЫҰ-ға төрағалық ету және тұтастай алғанда ШЫҰ ұйымына кіретін елдердің өзара іс-қимылы бірқатар мәселені шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, біздің министрлік серіктестермен өте тығыз қарым-қатынаста және біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар пайда болуда. Кеше біздің көшбасшыларымыз Қытай мен Қазақстанның өзара іс-қимылы жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін, бұл біздің елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа дәуірі екенін растады. Сондықтан бәрі, ең алдымен, мемлекеттік органдардың қалай жұмыс істейтініне және қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне байланысты», – деп толықтырды сөзін А. Балаева.