Басқа да көптеген хадистерде Алланың Елшісі (с.а.с) табыс табу үшін адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады. Расул пайғамбарымыз (с.а.с) хадистерінің тағы бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешірілуі мүмкін» деп бұйырған. Енді бір өсиетінде: «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады» деп, еңбекқорларды сүйіншілейді.
Ешбір пенде адал маңдай терімен тапқан табыстан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін емес. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с): «Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды. Өзінің сахабаларын да еңбек етіп, адал жолмен табыс табуға, көнкөрісін адал жолмен қамтамасыз етуге үндеп отыратын. Бірде Алланың Елшісі (с.а.с) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Мұхаммед пайғамбар (с.а.с): «Міне, Алла тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.
Сопылық ағымның түркілік бағытының негізін салушы, ғұлама Қожа Ахмет Ясауи өзінің баға жетпес «Диуани хикмет» – «Ақыл кітабы» еңбегінде кісінің ақысын жемеуді, адал еңбек етуді қатты ескертіп тапсырып кеткен. Кімде-кім аянбай жұмыс жасап тер төксе, ол жанның бағы әйтеуір бірде болмаса, бірде жанады.
Бес күндік фәни өмірдің, қалай болғанда да, көзді ашып-жұмғаншазулап өте шығатыны белгілі. Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән береді. Мүмин қандай қиындық немесе кедергі болмасын, адал жолмен табыс табуға міндетті. Тауға барып тас уатса да, табысы адал болуы тиіс. Қажет болса, қолына күрегін алып, жұмыссыздар тұратын мекенге барып, жұмыс беретін бір кісі шықса, соның бақшасының топырағын тазалап, жолын жөндеп беріп, өз еңбегімен адал табыс табуға күш салуы керек. Қандай адам болмасын, Хақ тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз ету өте маңызды. Өз еңбегімен адал табыс тауып, осыдан күнкөрісін қамтамасыз етіп жүрген адам не жұмыс істесе де бұдан намыстанып, ұялмауы қажет. Базбіреулер кейбір жұмыстарды менсінбей, мұрнын шүйіріп қараса да, Алланың алдында адал жолмен тапқан табыстан артық абыройлы іс жоқ.