Әсілі, «Асры-саадат» – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ғұмыры мен оның дәуіріне берілген тарихи баға һәм сол кезең туралы жазылған шығармалардың жалпы атауы ретінде айтылады.
«Асры-саадат» тұжырымының пайда болуына Құран Кәрімдегі Алла Елшісінің дәуіріндегі мұсылмандарды әспеттеген мына аяттар негіз болған-ды:
«Мұһажир, әнсарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерге Алла разы болды. Әрі олар да Аллаға разы болды. Сондай-ақ Алла, олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннаттар әзірледі. Осы ірі мұрат» (Тәубе, 100).
«Әсіресе сондай жұрттарынан, малдарынан қуылғандар; Алладан мәрхамет, ризалық іздеп, Аллаға, Елшісіне көмек еткен пақыр мұһажірлер үшін. Міне солар шыншылдар. Бұрыннан Мединеде қоныстанған иман иелеріне де (беріледі.) Олар өздеріне босып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбеңдік болмайды. Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар. Сондай олардан кейін келгендерге де (бұл олжадан беріледі.) Олар: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің» (Хашр, 8-10)
Сонымен қатар, Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы – менің ғасырымда өмір сүргендер», – деген хадис-шарифі де «Асры-саадат» терминінің ортаға шығуына, яғни мұсылмандар арасында адамзаттың ең бақытты кезең тұжырымының қалыптасуына әсер етті.
«Асры-саадат» атауымен танымал болған еңбектердің ең әйгілісі Шибли Нуғмани (1914 қайтыс болды) және Сүлейман Нәдуидің (1953 қайтыс болды) жазған «Сиратун-Нәби» атты кітабы еді. Шибли Нуғмани 1906 жылы Ухуд шайқасына дейін болған тарихи оқиғалар туралы деректерді жинады. Бірақ, әртүрлі себептермен еңбек жарық көрген жоқ. Халық талап еткен соң Шибли Нұғмани бұл жұмысты аяқтап, Бхопал ханшайымы Сұлтан Жихан Бәгумнің демеушілігімен «Дарул-Мусаннифин» атты баспадан алғашқы томын жариялады. Шибли Нуғманидің шәкірті Сүлейман Нәдуи екі жылдан кейін толықтырулар енгізіп, «Асры-саадаттың» екінші томын басып шығарды. Кейін ұстазының өтініші бойынша Сүлейман Нәдуи тағы төрт том жазып, оларды «Сирәтун-Нәби» деген атпен жариялады.
Аталған еңбектің түпнұсқасы урду тілінде жазылды. Оның алғашқы үш томын Зафар Хасан ағылшын тіліне тәржімалады. Іле-шала М. Таййиб Бахш Бәдауани тағы да ағылшын тіліне аударып, «Сиратун-Нәби» деген атпен екі том етіп жариялады. Осы ағылшын тіліндегі нұсқасы кейінірек әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, басылып шықты.
«Асры-саадаттың» алғашқы томында Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінің маңыздылығы, оған қатысты дереккөздер, Араб түбегі және араб қоғамының жай-жапсары, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың тегі, туылуы, жастығы, пайғамбар болуы, алғашқы мұсылмандар және олардың бастан кешірген тауқыметтері, Құрайш мүшріктерінің исламға дұшпан болуы, әлсіз мұсылман тобының Хабашистанға хижра жасауы, Мәдинадағы Әус пен Хазраж және яһуди тайпалары, Ақаба келісімдері, Ясрифке хижра жасау, Пайғамбардың (с.ғ.с.) Мәдинаға аяқ басуы, Нәбәуи мешітінің құрылысы, мухажирлер мен ансар арасындағы бауырмашылық, яһудилер және мүшріктермен жасалған келісімдер, исламға дағуат үшін патшаларға жіберілген хаттар, Алла Елшісінің (с.ғ.с) дәуіріндегі соғыстардың тізбесі һәм тұжырымы жасалған.
«Асры-саадаттың» екінші томында Араб түбегінде ұзақ уақытқа созылған бытыраңқылықтың ислам діні арқасында жойылып, тыныштық және бейбіт өмірдің қалыптасқандығы, исламды таратудағы мұрат-мақсат, Хақ діннің Йемен, Наджран, Бахрейн және Оманға жайылуы, Мәдинаға келген делегациялар, Пайғамбар (с.ғ.с.) негізін салған мемлекеттің ерекшелігі, ислам ақидасы, құлшылық және мұсылман құқығының негіздері, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі, отбасы, жантәсілім етуі жайында егжей-тегжейлі мәліметтер қамтылған.
Сүлейман Нәдуи жазған үшінші том Пайғамбар (с.ғ.с) мұғжизаларына арналған. Мұғжиза туралы жалпы мәлімет беріліп, философтар мен сопылар және мутәкалимдердің мұғжизаға берген анықтамалары, Құран кәрімде берілген мұғжизалар, Пайғамбардың (с.ғ.с) оқу-жазуды білмеуі, Алла Елшісінің (с.ғ.с) әһлі кітап өкілдерінің сұрақтарына берген жауаптары, Оның (с.ғ.с) руханияты туралы, сондай-ақ, келешек туралы айтқан хабарлары жазылған.
«Асры-саадаттың» келесі томында Сүлейман Нәдуи әзіреті Айша (р.а) анамыз туралы мәліметтерді топтастырып, Алла Елшісінің (с.ғ.с) отбасылық өмірі туралы баянадайды. Одан арықарай томдарында әділетті төрт халифаның әрқайсысына жеке-жеке томдар (6-9) арналды. Соңғы оныншы томында әділетті төрт халифа дәуірінде ортаға шыққан бұлғақ және келіспеушіліктер мен бөлінушіліктер туралы айтылып, тарихи тұрғыдан аталған дәуірге баға беріледі.
Қос автор тиянақты зерттеу жүргізгендіктен, ислам дереккөздеріндегі мәліметтерді сыншылдықпен қабылдап, тарихи тұжырым жасаған. Мұсылман тарихшыларының және шығыстанушылардың ой-тұжырымдары салыстырылып, қисынды әрі сенімді рияуаттарға сүйеніп жазылғандықтан, «Асры-саадатты» оқырман қауым жылы қабылдады. ХХ ғасырдың Мехмет Акиф, Хаккы әл-Измири, Омар Насухи Билмен сияқты мәшһүр ғұламалар «Асры-саадатке» оң бағасын берді.
Шибли Нуғмани мен Сүлейман Нәдуиден кейін де «Асры-саадат» атымен бірнеше рет исламның алғашқы дәуірі туралы еңбектер жарық көрді. Солардың бірі Шах Муинуддин Ахмет Нәуи мен Саид Сахиб Ансари жазған «Асры-саадат» атты кітаптар еді. Аталған еңбектер 10 томдық сериялық кітаптар болып басылды. Жалпы, ХХ ғасырда жаңа дәуірдің алғышарттарымен Пайғамбар (с.ғ.с) ғұмырына, сондай-ақ, алғашқы төрт халифаның дәуіріне саяси, әлеуметтік, мәдіни, діни тұрғыда талдау жасап, сол кезеңді – «Асры-саадат», яғни адамзаттың ең бақытты дәуірі деп бағалаған көптеген еңбектер жазылды. Өйткені, «Асры-саадат» дәуірі исламның түп-бастауы әрі қиямет-қайымға дейін күллі мұсылман үлгі алатын өрнек болып табылады.
Түйін: Хақ Елішісі (с.ғ.с.) ширек ғасырға жетер-жетпес уақыттың ішінде тұрпайы тобыр қоғамнан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әділеттілікті һәм ар мен ұятты ұлықтаған, мейірімділік пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған керемет қоғам жасады. Сондықтан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір сүрген қоғамын, оның дәуірін ешқандай бір реформатормен, ешқандай бір қоғаммен, ешқандай бір тарихи кезеңмен салыстыруға болмайды. Ол (с.ғ.с.) өз дәуірінің ірілі-ұсақты барлық мәселелеріне реформа жасай алды. Яғни, адамзаттың алтын ғасыры (асры-саадат) Пайғамбар дәуіріне тән. Бақытты ғұмырды аңсағандар тек «Асры-саадатты» үлгі ретінде негізге ала алады.
Мұхан ИСАХАН