«Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек», – деп Елбасымыз айтқандай, қазақ жері – киелі жер. Барша қазақтың өнуі де, өсуі де өз елімізде, өз жерімізде болмақ.
Отанды сүю дегеніміз – ең ибалы сезім. Отанды құрметтеу, ең алдымен, өзіңді құрметтеуден бастау алады. Өзіңді құрметтеу жақыныңды, өз үйіңді сыйлау екені шындық. Міне, осыдан болар, Отан отбасынан басталатындығы.
Патриотизм – адам бойындағы ең қасиетті сезім. Патриотизм – туған еліңді сүюмен қатар, оған қалтқысыз еңбек ету, сол елдің бір бөлшегі екеніңді сезіну.
Ислам діні «ұлтшыл бол» демейді, «ұлтжанды бол» деп үндейді. Себебі, атам қазақ қашан да Алла елшісінің (ﷺ): «Ұлтшылдыққа шақырушы бізден емес. Ұлтшылдық мақсатымен соғысушы бізден емес.Ұлтшылдық жолында өлген де бізден емес», (Әбу Дауд 5121) деген қағидасын берік ұстанған.
«Біз, қазақ деген мал баққан елміз.
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз…», –
деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзінің өзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.
Жалпы, «Отанды сүю – иманнан» деген сөзді дұрыс түсінбей, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған зайырлы елде бейбіт өмір сүріп жатқан мұсылмандарды өз отанынан бездіріп, олардың Сауд Арабиясына деген махаббатарын оятып, тек сол мемлекетті сүюге ғана шақырып жатқан «шейхсымақтар», өкінішке орай, бар екені рас. Яғни, жоғарыдағы хадисті «Ислам мемлекетін сүю – иманнан» деп өзгертіп, жастардың санасын улап жатыр.
Мысалы, уаһабист Усеймин (“Шарх Риад ас Солихинда” 5/330), Саид Қутуб (“Фи зылял әл Куранда” 2/708) «Отан егер ислам мемлекеті болса, шариғатпен басқарылса ғана сүю керек» дегенді айтады.
Тіпті шектен шыққан уаһабилердің көсемі Салих бин Фаузан: «Араб тілінен өзге тілде сөйлеуге болмайды. Олардың тілінде сөйлеу оларға ұқсаған болып саналады», – деп «жаға ұстатқаны» да бар. («Әл уәлә уә әл бара» 7-бет. Эр Рияд)
Расымен солай ма?
Алла Тағала «Ниса» сүресінің 66-аятында: «Оларға: «Өздеріңді өздерің өлтіріңдер немесе ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІҢНЕН тайып тұрыңдар», – деп әмір берсек, олардың азшылықтарынан басқа көбісі орындамас еді», – деген. Имам Фахруддин әр-Рази (Алла рақым етсін) осы аяттан «Әр адам өз Отанды сүю керек екеніне» керемет дәлел шығарып: «Немесе өздеріңді өлтіріңдер немесе елді мекендеріңді тастап шығыңдар” деп бұйырсақ та, олар екеуінің біреуін таңдай алмай, бұйрықты орындамас еді» деп тәпсірлеген. [Фахруддин әр Рази, “Ат тафсир ал Кабир” 15/165].
Ұлы ғалым Мулла әл Қори (Алла рақым етсін) өзінің «Мирқат әл Мафатих» деген еңбегінде: «Отаннан жырақта жүру – үлкен, ауыр сынақ. Алла Тағала Құранда бекерден-бекер: «Өздері, сендерді (Меккеден) қуып шығарғандай оларды да қуып шығарыңдар. Бұзақылық кісі өлтіруден де жаман», – деп айтпас еді», – дейді.
Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.ғ.с.) сапардан оралған сайын Мәдинаның қабырғаларын көріп, оны жақсы көргеннен қалаға тез кіру үшін түйесімен тездететін», – деген [Бұхари, Тирмизи, Ибн Хиббан).
Имам, хафиз Ибн Хаджар Асқаляни әш-Шәфиғи (Алла рақым етсін) «Сахих Бухариға» жазған шархында: «Бұл хадис Мәдина қаласының артықшылығын көрсетеді және Отанды сүюге болатынын да дәлелдейді», – деген. [«Фатхул Бәри фи шарх Сахих Бухари» 3-том, 621-бет]
Имам, хафиз Бадруддин әл Айни әл Ханафи (Алла рақым етсін) де «Сахих Бухариға» жазған 25 томдық шарх кітабында дәл осыны айтқан. [«Умдотул Қори фи шарх Сахих ал Бухари» 10/135]
Алла елшісі (ﷺ): «Бір күн, бір түн шекара күзету – күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ», – десе [Муслим 1520] енді бірде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз». [Тирмизи, Фадаилул-Жихад,12], – дейді.
Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Адамгершілігіңе жамандық жасаса, оны кешір. Ал егер ол Отанына және халқына жаманшылық етсе, әсте кешірмеңдер», – деп айтқан екен.
Имам Заһаби (Алла рақым етсін): «Алла елшісі (ﷺ) Айшаны, оның әкесін, Усаманы, екі немересін, тәттілерді, балды, Ухуд тауын, ОТАНЫН, ансарларды және санап тауысу мүмкін емес көптеген адамдар мен заттарды ЖАҚСЫ КӨРЕТІН», – деген [Әз Зәһәби “Сияр ә’ләм ән Нубуәлә” 15/394]
Әбу Ну’айм (Алла рақым етсін): «Ибраһим ибн Адһамның (Алла рақым етсін): «Отаннан алыс жүріп сағынудан артық уайым сезінбедім», – дегенін жеткізген. [Әбу Нуайм «Хилият ал аулия» 7/380]
Әл Әсмә’и (Алла рақым етсін): «Түйе екеш түйе де өз үйінен алыс болса, өз үйіне қарай аяқтарын басады; құс өз ұясына қарай алаңдайды, тіпті ұясы бұзылып қалса да; Адам өз отанын аңсайды, тіпті оның басқа елде жағдайы жақсы болса да», – деген [Әл Әсмә’и «Мақасид әл хасана» 297-бет] Себебі, Отанды сүю – ақыл ісі емес, ол – жүректің ісі.
Тағы бірде Әл Әсмә’и (Алла рақым етсін): «Бір бәдәуидің: «Егер адамды танығың келсе, өз отанын қалай сағынғанына қара», – деп жатқанын естідім», – деген [ Динуари ” Әл Муджяляса” 1/60]
Ибн Джаузи (Алла рақым етсін): «Отан – әрқашанда сүйікті», – деген. [«Мусир әль ‘арам ас сакин иля ашраф аль амакин» 75-бет]
Имам Әл-Қарафи (Алла рақым етсін): «Қажылыққа барудың бір артықшылығы – адам өз отанын тастап, одан жырақта жүру арқылы нәпсісін тәрбиелейді», – деген [Әл Қарафи «Аз Заһира» 3/194]
Міне, түйе мен құстың өзі отанына қалай асықса, адамдар қалайша отанын сүймесін, мақтаныш етпесін?!
PS: Ислам діні – ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін болса, Отан – сол қасиеттерді жүзеге асыратын қастерлі орда. Бұл ретте, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан!» – деген қағидалы сөзді айрықша атап өткен жөн секілді.
Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді.
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
Ақтөбе облысы, Темір ауданы,
«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің бас имамы