Сұрақ: Рамазан айындағы Қадір түні дегеніміз қандай түн?
Жауап: Иә, адамдарға тура жол көрсететін Құранның түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Алла Тағала ол түнді бейбітшілік пен тыныштық кеші етті. Негізінде «қадір» сөзі «үкім шығарылатын түн» мағынасын береді. Осыған байланысты «қадір түні» деген уақытта Алланың тағдырды жазатын, тағдырға үкім ететін түні екендігін түсіну керек.
Ол түнде періштелер қардай жауып, таң атқанша береке жалғасатынын қасиетті Құранда: «Ақиқатында Біз оны Қадір түнінде түсірдік. (Ей, Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні – мың айдан қайырлы. Періштелер және Рух (Жәбірейіл) бұл түнде Раббысының рұқсатымен барлық іс үшін түседі. Ол – таң рауанына дейін амандық түні», – деп баяндайды. (Қадір: 1-5).
Рас, бұл түн мың айдан да қадірлі Қадір түні.
Сахаба Әнас ибн Мәліктен (р.а.) мынадай хадис жеткен:
«Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты».
Бұл айда мұсылман өзінің рухани дүниесіне көп көңіл бөледі. Мінез-құлқын түзетуге күш салады. Абай атамыз айтқандай: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды».
Біз айнаға қарап, бет-пішінімізді немесе үстіміздегі киімді қанша жерден көркем естек те, жан дүниеміз сұлу болмайынша ақыретте пайда бермейді. Алла тағала адамның сыртына емес, жүрегіне қарайды. Оның басқалармен болған қарым-қатынасына, көркем мінезіне назар салады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ