Төңкерген қазан тәрізді дөңгеленген қарны тұла бойындағы көрнекті жері. Бірақ жасы отызға толмаған жігіт өзінен алға озған қарнынан еш ыңғайсыздық сезбейтін сияқты, қашан көрсең де домалаңдап бір жаққа кетіп бара жатады, бір қарасаң жылтыраған бетінен өзіне де, өмірге де көңілі тоқтығы көрініп, ырза кейіпте қайтып келе жатады. Әбжілбек деп ат қойған атасы бірдеңе білген екен де, өзі шынымен де әбжіл, бар шаруасына үлгереді, әр нәрсенің ретін біледі, көпке жағады. Құрдас деген де бір ит қой, тілінің тікені бар Әкөштің жұдырықпен түйіп қалып: «Мынадай қарын тұрғанда беттің керегі де жоқ қой» деп қылжақтайтыны бар. Бірақ, бұның тек қарны емес, көрсетуге тұратын беті де, елге болсын дейтін ниеті де бар. Білетіндер жақсы жігіт деп баға береді. Миы да көп. Бала жасынан өзінен үлкен ұлдардан жұдырық жемей, қайта мәмілеге келіп, бір-біріне алара қарап жүрген сотқарларды татуластырғыш, сабақты қарық қылмаса да мұғалімдермен келісіп керекті бағасын қойдырып шығатын алымды еді, оқуын бітіргесін қызметін бір департаменттің жай маманы болып бастап, ретін тауып өсіп, әкімдікке келді. Бастықтарының ойындағысын тап басып, естігісі келген сөзін айта қойып, «тапсырмаға ықтиятты» көмекші болып шыға келген Әбжілбек өзінің миы тола идея екенін ерте байқатқан.
Соңғы кездері әкімдікте Әбжілбектің өзі сияқты ылдым-жылдым, ыңғай танығыш, шешім тапқыш жігіттер көбейген. Дегенмен, әзірге Әбжілбекке жеткендері жоқ. Бұл жолы күн тәртібінде «Наурызды жақсы етіп қалай ұйымдастырамыз?» деген мәселе тұр еді.
– Медаль үлестіреміз! – деді Әбжілбек керемет идея ұсынғандай маңғаз отырып.
– Наурызда ма? Желтоқсанда бермейміз бе? Бізде үкімет ол шаруаны желтоқсанда бастайды ғой.
– Біздің халыққа марапат көптік етпейді. Несі бар, желтоқсанда да береміз. Бірақ біз бәрінен ерте, наурыздан-ақ бастайық, елге жақсы көңіл-күй сыйлайық, бәрі де жақсылық емес пе!
Батыл пікір білдірген Әбжілбек мүдіретін емес.
– Ол қалай болар екен… әкімнің орынбасары иегін қасыды.
– Бас ауыртатын несі бар, Тағат Мағатович? Осы мерекені пайдаланып көп адамды, әсіресе, облыстың бетке ұстарларының бәрін ризаламаймыз ба? Сіздерді, тойыс… біздің әкімдікті сынап, қырын қарап жүргендердің тізімін жасап, соның ішінде өздерін қоғам белсенділері атап, «Әкім неге үйтпейді, неге бүйтпейді? Жол салам дегені қайда?» деп жүрген өкпелегіш қыңырларға да медаль бергізейік. Журналистер, операторлар, тамадаларға дейін медаль тағайық, аяймыз ба?
– Ммм… журналистерің түсінікті, ал тамадаларға не үшін?
– Ойбай ау, бұ қазақ аптаның төрт күнінде тойда жүреді емес пе, тойдағы сөз есте қалады, әкімнен медаль алған тамадалар басқа жақтан келген құдаларға біздің қаланы мақтаған кезде оның әкімін қоса мақтап жіберсе жаман ба? Оны пиар дейді!
Әкімнің орынбасары ойланып қалды. Жүзінен «осы баланың миы көп» деп сүйсінгені көрініп тұр.
Сөйтіп Әбжілбектің ақылымен үш жүз медаль дайын болды. Әккі Әбжілбек кейбір медальдің мемлекет бұрыннан бекіткен ресми атауына жақын болуына мән берді. Бірер сөзі болмаса мағынасы сол, мемлекеттікі ме, әкімдікі ме, айыра алмастай. Кейбір медаль әдемі естілетін атауға ие болды, «Ақылдың кені», «Дегдар», «Ғажайып тұлға», «Бекзат адам», «Қоғамның қайрат-күші» деп аталатын медальдар омырауларда жарқ-жұрқ етіп, көзді қарықтырып, күн нұрымен тайталасқа түсе жарқырайды. Оны кеудесіне таққан адамдар да мінберде салиқалы, төрде салтанатты көрінеді. Қоғамда өзгеріс жоқ дегенді айтып жүрген қайсысы? Кім болса да ештеңені көрмейтін, ештеңеге көңілі толмайтын жылаңқы біреу екен, әйтпесе, атасы темір демесең медаль да осы қоғамға әжептәуір серпіліс әкелетінін Әбжілбектің өзі байқаған. Кеудесі жылтырағандар әлеуметтік желіде басқалардың көзін қызартып: «Шүкір, халқым еңбегімді еледі!» деп, дәлел ретінде медальдің фотосуретін салды, ал өзін қанша лайық көрсе де еш марапат алмағандарының ішіндегі ызалы «мысығы» мияулап: «Медаль тағатындай оның қай еңбегі сіңіпті? Қоғам дамуына қанша терімізді төксек те отырмыз ғой, шынымен де әділет жоқ, басы аяғына кеткен дүние!» деп жабырқады. Медаль үлестіру операциясынан кейін «ой, біздің билікті қой» деп жүргендер: «жалпы алғанда билік те, әкім де жаман емес, тек өзіміз жұмыс істеуге мүмкіндік бермейміз ғой, шамалы шыдау дегенді білмейміз» дейтін болды.
«Тапсырыс беруші келісілген ақшасын уағында аударып, өзі тек сыңғырлатып шығарып отырса бұл өзі әжептәуір бизнес екен-ау», деген идеяның Әбжілбектің қазандай басына қонақтағаны сол еді, көп ұзамай іске кірісті. Медаль шығаратын қалыптарын түгендеп, алдын шығара бастағаны сол, тапсырыс жауды дейсің. Әбжілбек әкімдіктегі қызметін қойды (өйткені, туған мемлекетінің өз еркімен ешуақытта артық ештеңе бермейтінін ұққан).
Марапат алуға, медаль тағуға деген құштарлық осыншалық көп деп ойламаған, департаменттер өздерінен зейнетке шыққандар өкпелемей кетсін деп; бір үлкен мекеме үлкен жиналыста қызметкерлерге үлестіреміз деп; енді біреулері тойда құдаларды ризалаймыз деп тапсырысты үйді. Ең сапалы қатырмадан жасалып қатталған мақтау қағаздары да бума-бумасымен өтіп кетіп жатты. Мақтансүйгіш, атаққуғыш халықтың әзірге бұдан айығар түрі көрінбейтініне көзі жеткен сайын Әбжілбектің шабыты ашылып, идеядан идея туды. Сыңғыр-сыңғыр, шылдыр-шылдыр… Тойда қырық жылғы тарихты қозғап, өзінің әз-ғұмырынан өнегелі сыр шертіп, одан жас жұбайларға қырық минуттық ақыл айтып әрең тоқтайтындарға «Қара сөздің шебері», екі иығын жұлып жеп, ерсілене жерге аунай кетіп, жатып-тұрып “үндіше” билейтіндерге «Тойдың сәні», күйеу жігітті тізерлетіп қойып әке-шешесіне алғыс айтқызып, көңілін толқытып жылатып, ақыр аяғында елдің бәрінің көзіне жас алдыртатын тамадаларға «Талантты режиссер тамада» дейтін медаль жасатып еді, ойпырмай, әр тауардың иесі болады деген ып-ырас екен, лезде талап әкетті. Мектеп баласына «Елбасы медалі», «Министрлік медалі», «Әкімдік медалі», балабақшаның баласына арнап «Туа бітті дарын», «Ерек зерек» деген медаль ойлап тапты. Жаңа медаль ойлап тапқан сайын Әбжілбектің іші елжіреп, «шіркін ай, қазағыма болсыншы, тақсыншы» дейді. Іздесең әр адамның бір жақсы қасиеті бар емес пе, Әбжілбекке салса, еңбегі бар бүкіл адам риза болып жүрсе екен дейді. Қазақтың өмірі міндетті түрде ақша үнемдеп, басын аяғына тартып жеткізем деумен, діңкелеп несие төлеумен көңілсіз өтуі керек пе, ол да адам баласы, бірауық еленсін, марапат алсын, қуансын. Отырған жерінде мақтансын. Ертеңгі күні ұрпағы, үрім-бұтақ, зәузатына аты қалсын, «Атамыз сөйткен, бүйткен!» десін.
Әбжілбек енді қолөнершілерді шақырып, оларға да жұмыс тауып берді. «Аталарымыз батыр болған!», «Би атаның балаларымыз!», «Жетінші атам әруақты еді!» деген кестелі перделер төгіліп, шашақтары жер сызып, қабырғаны түгел алады. Енді әр үйдің төріне картина тәрізді кілемше тұтып қою сәнге айналды. Басында осынша көп кілемшені кім алады, босқа шығын киіп қаламыз ба деп уайым қылып еді, онысы бекер екен, «Аса текті әулетпіз!», «Ұлағаты өте мол отбасымыз!», «Ата-бабамыздан бермен қарай бай болып келе жатқан ақсүйек тұқымбыз!» деген жазулары көз жауын алатын әдемі фетра кілемшелерге тапсырыс берген адам қарасы көбейді. Әсіресе, бұрын пара алып не кісі өлтіріп отырып шыққандардан тапсырыс көп түсетінін көмекшісі айтты. Е-е, мейлі, Әбжілбекке бизнесі жүрсе болды ғой.
Бүгінде Әбжілбектің қарамағында біраз адам бар, жарнамашы, тапсырыс қабылдаушы, кеңесші, дизайнері, қалыптаушы, тасымалдаушы… әне, осы отырғанда қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр! Бәрі осы жұрт үшін!
Үш-төрт жігіт мықшыңдап үлкен терек тәрізді бірдеңені көлікке тиеп жатыр. Темірден қалыптап құйылған, ұшар басы алтын жалатылып, төмен жағы қымбат таспен бедерленген бәйтеректің басына ту іліп, оған рудың атын жазып, «Текті атаның ұрпағы» деген жазудың астына өзгеше мәнерленіп шежіре түсіпті. Әр атаның аты бір жапырақша, әр жапырақшасы күмістен құйылған. Тапсырысын алып кетуге келген клиенттер осынау құны жеті миллиондық «бәйтерекке» қарап тамсанады. Өзінің ата-тегін осылай алтындап-күмістеп жазып қою кез келген қазақтың арманы екенін Әбжілбек біледі. Білген сайын, қалтасына ақша түскен сайын идея іздейді. Пайда да есірткі сияқты бірдеңе ме, бір дәмін алдың бітті, қалған өміріңде соны қалап тұрасың. Әкесінің «балам, қызметке, ақшаға сеніп, ар-ожданнан аттама» дегені есіне түскенде күлкісі келеді, «сәбетский адамдар ғой, не біледі?» дейді ішінен біртүрлі мүсіркеп. Әбжілбектің ойынша, ар, ождан дегендер нақты нәрселер емес, ол деген қолыңмен ұстап қарай алмайтын, қалтаңа сала алмайтын абстаркт ұғым, ал ақшаны ұстауға, санауға, шотыңа салуға болады.
Ол бүгін де басына жаңа идея келіп, жұмысына асыққан. Әкімдіктен кеткелі қашан, бірақ, қоғам үшін еңбек сіңіріп жүрген, кәсіп ашып, жұртты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер ретінде шақырылғасын жиынға амалсыз келді. Жиында іші пысып отырып, кезінде осы жерде жас болып, жаңа идеялар айтып жүрген кезін есіне алды. Тың идеясымен алғаш көзге түскен кезін қалай ұмытсын! Ол кезде облысқа президент келеді деп әкім-қаралар әбігерге түсіп жатқан. «Көрсететін неміз бар? Елбасы риза болатындай бірдеңе көрсетуіміз керек» десіп, асып-сасып қапылып жатқанда, Әбжілбек:
– Кірпіш зауытының не сұйық май шығаратын цехтың ашылуы салтанатын ұйымдастырайық, – деп идея тастаған.
– Ойбау ау, шырақ, не айтып отырсың? Қайдағы кірпіш зауыты, қайдағы май шығаратын цехты айтасың, он екіде бір нұсқасы жоқ емес пе?
– Кірпіш зауыттың ашылу салтанатын өткізсек, президент жолдауында айтқан шағын өндірістердің жұмысын жолға қойып, тапсырмасын мүлтіксіз орындаған болмаймыз ба?
– Идеяң жалпы дұрыс қой, бірақ… әкімнің орынбасары күмілжіп қалды. Оның тіпті осынау салтанатты жағдайды көз алдына елестете де алмай тұрғаны көрініп тұр еді.
– Сасатын ештеңе жоқ, жаңа құралып, жұмысын бастаған өнеркәсіптің келбетін бере алсақ болды. Мақсат – елбасы саясаты жүзеге асып жатқанын көрсете білуде, – деп сөзін салмақтады Әбжілбек. – Оның аржағында «Зауыт күніне осынша кірпіш шығарады, алдағы жарты жылдықта «100 мектеп пен аурухананың» 99-ы осы біздің кірпіштен салынатыны жоспарланып, үшжақты келісімге қол қойылған» деп есебін қатырып бермейміз бе? Кіріссек, қатырамыз!
Жас кеңесшінің айтқанының жаны бар екен, тапсырма беріліп, ақша бөлініп еді, зауыт пен карьердің орны белгіленіп, жергілікті жердің балшығының сапалы деген сынамасы да дайын болып, зауыт болады деген жерге техникалар мен құралдар жеткізіліп, айналасы қараң-құраң жанға толып, әжептәуір жұмыс басталған. Не керек, айтулы күні көп адам жиналып, қызыл лента қиылып, шашу шашылып… Сол лентаны өз қолымен қиған Елбасы «1,5млрд. теңгелік инвестиция тартылған» зауытты ел экономикасын жақсартуға зор үлес қосатын жоба деп үміт етті. Елбасы сөйдеп еді, зауыттың болашағы туралы ағыл-тегіл көп сөздің аяғы «Осының бәрі сіздің арқаңыз, Елбасы!» дегенге жалғасты. «Жаңа өндіріс орнынан түсетін қосымша салық арқылы республика қазынасы да толығады, отандық өнім бәсекелестікті жолға қояды, үйтеді, бүйтеді» деп аспандата айтылған сөздер Астана күні мерекесіндегі әдемі салют секілді жарқ-жұрқ шашылды. Жарқыл-жұрқылдан көзін аша алмай қалған жұртшылық алақандары ысығанша дуылдата қол соқты. Бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірінен оза шауып, жаңа ашылған кірпіш зауыты туралы жазып, көрсетті. Теледидардан зауыт жұмысы қызып жатқан кадрды көргенде Әбжілбектің өзі таң-тамаша болып қайран қалып, журналистерге алғаш рет риза болған. «Шіркіндер оу, бұларға басын бастап берсең болды екен ғой, қалай қатырған! Мына кадрдағысы қай зауыттың ырғақты жұмысы екен? Мынадай жаңа замандық жабдықтың бізде суреті де болған емес, жарайсыңдар, ей!» – деп шын сүйсінген. Ол зауытты кейін «жұмысы қалай болып жатыр екен?» деген жан болмады, өйткені одан басқа да қауырт шаруа бастан асатын. Сол тұстағы әкім болса республика бойынша президент тапсырмасын мүлтіксіз орындаушы ретінде есте қалды. Артынша министр болып кетті. Ал зауыттың сол күні-ақ жұмысын тоқтатқанын білетін Әбжілбек «Онда не тұр?» деп иығын қиқаң еткізді де қойды. «Ашылды деген дабырасы басылған бойда жабылып қалған кәсіпорынның алды да, соңы да бұл емес, жылына 40 мың машина шығарады деп күмпілдетіп, алғашқы көлігін елбасыға сыйлап, сонымен тынған автозавод… 150 млн. доллар ақша жұмсалып, тұңғыш президенттің өзі лентасын қиып, ақыры жұмысы жүрмей қалған цинк заводы… оның қасында біздікін қойшы…».
Бүкіл елде лентасы қиылып, шашуы шашылып, жүрек соғысы бес тәуліктен аспаған қаншама кәсіпорын барын білетіндіктен де Әбжілбекті ары мазаламады. Жалғыз Әбжілбектің емес…
Әрнені бір ойлап уақыт өлтірсе де, жиналысы бар болғыр ұзаққа созылып зеріктіре бастады. Астанадан келген жалтыр маңдай министр: «Жастардың жарқын болашағы үшін!» дегенді осымен бесінші әлде алтыншы рет айтқанда жалығып кеткен біреуі арт жақта отырып:
– Болашақ неге міндетті түрде жарқын болуы керек? Жай ғана болашақ үшін десе болмай ма? – деп күңкілдеді.
«Билік халыққа тап бүгін, тап қазір ештеңе бере алмайтын болғасын ұялады-тағы, сосын соқыр уәде береді емес пе?» дегенді ішінен айтқан Әбжілбек асықпай есінеп алды да, атаққұмар, мақтаншақ жұрт үшін тағы не істесем екен? – дегенді ойлап кетті.
Жадыра ШАМҰРАТОВА